ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛДАУҒА 48,5 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және шаруаларды қолдауға мемлекет тарапынан 48,5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Оның ішінде 43,3 млрд теңге облыстық бюджеттен, ал 5,2 млрд теңге үкіметтік резервтен бағытталған. Бұл – өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін қолдау және ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты дамыту жолындағы маңызды қаржылық тетік болып отыр.

Облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте осы бағыттағы жұмыстардың барысы мен нәтижелері жан-жақты талқыланды. Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров ауыл шаруашылығы саласына бөлінген субсидиялар мен жеңілдіктердің басты мақсаты – шаруалардың жағдайын жақсарту ғана емес, сонымен қатар өңірдің өзіндік кірісін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Әкім жауапты басқарма басшыларына және аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың мәліметінше, «Басым дақылдардың өндірісін субсидиялау» бағдарламасы аясында биыл 4,4 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражаттың бір бөлігі жылыжай шаруашылықтарын қолдауға бағытталды. Соның нәтижесінде соңғы екі жылда облыстағы жылыжай өнімдерінің бағасы маусымаралық кезеңде тұрақтанды. 2023 жылы жылыжайлардан 78 мың тонна өнім жиналған болса, биыл бұл көрсеткіш 101,5 мың тоннаға жетіп, 1,3 есеге артты. Бұл жетістік – мемлекет тарапынан көрсетілген нақты қолдаудың және шаруалардың еңбегінің жемісі. Түркістан облысы жылыжай өндірісі бойынша республикада жетекші орындардың бірін иеленіп отыр. Мұндай өсім облыстың аграрлық секторының әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Ауыл шаруашылығы саласының дамуында минералды тыңайтқыштарды пайдалану да маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024–2028 жылдарға арналған арнайы жол картасын әзірлеген. Осы құжатқа сәйкес, 2025 жылы Түркістан облысына 189,8 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу міндеті қойылған. Бұл мақсатқа биыл облыстық бюджеттен 12,2 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде жоспар толық орындалды. Тіпті белгіленген межеден асып, егіс алқаптарына 206 мың тонна тыңайтқыш енгізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артық көрсеткіш. Тыңайтқыш көлемінің артуы өнім сапасы мен өнімділіктің өсуіне тікелей ықпал етіп отыр.

Түркістан облысы еліміздің аграрлық картасында мал шаруашылығымен де ерекшеленеді. Республика бойынша ірі қара малдың 13 пайызы (1 143,6 мың бас), ұсақ малдың 22 пайызы (4 947,6 мың бас), жылқының 11 пайызы (495,8 мың бас) және түйенің 14 пайызы (43,2 мың бас) осы өңірдің үлесінде. Бұл – облыстың ауыл шаруашылығы әлеуетінің айқын дәлелі. Жыл басынан бері облыс шаруалары 123 мың тонна ет, 367 мың тонна сүт және 177 миллион дана жұмыртқа өндірген. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан 25 түрлі бағытта субсидия мен қолдау көрсетілуде. Әсіресе соңғы жылдары асыл тұқымды мал басын көбейтуге ерекше көңіл бөлініп келеді. 2024 жылдан бастап бағдарлама аясында асыл тұқымды аналық мал бастарын сатып алуға басымдық берілді. Мұндай жүйелі қолдаудың нәтижесінде өңірдегі асыл тұқымды мал саны айтарлықтай артқан. 2023 жылмен салыстырғанда асыл тұқымды ірі қара 117 пайызға, ұсақ мал 3,9 есеге, ал жылқы 101,2 пайызға көбейген. Бұл көрсеткіштер ауыл шаруашылығы саласында жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін дәлелдейді. Сонымен қатар қайта өңдеу кәсіпорындарының шығындарын субсидиялау бағдарламасы да оң нәтижесін беріп отыр. 2023 жылы бұл бағытқа 1,3 млрд теңге, 2024 жылы – 1,85 млрд теңге, ал 2025 жылы – 1 млрд теңге бөлінді. Бағдарлама облыстағы қайта өңдеу саласын дамытуға, яғни ет, сүт және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін ұлғайтуға айтарлықтай серпін берді. Бұл өз кезегінде өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, өнімдердің өзіндік құнын төмендетуге ықпал етті. Облыс әкімдігі мен ауыл шаруашылығы басқармасы ауыл еңбеккерлерін қолдау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр. Алдағы кезеңде заманауи технологияларды енгізу, егіс алқаптарын цифрландыру, су үнемдеу жүйелерін жетілдіру және ауыл шаруашылығында қайта өңдеу үлесін арттыру бағыттары басымдыққа ие болмақ. Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысының экономикасын дамытатын басты драйверлердің бірі. Мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы жылдары өңірде ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі тұрақты өсіп келеді. Бұл ретте шаруалардың еңбегі мен мемлекет тарапынан жасалып жатқан нақты қолдау шараларының үйлесімі шешуші рөл атқаруда.