АЗАМАТТАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ ТЫҢДАЛЫП, БІРҚАТАРЫ СОЛ СӘТТЕ ШЕШІМІН ТАПТЫ

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Лазиз Сулайманов «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында тұрғындарды жеке қабылдады. Қоғамдық қабылдау барысында азаматтар түрлі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін айтып, көмек пен түсініктеме сұрады.

Қабылдауға келгендердің басым бөлігі инфрақұрылым саласындағы түйткілдерді көтерді. Әсіресе Қайнарбұлақ елді мекені тұрғындары жолдардың жөнделуі мен көше жарығының орнатылуына қатысты шағымдар айтты. Тұрғындардың айтуынша, кей көшелердегі жолдардың сапасы нашар, жүруге қолайсыз, ал жарықтандырудың болмауы қауіпсіздікке кері әсер етіп отыр. Осы мәселелерді егжей-тегжейлі тыңдаған депутат Лазиз Сулайманов бірден тиісті аудандық әкімдікпен байланысқа шығып, тұрғындардың өтінішін жеткізді. Әкімдік өкілдері аталған инфрақұрылымдық мәселелер бойынша жоспар бар екенін, жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айтты. Қоғамдық қабылдау барысында әлеуметтік жағдайы төмен бірнеше азамат та жеке мәселелерімен жүгінді. Олар айлық табысының аздығына байланысты күнкөрістің қиындап кеткенін жеткізді. Тұрмыстық қиындықтарға тап болған тұрғындардың жағдайын түсінген депутат Лазиз Сулайманов оларға өз тарапынан бір реттік қаржылай көмек көрсетті. Бұл қолдау азаматтардың уақытша болса да тұрмыстық ауыртпалығын жеңілдетуге мүмкіндік берді. Қабылдау кезінде айтылған бірқатар мәселе сол мезетте шешілді. Тиісті органдармен нақты байланыс орнату арқылы бірнеше өтінішке жедел жауап беріліп, тұрғындардың уайымына себеп болған жайттар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал қосымша зерттеуді қажет ететін күрделі мәселелер арнайы хаттамаға енгізілді. Бұл түйткілдердің орындалу барысы партияның бақылауында болып, тиісті мекемелерге жолданды.

«AMANAT» партиясы тұрғындармен тұрақты байланыс орнатуды, олардың өтініштері мен талап-тілектеріне жедел назар аударуды басты міндеттердің бірі деп санайды. Партия өткізетін қоғамдық қабылдаулардың мақсаты – азаматтардың мәселесін сөз жүзінде емес, іс жүзінде шешуге ықпал ету. Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай қабылдаулар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын тауып, тұрғындар үшін қолжетімді алаң болып қала бермек. Қоғамдық қабылдау нәтижесінде азаматтардың проблемалары назардан тыс қалмай, бірқатары дер кезінде шешіліп, қалғаны бақылауға алынғаны тұрғындардың сенімін арттыра түсті. Бұл – билік пен халық арасындағы тиімді диалогтың нақты көрінісі.