ӘЛЕМДІК ТОҚЫМА АЛПАУЫТЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯСЫ ТАРТЫЛУДА

Мақта – тек ауыл шаруашылығы өнімі ғана емес, Түркістан облысының экономикалық дамуының қозғаушы күшіне айналып келеді. Соңғы жылдары өңірде мақта шаруашылығын дамыту мен оны терең өңдеу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Енді Түркістан облысы халықаралық деңгейдегі тағы бір ірі инвестициялық жобаны іске асыруға дайын. Бұл жолы әлемге танымал Texhong Group компаниясы өңірге келіп, өңдеу өнеркәсібіне серпін беретін жаңа кезеңнің бастауына айналмақ.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Texhong Group компаниясының басшылары арасында өткен келіссөздерде мақта кластерін дамыту, заманауи өндіріс орындарын салу және дайын өнім өндіру ісін жолға қою мәселелері талқыланды. Кездесу барысында тараптар өңірде жылына 300 мың тонна мақта өңдейтін бірнеше зауыт салу туралы келісімге келді. Бұл жобаның басты мақсаты – шикізатты арзан бағамен сыртқа шығармай, өзімізде мата мен дайын киім өндірісін жолға қою. Облыс әкімі өз сөзінде мақта шаруашылығы Түркістан экономикасының маңызды саласы екенін және оны терең өңдеу арқылы өңірдің индустриялық дамуына серпін беруге болатынын атап өтті. «Бізге тек мақта егіп, өнім жинау жеткіліксіз. Ең бастысы – сол өнімді өзімізде өңдеп, дайын тауар түрінде әлемдік нарыққа шығару. Бұл – өңіріміздің экономикалық тәуелсіздігін арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға, қосымша табыс көздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Texhong Group секілді әлемдік деңгейдегі серіктеспен әріптестік орнату – біздің стратегиялық таңдауымыз. Облыс әкімдігі тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Түркістанда инфрақұрылымы толық дайын индустриялық аймақтар бар, инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған. Мақта – біз үшін тек ауыл шаруашылығы өнімі емес, жаңа индустриялық серпілістің бастауы» деді Нұралхан Көшеров.

Texhong Group – тоқыма өндірісі саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Компания жыл сайын 900 мың тоннадан астам мақта өңдеп, Қытай, Вьетнам, Түркия, Мексика және Никарагуа елдерінде өндіріс орындарын табысты басқарып келеді. Сондай-ақ компания индустриялық парктер құрумен және күн энергиясы негізінде энергия өндірумен айналысады. Бұл – олардың экологиялық таза әрі тұрақты өндіріс жүргізу тәжірибесін көрсетеді. Texhong Group өндіріс барысында энергия көздерін тиімді пайдаланумен ерекшеленеді. Кәсіпорын өз энергиясын күн мен газдан өндіреді, қажет болған жағдайда қосымша қуат көздерін іске қосады. Осылайша өндіріс толығымен өз энергиясымен қамтамасыз етіліп, экологиялық жүктемені азайтады. Түркістан облысында мақта өсіру дәстүрі ғасырлардан жалғасып келеді. Бүгінде аймақта жыл сайын 150 мың гектар жерге мақта егіліп, шамамен 270 мың тонна өнім алынады. Облыстағы 25 мақта өңдеу зауыты ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етіп отыр. Алайда негізгі мақсат – бұл бағыттағы өндірісті тереңдету, яғни шикізатты емес, дайын өнімді экспорттау. Осы орайда 2027 жылға дейін өңірде 5 тоқыма кластерін іске қосу жоспарланған.

Биылдың өзінде облыста мақта алқабы 38 мың гектарға артып, жалпы 144,5 мың гектарға жетті. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Биыл 470 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналады деп күтілуде. Соның ішінде 50 мың гектар алқапта заманауи су үнемдеу технологиялары қолданылуда. Мұндай тәсілдер өнім сапасын арттырып, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Түркістан облысы бүгінде инвесторлар үшін ең қолайлы аймақтардың бірі саналады. Мұнда 20 индустриялық аймақ пен дайын өндірістік парктер жұмыс істейді. Барлық инфрақұрылым – электр желісі, су, газ және көлік қатынасы – толық тартылған. Бұл факторлар өңірді халықаралық инвесторлар үшін ерекше тартымды етеді. Texhong Group-тың Түркістанға келуі – өңірдің экономикалық даму тарихындағы маңызды кезең болмақ. Бұл тек қаржы құю емес, сонымен қатар технология мен инновацияның келуі. Компания өңірде тұрақты жұмыс орындарын ашып қана қоймай, жаңа өндірістік мәдениетті қалыптастырады. Экологиялық таза өндіріс стандарттарын енгізіп, жергілікті кадрларды кәсіби тұрғыда оқытуға үлес қосады. Бұл серіктестік Түркістан облысының экономикалық құрылымын түбегейлі өзгертеді. Бұрын тек ауыл шаруашылығы саласымен шектеліп келген өңір енді жеңіл өнеркәсіптің орталығына айналмақ. Мақтадан иірім жіп, одан мата, ал соңында дайын киім тігу – толық өндірістік тізбекті қалыптастырады. Мұндай жүйе Түркістан облысын тек Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда да тоқыма өндірісінің хабына айналдыруға мүмкіндік береді. Мақта шаруашылығын қайта өңдеу және дайын өнімге айналдыру арқылы облыс экспорттық әлеуетін арттырып, жаңа нарықтарға жол ашады.