№59 МЕКТЕПТЕ ОҚУ ЖЕТІСТІКТЕРІ МЕН ТӘРБИЕ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №59 жалпы орта мектебінде 2025-2026 оқу жылының І тоқсанының қорытындысына арналған педагогикалық кеңес өтті. Кеңеске мектеп әкімшілігі, пән мұғалімдері, сынып жетекшілері және мектеп кітапханашылары қатысты. Жиынның басты мақсаты – тоқсан қорытындысын шығарып, оқу-тәрбие процесінің тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа міндеттерді айқындау болды.

Педагогикалық кеңесте бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Ең алдымен алдыңғы педагогикалық кеңес шешімдерінің орындалу барысы талқыланып, атқарылған жұмыстарға баға берілді. Сондай-ақ І тоқсандағы оқу үлгерімі мен оқушылар қозғалысы, білім сапасы егжей-тегжейлі сараланды. 9 және 11-сынып оқушылары арасынан «Алтын белгі» мен «Үздік аттестатқа» үміткерлер анықталып, олардың жетістіктері мен алдағы мақсаттары сөз болды. Кеңесте ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс жүргізу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Мұғалімдер инклюзивті орта қалыптастыру, үйден оқытылатын оқушыларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды талқылады. Бұл бағыттағы негізгі міндет – әрбір оқушыға жеке тәсіл қолданып, оның білім алу құқығын толық қамтамасыз ету. Сонымен қатар мектеп кітапханасының жылдық жоспары мен қордың толықтырылуы қаралып, оқушыларды кітап оқуға баулудың маңызы сөз болды. Kundelik.kz электрондық жүйесінде сабақтардың уақтылы және сапалы толтырылуы да назардан тыс қалмады. Мұғалімдер сабақ үрдісінде жасанды интеллектті (ЖИ) тиімді қолданудың жолдарын талқылап, оның оқыту сапасына оң әсерін атап өтті. Бастауыш деңгейдегі МАД тобының оқу жоспары мен «Балақай мектебі» жобасының нәтижелілігі туралы да есеп берілді. Бұл жоба арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың бейімделу дағдылары мен алғашқы оқу қызығушылығын дамыту көзделуде.

Кеңестің маңызды бөлімдерінің бірі – «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының орындалу барысы болды. Бағдарлама аясында мектепте оқушылардың рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және сынып сағаттары арқылы азаматтық ұстанымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мұғалімдер балалардың бойына адалдық, еңбексүйгіштік, жауапкершілік сияқты қасиеттерді сіңірудің маңызын ерекше атап өтті. Кеңес соңында мұғалімдер оқу жетістіктерін бағалау нәтижелері бойынша БЖБ мен ТЖБ қорытындыларын талдап, білім сапасын арттырудың тиімді әдістерін ұсынды. Алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер белгіленіп, оқу мен тәрбие жұмыстарының өзара байланысын күшейту қажеттілігі айтылды. №59 мектеп ұжымы «Адал азамат» бағдарламасын білім беру жүйесінің өзегіне айналдыруды көздеп отыр. Себебі сапалы білім мен саналы тәрбие – болашақ ұрпақтың тұлғалық дамуының негізі. Мұндай кездесулер ұстаздарға тәжірибе алмасуға, оқу процесін жетілдіруге және оқушылардың жан-жақты дамуына жол ашады.