Әскерге барайын десе…
Естеріңізде ме, тәуелсіздікке дейінгі жылдары баласын әскерге шығарып салатын отбасы дүркіретіп той жасайтын. Той жасағанда қалай, ағайын-туыс пен дос-жарандарға кішігірім дастархан жаятын. Ауылдың үлкендері ақ батасын беріп, әскерден аман-есен оралуын тілейтін. Сонда, әлгі әскерге аттанғалы тұрған бозбаланың көзінен үрей емес, қуаныш байқайтынбыз. Ол Отан алдындағы борышын өтеудің үлкен міндет екенін, Отан қорғаудың абыройлы іс екенін ұғындыратын қуаныш еді.
Шіркін, сол бозбаланың әскерден оралғанда ауылдың қуанғанын көрсеңіз еді… Жора-жолдастары күтіп алып, аяғын жерге тигізбей, иықтарына отырғызып үйіне дейін көтеріп келетін. Үстіне киген формасының өзі қандай жарасымды болатын. Омырауы толған төс белгілер, медальдар, басында әскери бас киім. Аяғындағы қара етігінің өзі мұнтаздай тап-таза, жылтырап тұратын. Ауылдың балалары әлгінің бас киімін киіп өздерін бір сәтке болса да сарбаз сезінетін. Әскери өмірдегі естелік суреттер жабыстырылған альбомдары көздің жауын алатын.
Неге екенін қайдам, сол кездегі мектеп бітірген жеткіншектер бойлары ұзын, ірі денелі келетін. Мәселен, бір ауылда 50 бала болса соның кемінде 30-40-ы әскер қатарына алынатын. Кеткен балалардың барлығы 2 жылдан соң он екі мүшесі сау күйінде елге оралатын. Болмаса, солар әскерде «таяқ» жемеді дейсіздер ме? Жеді. Бірақ, шыдады ғой бәріне! Иә, Кеңес армиясында темірдей тәртіп болды. Оны мойындаймыз. Дегенмен, қанша тәртіп болғанмен екі қошқардың басы бір қазанға сыйғанын қашан көріп едіңіз?
Жасыратын несі бар, қазіргі жастар «таяқ» жеу былай тұрсын, ауыр сөз көтере алмайды. Сары алтын саналатын сабырлы болудан қалып барады олар. Бірінің иығы біріне тиіп кетсе жұдырық ала жүгіреді немесе атыса кетеді. Енді біреулері өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Айтқандай, осы өз-өзіне қол жұмсау көбіне әскери бөлімдерде жиі орын ала бастады. Оны телеарналардан көріп, газеттерден оқып жүрміз. Мүмкін, қазіргі жастардың әскерге барғысы келмейтіндігі осындай жан түршігерлік жағдайлардың көбейгендігінен болар? Оның үстіне бүгінгі жастарды «тепсе темір үзеді» деп айтудың өзі қиын.
Әскер демекші, 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысынан Қорғаныс министрлігінің тапсырысына сәйкес барлығы 4053 жас Отан алдындағы борышын өтеуге жіберілген. Олардың ішінде мектеп бітіргендер – 3224, колледжді аяқтағандар – 702, жоғары оқу орнын бітіріп әскерге жіберілгендер – 127 жас. Ал, 1000-нан астам жас әскерге жарамсыз болған. Бұл бір ғана өңірдің көрсеткіші. Әрине, жарамсыздардың саны көңіл көншітпейді.
Отанды қорғау әрбіріміздің міндетіміз болса, әскерилерімізге артылатын жүк одан да ауыр. Сондықтан, болашақ сарбаз атанатын жастарымызды салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын. Өйткені, Тәуелсіз Қазақстанның шекарасына, ішкі әскеріне, әуе мен теңіз қорғаныс күштеріне, жаяу әскеріне дені сау, сабырлы да шыдамды жастар қажет.
Дәурен ДҮЙСЕБАЕВ,
Оңтүстік Қазақстан облысы
жастар саясаты мәселелері басқармасының
бөлім басшысы.