АЗАМАТТАРДЫҢ ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ҚАТЫСТЫ ӨТІНІШТЕРІ ТЫҢДАЛДЫ

Соңғы уақытта әлеуметтік әділдік пен азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру – еліміздің саяси күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі болып отыр. Осы тұрғыда «AMANAT» партиясы қоғам мен билік арасындағы сенімді көпір рөлін атқарып келеді. Партияның Шымкент қалалық филиалы жүзеге асырып отырған «Құқықтық көмек» жобасы – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың жарқын көрінісі. Жоба аясында тұрғындардың құқықтық сауатын арттырумен қатар, олардың нақты өмірлік проблемаларына шешім табу тетіктері де қарастырылуда.

Жуырда өткен қабылдауда қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Көпжан Төлебаев азаматтардың тұрғын үй алу, кезек жылжуы және әлеуметтік осал топтардың баспана мәселелерін талқылады. Бұл қабылдау – партия бастамаларының іс жүзінде қалай жүзеге асып жатқанын көрсететін нақты мысал. Мұнда тек өтініш қабылдап қана қоймай, әрбір мәселе заң шеңберінде қаралып, тұрғындарға жан-жақты түсіндірме берілді. Мәселен, Нилюфар Утепова есімді жалғызбасты ана өз баспанасына қол жеткізу жолындағы ұзақ жылдар бойғы мәселесін көтерді. Ол 2015 жылдан бері толық емес отбасы ретінде тұрғын үй кезегінде тұрғанымен, түрлі себептермен оның өтініші кейінге қалып келген. Бұл жолы қабылдау барысында оның өтінісі оң шешімін тауып, азаматша нақты қолдау алды. Мұндай мысалдар әлеуметтік әділдіктің орнауына, азаматтардың билікке деген сенімінің артуына ықпал етеді. Сонымен қатар қабылдау кезінде зейнеткерлер, көпбалалы және толық емес отбасылар да өз сұрақтарын қойып, баспананың тек заңда белгіленген кезек ретімен берілетіні түсіндірілді. Бұл – жүйенің ашықтығын қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Кейбір тұрғындарға өтінім рәсімдеу барысында жиі кездесетін қателіктер туралы кеңес беріліп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұндай түсіндіру шаралары азаматтардың өз құқықтарын дұрыс пайдалануына мүмкіндік береді, әрі бюрократиялық тосқауылдарды азайтады. «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері бүгінде қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді алаңына айналып отыр. Мұнда мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы ашық диалог қалыптасқан. Бұл қабылдаулардың басты мақсаты – тұрғындардың өтініштерін тек тыңдап қана қоймай, нақты шешімін табуға ықпал ету. Әсіресе, әлеуметтік әлсіз топтарға бағытталған мұндай шаралар қоғамда теңдік пен әділдік қағидаттарын нығайтады. Партияның жүйелі жұмысы тек жеке мәселелермен шектелмейді. Мұндай қабылдаулардың нәтижесінде жиналған ұсыныстар мен проблемалар кейіннен қала деңгейінде немесе ұлттық саясат аясында қаралып, жаңа бастамалардың негізін қалайды. Бұл – партияның қоғаммен кері байланыс орнатудағы тиімді тетігі.

Алдағы уақытта да «AMANAT» партиясы азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған осындай кездесулер мен жобаларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде халықтың саяси институттарға деген сенімін нығайтып, азаматтық белсенділікті арттыруға сеп болады. Қорытындылай айтқанда, Шымкенттегі қабылдау – партия қызметінің нақты нәтижесін көрсететін мысал ғана емес, елдің әр өңірінде әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етудің үлгісіне айналуда.