«МЕНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫМ» АТТЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ САҒАТ ӨТТІ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №95 жалпы орта білім беретін мектебінде Дүниежүзілік балаларды қорғау күніне арналған «Менің құқықтарым» атты құқықтық тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – мектеп оқушыларының құқықтық мәдениетін қалыптастыру, өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс түсінуге бағытталған білім беру кеңістігін нығайту. Бұл жұмыс жалпы тәрбие жүйесіне енгізілген «Адал азамат» біртұтас бағдарламасының «Құқықтық мәдениет» бағытымен үйлесім табады.
Тәрбие сағаты оқушылардың жас ерекшелігіне сай сұрақ-жауап, ой бөлісу, нақты өмірлік жағдайларды талдау сияқты әрекетке бағытталған әдістер арқылы жүргізілді. Балалар БҰҰ Бала құқықтары туралы конвенциясында көрсетілген негізгі құқықтарымен танысып, олардың өмірде қалай іске асатынын қарастырды. Әсіресе, білім алуға, қауіпсіз ортада өмір сүруге, өз пікірін білдіруге, қорғауға және демалуға деген құқықтардың маңызы түсіндірілді. Оқушыларға құқықпен бірге жауапкершіліктің қатар жүретіні, мектеп тәртібін сақтау, сыныптастары мен мұғалімдерге құрмет көрсету секілді міндеттердің олардың тұлғалық дамуы үшін аса қажет екені айтылды. Шара барысында балалар түрлі ситуациялық тапсырмалар орындап, «егер менің құқықтарымды бұзса, қайда және қалай жүгінемін?» деген сұрақ төңірегінде ой қозғады. Бұл тапсырмалар олардың құқықтық сауаттылығын арттырумен қатар, өздерін еркін, сенімді ұстауға үйретті. Сонымен бірге, құқықтық мәдениеттің қоғамдағы әділдік пен теңдікті қалыптастырудағы рөлі түсіндірілді. «Адал азамат» бағдарламасы аясында өткізілген бұл жұмыс оқушылардың әділдікке, ашықтыққа, жауапкершілікке негізделген азаматтық көзқарасын қалыптастыруға бағытталды. Жасөспірімдердің құқықтық білімін күшейту арқылы олардың өз әрекеттерін таразылай білуі, заңға құрметпен қарауы, өз ортасында да, қоғамда да адалдық қағидаларын ұстануы көзделді. Мұндай тәрбиелік іс-шаралар мектеп пен ата-ананың бірлескен еңбегі арқылы жас буынды саналы, құқықтық сауатты, ел болашағына бейжай қарамайтын тұлға ретінде қалыптастыруға ықпал етеді.
Бұл сынып сағаты оқушыларға өз құқықтарын қорғаудың жолдарын үйретіп қана қоймай, оларды қоғамдағы жауапты азамат болуға тәрбиелеу бағытындағы маңызды қадам болды. Мұндай шаралар да алдағы уақытта жалғасын табады.


