ҰЛАҒАТ ТҰРҒЫНДАРЫ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Қанатбек Досалиев Ұлағат мөлтек ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу жергілікті халықтың өтініші бойынша ұйымдастырылып, онда қала өміріне қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Шараға Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек және қалалық жол мен энергетика басқармаларының жауапты қызметкерлері қатысты.

Тұрғындармен өткен ашық диалог барысында көпшілікті толғандырып жүрген негізгі мәселелер — газ жүйесін жетілдіру, жолдардың сапасы, кәріз жүйесін орнату және балалар ойын алаңдарын көбейту тақырыптары көтерілді. Әсіресе, Ұлағат тұрғын алабының кейбір көшелерінде инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, көше жарығы мен кәріз желісінің болмауы күнделікті тұрмысқа едәуір қиындық тудырып отырғаны айтылды. Депутат Қанатбек Досалиев кездесуде тұрғындардың әрбір сауалы мен ұсынысын мұқият тыңдап, олардың шешімін табу жолдарын нақты талқылады. Ол азаматтардың көтерген мәселелері назардан тыс қалмайтынын және тиісті мекемелермен бірлесе отырып, кезең-кезеңімен шешім қабылданатынын айтты. Еңбекші ауданының әкімі Досберген Есілбек те өз кезегінде аудан аумағында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат беріп, алдағы уақытта газ тарту, жол жөндеу және кәріз жүйесін жүргізу бойынша жоспарланған жобалар туралы баяндады. Оның айтуынша, кейбір көшелерге газ жүйесін тарту жұмыстары алдағы жылы басталып, басқа да инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Кездесуде тұрғындар балалар ойын алаңдарының тапшылығын ерекше атап өтті. Бұл мәселе бойынша депутат Қанатбек Досалиев тиісті басқармалармен бірлесіп, жаңа ойын алаңдарын орнату мүмкіндігін қарастыратынын айтты. Ол балалардың бос уақытын тиімді өткізуі мен қауіпсіз ортада ойнауы үшін мұндай нысандардың маңыздылығына тоқталды.

Кездесу соңында аудан басшылығы мен жауапты мамандар тұрғындарға көтерілген барлық мәселелер бойынша нақты шаралар қабылданатынын жеткізді. Сонымен қатар, атқарылатын жұмыстардың барысы кезең-кезеңімен қадағаланып, ашық түрде баяндалып отыратыны айтылды. Депутат Қанатбек Досалиев Ұлағат тұрғын алабындағы мәселелерді өзінің жеке бақылауында ұстайтынын атап өтті. Ол тұрғындармен осындай кездесулердің алдағы уақытта да жалғасатынын, басты мақсат – халықтың тұрмыс сапасын арттырып, қаланың әрбір ауданында қолайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету екенін жеткізді. Мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, жергілікті деңгейде өзекті мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік береді. Ұлағат тұрғындары өз кезегінде кездесудің ашық форматта өткеніне ризашылықтарын білдіріп, айтылған уәделердің жүзеге асуына сенім артты.