АГРЕССИЯ МЕН НӘСІЛДІК КЕМСІТУШІЛІКТІҢ АЛДЫН АЛУ – ЖАСТАРДЫҢ ҚАУІПСІЗ ОРТАСЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Шымкент қаласы №95 жалпы орта білім беретін мектеп психологтары Шымкент қаласы Білім басқармасының “Психологиялық қолдау орталығы” жолдаған хатына сәйкес 9-сынып оқушылары үшін «Агрессия мен нәсілдік алалаудың алдын-алу стратегиялары» тақырыбында тренинг өткізді. Бұл іс-шара жасөспірімдердің психологиялық және әлеуметтік дағдыларын дамытуға, мектептегі қауіпсіз ортаны қалыптастыруға бағытталған.

Тренингтің басты мақсаты – оқушыларға агрессияны тиімді басқаруды үйрету, нәсілдік кемсітушіліктің алдын алу, өзара сыйластық пен толеранттылық дағдыларын қалыптастыру. Оқушылар практикалық жаттығулар арқылы өз эмоцияларын тануға, шиеленіс жағдайларын бейбіт жолмен шешуге, құрдастарымен үйлесімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік алды. Шара барысында қатысушыларға нақты мысалдар мен интерактивті тапсырмалар ұсынылды. Олардың қатарында бір-бірінің пікірін тыңдау, сенімді диалог құру, топтық жұмыс арқылы конструктивті шешім қабылдау бар. Бұл әдістер олардың әлеуметтік құзыреттерін нығайтып қана қоймай, әрқайсысының өзін сенімді және қауіпсіз сезінуіне ықпал етті. Тренингтің нәтижесінде оқушылар толеранттылық пен құрметтің маңызды екенін түсініп, агрессия мен кемсітушілікке қарсы әрекет жасау жолдарын үйренді. Бұл іс-шара «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарымен үйлесіп, жас ұрпақтың қоғамда жауапкершілікпен әрекет етуін, қауіпсіз және достық орта қалыптастыру қабілетін арттырды. Мұндай тренингтер жасөспірімдердің тұлғалық дамуына, эмоциялық интеллектін жетілдіруге және мектептегі жағымды мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шара болып табылады.

Айта кету керек, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру барысында мектептерде біртұтас сынып сағаттары, тренингтер, дебаттар, шығармашылық іс-шаралар, құқықтық сабақтар, тарихи және патриоттық тақырыптағы іс-шаралар өткізіледі. Осының нәтижесінде оқушылар тек білім алумен шектелмей, жауапкершілікті, саналы, патриоттық көзқарасы бар, қоғамға пайдалы тұлға ретінде қалыптасады. Бүгінгі таңда бұл бағдарлама – еліміздің барлық мектептерінде біртұтас тәрбиелік орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Бағдарлама балабақшадан бастап мектеп пен колледжге дейінгі білім беру ұйымдарында жүйелі тәрбие жұмысын жүргізуге бағытталған.