МЕДИАЦИЯ – ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ

Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Елдесу және татуласу» жобасы аясында «Медиация – татулық тірегі» атты форум өз жұмысын бастады. Екі күнге жоспарланған бұл іс-шара қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайту, медиаторлардың тәжірибесін жетілдіру және этномедиация институтының әлеуетін арттыруға бағытталған.

Форумның негізгі мақсаты – дау-дамайларды шешудің өркениетті тетіктерін дамыту, медиация арқылы қоғамдағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайту. Іс-шара барысында қатысушылар тәжірибелік кейстермен бөлісіп, түрлі салаларда медиация тәсілдерін қолдану мүмкіндіктерін талқылады. Жиынға қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшылығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, құқық қорғау органдары мен әділет департаментінің өкілдері, кәсіби медиаторлар, мектеп психологтары және этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты. Бұл өзара тәжірибе алмасуға және медиация институтының қоғамдағы маңызын айқындауға мүмкіндік берді. Форумның ашылуында қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Заңғар Үсіпахметов сөз сөйлеп, іс-шараның өзектілігіне тоқталды. Ол этномедиацияның қоғамдағы татулықты сақтаудағы ерекше рөлін атап өтіп, медиация мәдениетін дамыту – азаматтық қоғамды жетілдірудің маңызды тетігі екенін айтты. «Өркениетті қоғамның басты белгісі – заңның үстемдігі мен құқықтың салтанат құруы. Медиация – тараптарды ортақ келісімге келтіріп, өнбес даудың өршуіне жол бермейді. Мемлекет басшысы этномедиацияның дамуын Қазақстан халқы Ассамблеясына сеніп тапсыруы – уақыт талабынан туындаған шешім. Бұл – еліміздегі этносаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетігі» деді Заңғар Нышанбекұлы өз сөзінде.

Форумның алғашқы күні Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Абай облысы бойынша филиалының директоры, кәсіби медиатор Әсет Абжақов қатысушыларға мазмұнды дәріс оқыды. Ол медиацияның заманауи бағыттары мен этномедиация тәжірибесін кеңінен таныстырып, нақты мысалдар келтірді. Сонымен қатар, Академияның тағы бір өкілі, кәсіби медиатор Гүлжан Қожахметова қатысушыларға дау-жанжалды шешудің тиімді модельдері мен медиатордың кәсіби этикасына арналған тәжірибелік сабақ өткізді. Спикерлердің айтуынша, этномедиация – этностар арасындағы қарым-қатынасты нығайтудың, әлеуметтік бейбітшілікті сақтаудың маңызды құралы. Әсіресе, қазіргі қоғамда тұрмыстық, еңбек және азаматтық дауларды сотқа жеткізбей шешу – уақыт пен ресурсты үнемдеп қана қоймай, өзара құрмет пен түсіністікті қалыптастырады. Форумның екінші күні, яғни 22 қазанда, Ж.Тәшенов университетінің «М.Байғұт атындағы студенттер үйі» ғимаратында жалғасады. Бағдарлама аясында кәсіби медиаторлар этномедиацияны дамытуға арналған тақырыптарда дәрістер өткізіп, қатысушылармен тәжірибе алмасады. Сондай-ақ нақты жағдайлар бойынша симуляциялық жаттығулар ұйымдастырылып, дау шешудің жаңа тәсілдері қарастырылады. Іс-шара соңында белсенді қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, медиация институтын дамыту бағытындағы бірлескен ұсыныстар қабылданады деп жоспарланған. «Медиация – татулық тірегі» форумы қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің берік негізін қалауға, кәсіби медиаторлардың әлеуетін арттыруға және этносаралық бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды бастама болып отыр. Мұндай жобалар елдегі қоғамдық тұрақтылықты сақтауға, өзара сыйластық пен түсіністік мәдениетін орнықтыруға зор үлес қосады.