ОҚУШЫЛАР НАЗАРЫНА БІРНЕШЕ ФИЛЬМ ҰСЫНЫЛДЫ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты С. Бекбосынов атындағы №70 жалпы орта білім беретін мектебінде 2025-2026 оқу жылына арналған тәрбие жұмысы жоспарына сәйкес, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында маңызды мәдени-білім беру шарасы ұйымдастырылды. Күзгі демалыс кезінде 8-10 сынып оқушыларының бос уақытын тиімді өткізу және олардың тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында «Байқоңыр», «Батыры Великой Отечественной Р. Қошқарбаев», «Қазақ елі» фильмдері көрсетілді.
Бұл іс-шараның басты ерекшелігі — кино арқылы жастарға ұлттық құндылықтарды, отансүйгіштік сезімді және тарихи сананы сіңіру болды. Әр фильмнің өзегінде адалдық, ерлік, еңбекқорлық пен елге деген сүйіспеншілік идеясы жатыр. Оқушылар бұл фильмдерді тамашалау барысында өз елінің тарихы мен тұлғалары жайлы жаңа ақпарат алып, терең ой түйді. Көрсетілген алғашқы фильм — «Байқоңыр». Бұл туындыда Қазақстанның әлемдік ғарыш кеңістігіндегі орнын айқындайтын оқиғалар мен тұлғалар бейнеленген. Фильм арқылы оқушылар еліміздің ғылыми және технологиялық жетістіктерімен танысып қана қоймай, еңбекқор ғалымдар мен инженерлердің табандылығының арқасында жеткен жетістіктерге куә болды. Кино соңында балалармен пікірталас ұйымдастырылып, олардың ғарыш саласына деген қызығушылықтары мен армандары жайында әңгіме өрбіді. Келесі көрсетілген фильм – Ұлы Отан соғысының даңқты батыры Рақымжан Қошқарбаев туралы «Батыры Великой Отечественной Р. Қошқарбаев» туындысы болды. Бұл фильм жас буынға батырлық пен ерліктің шынайы үлгісін көрсетті. Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен сәті – ел тарихындағы ерліктің ең жарқын беттерінің бірі екені белгілі. Көрсетілім барысында оқушылар ел азаттығы жолында жанын қиған батырлардың рухына тағзым етті, олардың қайсарлығынан үлгі алды. Мұндай туындылар жас ұрпақтың бойында елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін оятады. Сонымен қатар, «Қазақ елі» фильмі тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен ел бірлігінің, ұлт рухының маңызын көрсетті. Кино арқылы оқушылар Қазақ хандығының құрылуы, елдің тәуелсіздікке жету жолындағы күресі және қазақ халқының бірлік пен әділдікке негізделген өмір салты туралы кең мағлұмат алды. Фильмдегі кейіпкерлердің ел тағдырына деген адалдығы мен ерлігі – «Адал азамат» бағдарламасының басты идеяларымен үндесіп, жасөспірімдерге үлгі боларлық өнеге берді.
Фильмдер көрсетілімі тек демалысты тиімді өткізу шарасы ғана емес, сонымен қатар тәрбиелік мәні зор рухани сабақ болды. Әр фильмнен кейін оқушылармен ойталқы ұйымдастырылып, олардың алған әсерлері мен түйген ойлары талқыланды. Көптеген оқушылар өз пікірлерін білдіріп, «осындай тұлғалар сияқты елге пайдалы азамат болу – біздің парызымыз» деген ойларын ортаға салды. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – жас ұрпақтың бойында адалдық, әділдік, еңбекқорлық және отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған кешенді жоба. Осы бағыттағы іс-шаралар оқушылардың дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық сана мен рухани байлықты нығайтуға септігін тигізеді. Мектеп әкімшілігі мен ұстаздар қауымы мұндай мәдени-ағартушылық бастамалардың тәрбиелік маңызы зор екенін атап өтті. Олар жас буынның бос уақытын пайдалы әрі мазмұнды өткізу – тұлғаның рухани жетілуінің бір бөлігі екенін ерекше айтты. С. Бекбосынов атындағы №70 мектеп ұжымы оқушылардың интеллектуалдық және рухани дамуына бағытталған осындай игі істерді алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр. Өйткені адалдық пен еңбексүйгіштікке, елге деген сүйіспеншілікке баулу – болашақтың берік іргетасы.



