ӘРБІР ӨТІНІШ НАҚТЫ ІСПЕН ШЕШІМІН ТАБУДА

Қазіргі таңда қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және олардың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету. Осы бағытта еліміздегі жетекші саяси күш «AMANAT» партиясы жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Партияның басты мақсаты – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қана қоймай, әрбір көтерілген мәселені нақты шешіммен аяқтау. Шымкент қаласында өткен кезекті қабылдау осы ұстанымның айқын көрінісі болды.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында қалалық мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Байкен Аширбаев азаматтарды жеке қабылдады. Бұл кездесудің басты мақсаты – тұрғындардың өтініштерін тыңдап, оларға заң шеңберінде кеңес беру және өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын анықтау болды. Қабылдау барысында азаматтар тарапынан әлеуметтік көмек, тұрмыс жағдайы және құқықтық сипаттағы мәселелер көтерілді. Әсіресе, халықтың күнделікті өміріне әсер ететін әлеуметтік қолдау мен құқықтық қауіпсіздік мәселелері жиі айтылды. Әрбір азаматтың өтініші мұқият тыңдалып, заң талаптарына сәйкес түсіндірме берілді. Партияның мұндай қабылдауларында ең бастысы – тұрғынның проблемасын түсініп, нақты шешім табуға бағытталған қолдау көрсету. Қабылдауға келген зейнеткер Раушан Жұмабекқызы өз өтінішінде банкке қатысты күрделі жағдай туралы баяндады. Тыңдау барысында мәселе қарапайым техникалық немесе ұйымдастырушылық сипатта емес, алаяқтардың заңсыз әрекетімен байланысты екені анықталды. Бұл оқиға соңғы жылдары жиілеген киберқылмыс пен қаржылық алаяқтықтың қоғамға төндіріп отырған қауіпін айқын көрсетеді. Мұндай жағдайда құқықтық сауаттылық пен азаматтардың өз құқықтарын қорғау механизмдерін білуі аса маңызды. Депутат Байкен Аширбаев мәселенің мән-жайын анықтағаннан кейін зейнеткерге заңгердің көмегін ұйымдастырып, полицияға арыз беру тәртібі мен заң шеңберінде әрекет ету жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар, зейнеткерге алаяқтық әрекеттерден қорғану, жеке деректерді қорғау және банк операцияларында қауіпсіздік сақтау бойынша нақты нұсқаулықтар берілді. Мұндай практикалық көмек азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және болашақта осындай жағдайлардың алдын алуға септігін тигізеді.
Кездесу соңында Раушан Жұмабекқызы партия мен депутаттың назар аударып, шынайы қолдау көрсеткеніне ризашылығын білдірді. Ол өз сөзінде: «Осындай қабылдаулар біз сияқты мұқтаж жандар үшін үлкен демеу. Байкен Аширбаев мырза біздің жағдайымызды түсініп, шын ниетпен көмек көрсетті. Партия мүшелерінің осылай халыққа жақын болғаны қуантады», – деді. Бұл пікір тұрғындардың «AMANAT» партиясына деген сенімінің жоғары екенін және партияның нақты істерімен халықтың қолдауына ие болып отырғанын дәлелдейді.


