ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДА ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді диалог орнату — бүгінгі күннің ең өзекті міндеттерінің бірі. Әсіресе, тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту мен өмір сапасын арттыру бағытында жергілікті өкілдердің тікелей қатысуымен өтетін қоғамдық қабылдаулардың маңызы зор. Осындай форматтағы кездесулер халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың мәселелерін жедел шешуге бағытталған нақты қадам болып отыр.
Осы мақсатта «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, қалалық мәслихат депутаты Бақытжан Позилов азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен шағымдарын қарады. Қоғамдық қабылдау барысында депутат тұрғындардың тұрмыстық және әлеуметтік сипаттағы сұрақтарын мұқият тыңдап, әрбір мәселенің мән-жайына терең үңілді. Кездесу барысында көтерілген мәселелердің басым бөлігі халықтың әлеуметтік жағдайына, денсаулығына және тұрмыстық қажеттіліктеріне қатысты болды. Тұрғындар тарапынан денсаулық сақтау саласына қатысты өтініштер жиі айтылды. Әсіресе, кей азаматтар ем-дом алу мен медициналық көмекке қолжетімділік мәселесін көтеріп, тегін дәрі-дәрмек пен оңалту қызметтерін алуға көмек сұрады. Бұл бағыттағы өтініштер бойынша депутат тиісті медициналық ұйымдармен байланыс орнатып, кей жағдайларда азаматтарға жедел көмек көрсетілуін қамтамасыз етті. Мұндай нақты шешімдердің қабылдануы — партияның «халыққа жақын билік» қағидатын іс жүзінде жүзеге асырып отырғанының айғағы. Сондай-ақ қабылдау барысында әлеуметтік осал топтарға — көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар азаматтарға және зейнеткерлерге көмек көрсету мәселелері қаралды. Тұрғындар азық-түлікпен қамтамасыз ету, әлеуметтік жәрдем алу және коммуналдық төлемдерге қатысты қолдау көрсету туралы өтініштерін білдірді. Бақытжан Позилов бұл мәселелердің әрқайсысына бейжай қарамай, тиісті мемлекеттік органдар мен демеушілер арқылы қажетті қолдау көрсетілетінін айтты. Кейбір өтініштер қабылдау барысында-ақ шешімін тауып, көмек көрсету шаралары ұйымдастырылды.
Қаржылық тұрақтылықты арттыру және қоғамдағы қарыз мәселесін азайту да азаматтарды толғандырып отырған басты тақырыптардың бірі болды. Депутат бұл бағытта тұрғындарға қаржылық сауаттылықты арттырудың маңыздылығын түсіндіріп, қарызсыз қоғам қалыптастыру бойынша нақты ұсыныстарын айтты. Ол азаматтардың жеке мәселелерін шешуде тек материалдық емес, құқықтық қолдау да аса маңызды екенін атап өтті. Қоғамдық қабылдау барысында Бақытжан Позилов әрбір өтінішке жеке мән беріп, шешім қабылдауда заң шеңберінен шықпай әрекет етті. Кейбір мәселелер бойынша тұрғындарға нақты жауап берілсе, күрделі жағдайлар тиісті мекемелерге жолданды. Депутаттың айтуынша, басты мақсат — әр азаматтың үні естілуін қамтамасыз ету және олардың өтініштерін бюрократиялық кедергілерсіз қарау. Мұндай қабылдаулардың тиімділігі – олардың нақты нәтижесінде. Тұрғындардың өтініштері қағаз жүзінде қалмай, тиісті сала өкілдерімен бірлесіп қаралады. Бақытжан Позиловтың бастамасымен өткен бұл қабылдау соның айқын дәлелі болды. Кейбір азаматтарға қажетті көмек сол мезетте көрсетілді, ал ұзақ мерзімді шешім қажет ететін мәселелер бақылауға алынды.



