ТҮРКІСТАНДА АБОНЕНТТЕРДІҢ 85 ПАЙЫЗЫ САПАЛЫ ЖАРЫҚПЕН ҚАМТЫЛҒАН
Ескірген электр жүйелері мен желілері абоненттерді жарықтан жиі ажырауына әкеп соқтыратыны анық. Себебі қолайсыз ауа райына атап айтқанда, жел, дауыл, нөсер жаңбырға ескірген желілер мен бағандар шыдас бермей, құлап, үзіліп, қысқа тұйықталып жатады. Мұндай авариялық жағдайлар адамдардың зардап шегіп, өрттің тууына себепші болады. Техногенді сипаттағы мұндай жағдайларды алдын алу үшін Түркістан қаласында тиісті құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Аз уақыттың ішінде оның нәтижесі көрінуде.
Мәселен, Түркістан қаласында халықтың электр қуат көзімен қамтылу көрсеткіші 99,9 пайызды құрайды. Қалада 39 937 абонент электр қуатын тұтынады. Оның ішінде 33937 абонент немесе 85 пайызы сапалы жарықпен қамтылған. Бүгінде қалада сапалы электр қуатымен қамтылмаған және жаңадан қоныстанған аумақтарын заманауи талапқа сай электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар құрылыс жұмыстары жүруде, — деп хабарлайды uakit.kz Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникация бөліміне сілтеме жасап.
Қаладағы «Сауран», «Иассы», «Шауғар», «Бекзат», «Отырар» мөлтекауданының сапалы электр қуатымен қамтылмаған және жаңадан қоныстанған аумақтарын заманауи талапқа сай электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 4 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда, «Иассы», «Шауғар» мөлтекаудандары және ХҚТУ тұрғын үй массивін электрмен қамтамасыз ету құрылысы» жобасы бойынша 43,6 шақырым электр желісі арқылы 1242 отбасы сапалы жарыққа қол жеткізеді. Барлығы 15 трансформатор орнатылады. Атқарылған жұмыс нәтижесінде сапалы электр қуатын алатын абоненттер қаладағы Нарбаев, Н.Төреқұлов, Сырғақ батыр, Қалдыбай хан, Жиембет батыр, Исламов, Диметов, Жұлдыз, Өркениет, Жас қазақ, Атамекен, Ынтымақ және № 3,4 қиылыс көшелеріндегі үйлерді қамтиды. Бүгінде жоба 80 пайызға орындалды.
Сонымен қатар «Жангельдин көшесі аумағын электрмен қамтамасыз ету құрылысы» жобасы бойынша 11 трансформатор орнатылған. 31,7 шақырым электр желесі тартылады. Жоба бойынша құрылыс жұмыстары қаладағы Желтоқсан, Дүйсенбаева, Ер Төстік, Жангельдин, Асылбеков, Марайым, Жандосов және №236, 237, 238, 239 көшелерін қамтиды.
Қазіргі таңда желілерді жеке тұрғын үйлерге қосу жұмыстары жүргізілуде.
«Түркістан қаласы Диметов көшесі тұрғын ауданын электрмен жабдықтау құрылысы» жобасы бойынша құрылыс жұмыстары 50 пайызға атқарылды.