«САМҒАУ» ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНДА БІР ЖЫЛДА 1200-ГЕ ЖУЫҚ МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Түркістан облысында инклюзивті қоғам қалыптастыру және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау бағытында маңызды істер жүзеге асып келеді. Соның айқын бір көрінісі – Сауран ауданының Оранғай ауылында орналасқан «Самғау» оңалту орталығының табысты қызметі. Биыл бұл мекеменің құрылғанына бір жыл толып отыр. Осыған орай, орталық ұжымы мен әлеуметтік сала мамандары «Өмірді сүйген жүректер» атты салтанатты іс-шара өткізіп, атқарылған жұмыстар мен жетістіктерді көпшілік назарына ұсынды.

Іс-шара Республика күні қарсаңында ұйымдастырылып, оның мазмұны ерекше мәнге ие болды. Өйткені Тәуелсіздік мерекесімен астасқан бұл күн елдегі әлеуметтік саясаттың басты мақсаты – әр азаматтың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау идеясын айшықтады. Салтанатты жиынға Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Байғұтов, облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаева, Сауран аудандық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері, әлеуметтік сала мамандары мен БАҚ өкілдері қатысты. Олар «Самғау» орталығының жұмысымен танысып, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсартуға бағытталған жобалар мен бастамаларға жоғары баға берді. Шараның ресми бөлімінде мекеме директоры Гүлнұр Сауртаева орталықтың бір жылдық жұмыс қорытындысын баяндады. Оның айтуынша, «Самғау» оңалту орталығының басты мақсаты – мүгедектігі бар азаматтарға арнаулы әлеуметтік және медициналық қызметтер көрсетіп, олардың қоғаммен байланысын нығайту, өмір сапасын арттыру және өзіне деген сенімін қалыптастыру. Бір жылдың ішінде орталықта 160 маман жұмыс істеп, 1200-ге жуық қызмет алушыға кешенді оңалту бағдарламалары көрсетілген. Бұл – өңір үшін үлкен жетістік. Қызмет алушылар медициналық, психологиялық және әлеуметтік бейімдеу бағыттарында кәсіби көмек алып, өмірге деген құштарлығын арттырған.

Іс-шара барысында қатысушылар орталықтың қызмет алушыларына арналған бейнеролик көріп, олардың өміріндегі оң өзгерістерге куә болды. Бұл ролик арқылы көрермендер ерекше жандардың табандылығы мен рухани күшін сезініп, қоғамда олардың рөлін қайта пайымдады. Қонақтар «Самғау» ұжымына алғысын білдіріп, қызметкерлердің еңбегін жоғары бағалады. Мекеме қызметкерлерінің күнделікті жұмысы – тек медициналық көмек көрсету емес, сонымен қатар әрбір қызмет алушының өмірге деген ынтасын арттыру, әлеуметтік бейімделуіне мүмкіндік жасау. «Самғау» орталығында арнаулы әлеуметтік қызметтердің сегіз түрі көрсетіледі. Олардың қатарында физиотерапиялық және емдік жаттығулар, массаж және логопедиялық қызметтер, психологиялық кеңес беру, әлеуметтік және тұрмыстық бейімдеу бағдарламалары бар. 200 орындық заманауи нысан барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Мұнда емдік кабинеттер, жаттығу залы, психологиялық кеңес бөлмелері, шығармашылық шеберханалар және арнайы демалыс аймақтары жұмыс істейді. Орталықта қызмет алушылар тек медициналық ем-дом ғана алып қоймай, өз қабілеттерін шыңдау мүмкіндігіне де ие. Мәселен, арт-терапия мен қолөнер сабақтары арқылы олардың шығармашылық әлеуеті ашылады. Бұл әдіс психологиялық оңалту үдерісін жеңілдетіп, эмоционалдық тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Гүлнұр Сауртаеваның айтуынша, орталық жұмысының басты ерекшелігі – кешенді көзқарас. Әрбір адамға жеке оңалту бағдарламасы жасалып, оның физикалық жағдайы мен психологиялық ерекшеліктері ескеріледі. Мұндай тәсіл қызмет алушылардың нәтижеге тез жетуіне және олардың әлеуметтену үдерісінің тиімді болуына ықпал етеді.

«Самғау» орталығының ашылуы Түркістан облысындағы әлеуметтік қолдау жүйесінің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Облыста 100 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат тұрады, бұл өңір халқының шамамен 5 пайызын құрайды. Сондықтан мұндай оңалту мекемелерінің маңызы зор. Олар ерекше қажеттілігі бар жандардың тек денсаулығын жақсартып қана қоймай, олардың қоғаммен байланысын нығайтып, өмірге белсенді араласуына жол ашады. Орталықтың алғашқы бір жылы нәтижелі өтті. Бұл уақыт аралығында қызметкерлер кәсіби тәжірибесін жетілдіріп, жаңа әдістемелерді енгізді. Медициналық және әлеуметтік оңалтудың тиімді тәсілдері қолданылып, инновациялық құралдар пайдаланылды. Сондай-ақ, орталықтың материалдық-техникалық базасы да үнемі жаңартылып келеді. Заманауи жабдықтар орнатылып, емдік шаралардың сапасы артып отыр. Орталық мамандары үздіксіз оқытудан өтіп, халықаралық тәжірибелермен танысуда.