ШЫМКЕНТТЕ ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ АЗАМАТТАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІМЕН ҚАБЫЛДАДЫ

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті қоғамдық қабылдау өткізілді. Бұл жолғы қабылдауды қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов жүргізіп, тұрғындардың түрлі бағыттағы сұрақтары мен өтініштерін тыңдап, нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар іс-шараға қалалық филиал Атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов пен тиісті басқармалардың жауапты басшылары қатысып, әр өтініш иесіне сала мамандары тарапынан жан-жақты кеңес берілді.

Қабылдауға келген азаматтардың ішінде жалғызбасты ана Гүлмира Биятанова киіз үйді насихаттау мақсатында этнотуристік жобаны іске асыру жөнінде кәсібін ашуға қолдау сұрап, бизнесін дамыту механизмдері бойынша кеңес алды. Оның өтінішін қарау барысында кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған қолданыстағы мемлекеттік тетіктер жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, Үкіметтің 2024 жылғы №754 қаулысы негізінде төмен пайыздық мөлшерлемемен несие алу мүмкіндіктері, «Даму» қоры арқылы 12,6% мөлшерлемемен қаржыландыру шарттары және жобаның тәуекелін төмендету мақсатында 85%-ға дейін кепілдік беру механизмі туралы толық ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар, өтініш иесінің 2019 жылы 3 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант алғаны анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес грантты қайта алу қарастырылмайтыны түсіндірілді. Қабылдау барысында өзге азаматтар да өзекті мәселелерін ортаға салды. Олардың қатарында кәсіпкерлікті дамытуға қатысты кеңестер, мемлекеттік гранттарға өтінім беру талаптары, сауда нысандарын заңды орналастыру тәртібі, қаңғыбас жануарларды бақылау, қалалық инфрақұрылымды жетілдіру, жарықтандыру және қауіпсіздік мәселелері болды. Әсіресе тұрғын алаптардағы көше жарықтандыруын күшейту, аула ішілік инфрақұрылымның жағдайын жақсарту, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік шараларын арттыру секілді әлеуметтік-тұрмыстық сұрақтар жиі көтерілді.

Әрбір өтініш жеке қаралып, жауапты құрылымдарға бағытталып, бақылауға алынды. Қатысушылар тарапынан қойылған мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, шешу жолдары көрсетілді. Партия өкілдері мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысы тұрғындардың сенімін нығайтып, көтерілген сұрақтардың уақытылы қаралуына мүмкіндік берді. «AMANAT» партиясы азаматтардың талап-тілектерін жүйелі түрде бақылауда ұстап, олардың шешілуіне қажетті қолдау көрсетуді жалғастыра беретінін атап өтті. Партиялық жоба аясындағы осындай қабылдаулар қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған іс-шаралардың нәтижелі жүзеге асуына ықпал етуде.