ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ — АШЫҚ ДИАЛОГ АЛАҢЫ

«AMANAT» партиясы Қаратау аудандық филиалының ғимаратында тұрғындармен тікелей байланыс орнатуға бағытталған кезекті қабылдау өтті. Бұл жолы қабылдауды Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Бағдатханұлы Қожықов жүргізді. Азаматтарды жеке қабылдаудың басты мақсаты – тұрғындардың көкейіндегі өзекті мәселелерді тыңдап, нақты шешу жолдарын қарастыру, сондай-ақ жергілікті билік пен халық арасындағы кері байланысты күшейту болды.

Кездесу барысында аудан тұрғындары өздерінің тұрмыс сапасына, инфрақұрылымның дамуына және қоғамдық қолайлылыққа қатысты бірқатар мәселелерін ортаға салды. Атап айтқанда, қоғамдық көлік бағытын көбейту, көше жарығын орнату және қолданыстағы жарық желілерін жаңарту, сондай-ақ көше тазалығын сақтау және қоқыс шығару жүйесін жақсарту мәселелері кеңінен талқыланды. Нұрбол Бағдатханұлы әрбір өтінішті мұқият тыңдап, тұрғындарға нақты түсіндірмелер беріп отырды. Әр мәселенің шешілу жолдары талқыланып, кейбір ұсыныстар сол сәтте-ақ тиісті құрылымдардың өкілдерімен байланыс арқылы шешімін тапты. Ал күрделірек сұрақтар бойынша өтініштер тіркеуге алынып, жауапты мекемелерге ресми түрде жолданды. Әкім орынбасары көтерілген мәселелердің барлығы бақылауға алынатынын және олардың орындалу барысы партия филиалымен бірлесе қадағаланатынын атап өтті. Мұндай кездесулердің тиімділігі – тұрғындар өз өтінішін тікелей билік өкіліне жеткізіп, нақты жауап ала алатынында. Бұл өз кезегінде халықтың жергілікті басқару органдарына деген сенімін арттырып, қоғамдағы өзара ашық диалог мәдениетін нығайтады. «AMANAT» партиясы ұйымдастырып отырған қоғамдық қабылдаулардың басты мақсаты да осы – азаматтардың мәселесін жергілікті деңгейде, уақыт оздырмай шешу.

Қаратау ауданы – Шымкент қаласының ең қарқынды дамып келе жатқан аумақтарының бірі. Соңғы жылдары мұнда жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым жүйелері кеңеюде. Алайда халық санының артуымен бірге тұрмыстық және коммуналдық сипаттағы мәселелер де көбейіп отыр. Сондықтан осындай ашық қабылдаулар тұрғындар үшін өзекті сұрақтарын жеткізудің тиімді алаңына айналып отыр. Кездесуде қоғамдық көлік бағыттары жайлы көтерілген мәселе ерекше назарда болды. Тұрғындар кейбір шағынаудандар мен жаңа тұрғын алаптардан қала орталығына қатынайтын автобустардың жетіспейтінін айтып өтті. Нұрбол Қожықов бұл мәселені қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірлесіп шешу үшін тиісті ұсыныстар жолданатынын айтты. Сонымен қатар, көше жарығы мәселесіне қатысты аудан әкімдігі тарапынан арнайы мониторинг жүргізіліп, ескі шамдарды ауыстыру мен жаңа жарық желілерін орнату жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асатыны хабарланды. Көше тазалығы мен абаттандыру мәселесі де тұрғындар тарапынан жиі көтерілді. Әкім орынбасары бұл бағытта жүйелі бақылау орнатылғанын және мердігер мекемелердің жұмысына қатаң талап қойылатынын айтты. Сондай-ақ тұрғындардың өз тарапынан да тазалықты сақтауға үлес қосуы маңызды екенін еске салды. Қабылдау соңында Нұрбол Бағдатханұлы азаматтарға алғыс айтып, мұндай кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілетінін жеткізді. Оның айтуынша, әрбір тұрғынның пікірі мен ұсынысы ауданның даму бағытын айқындауда үлкен рөл атқарады. Ал партия мен әкімдік бірлесе отырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды іске асыруды жалғастыра береді.