ХАЛЫҚПЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫС – БАСТЫ МАҚСАТ

Қазіргі таңда қоғам мен билік арасындағы ашық әрі сенімді диалог орнату – ел дамуының маңызды бағытының бірі. Бұл тұрғыда «AMANAT» партиясы жүзеге асырып келе жатқан «Құқықтық көмек» жобасы халықтың нақты мәселелерін шешуге және әлеуметтік әділдікті нығайтуға бағытталған тиімді бастамаға айналды. Аталған жоба шеңберінде партияның Шымкент қалалық филиалы Қаратау ауданында мобильді қоғамдық қабылдау өткізді.

Шараның басты мақсаты – тұрғындардың өтініштерін тікелей тыңдап, олардың әлеуметтік және құқықтық мәселелерін уақтылы шешу. Сонымен қатар, шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындарының партиямен байланысын арттырып, оларға мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіру де көшпелі қабылдаудың маңызды бөлігі болды. Мобильді қабылдауға Шымкент қалалық партия филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары, фракция жетекшісінің орынбасары Талғат Балтабаев, қалалық мәслихат депутаты Лазиз Сулайманов, аудан әкімінің орынбасары, тиісті басқарма өкілдері және Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжанат Баетова қатысты. Бұл – мәселені тек тыңдап қана қоймай, оны шешудің нақты жолдарын қарастыруға мүмкіндік беретін пәрменді формат екендігін көрсетеді. Қабылдау барысында тұрғындар әлеуметтік жағдай, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, тұрғын үймен қамту, жол және жарықтандыру, коммуналдық қызмет сапасы, сондай-ақ жұмыспен қамту сияқты өзекті мәселелерін ортаға салды. Әрбір азаматтың өтініші жеке қаралып, жауапты органдардың қатысуымен заң аясында түсіндірме берілді. Жедел шешім қабылдауды қажет ететін мәселелер сол жерде шешімін тапса, күрделі сипаттағы өтініштер бойынша тиісті басқармаларға нақты тапсырмалар жүктелді. Мәселен, тұрғындар тарапынан әлеуметтік қолдау мен инфрақұрылымдық жобаларды дамыту бағытында айтылған бірқатар өтініштер бойынша нақты шаралар қабылданды. Кейбір азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылданып, жол мен жарықтандыру мәселелері бойынша жауапты мекемелерге тапсырмалар берілді. Ал тұрғын үй және құжат рәсімдеу бағытындағы өтініштер бойынша кеңес беріліп, қажетті құжаттар тізімі мен рәсімдеу тәртібі түсіндірілді.

Партия өкілдерінің айтуынша, мобильді қоғамдық қабылдау форматы тұрғындармен кері байланыстың ең тиімді үлгісі болып отыр. Себебі шалғай елді мекендерде тұратын азаматтардың көпшілігі қала орталығына барып, өз мәселесін жеткізуге мүмкіндігі бола бермейді. Ал мұндай көшпелі қабылдаулар арқылы тұрғындар өз өтініштерін жергілікті жерден-ақ жеткізіп, жедел жауап ала алады. Шымкент қаласы бойынша биылғы жылдың басынан бері «Құқықтық көмек» жобасы аясында 23 мобильді қабылдау ұйымдастырылған. Соның нәтижесінде 450-ге жуық азаматтың өтініші қаралып, көпшілігінің мәселесі өз шешімін тапқан. Бұл көрсеткіш жобаның тиімділігін айқын дәлелдейді. Мобильді қабылдау тек әлеуметтік көмек көрсету алаңы емес, сонымен бірге халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мен мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етудің де маңызды тетігіне айналып отыр. Тұрғындар өз құқықтары мен мүмкіндіктерін біліп қана қоймай, қандай жағдайда қай мекемеге жүгіну керектігі туралы нақты ақпарат алды. Бұл – қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.