ОҚУШЫЛАРҒА «АДАЛДЫҚ» ПЕН «ЖАУАПКЕРШІЛІК» ҰҒЫМДАРЫ КЕҢІНЕН ТҮСІНДІРІЛДІ

Шымкент қаласындағы Қ. Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінде 6 «А» сынып оқушыларымен «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында сынып сағаты өтті. Сабақты А.Мамырбекова ұйымдастырып, оқушыларға еңбектің қадірі мен маңызын ұғындыруды, адалдық пен табандылыққа баулуды басты мақсат етіп қойды. Іс-шара «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының рухымен сабақтасып, жас буынның бойында еңбексүйгіштік пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталды.

Сынып сағатының басында оқушылар «Жақсылық шеңбері» атты психологиялық жаттығуға қатысты. Бұл кезең балалардың бір-біріне жылы лебіз айтып, ынтымақ пен өзара сыйластықты сезінулеріне мүмкіндік берді. Мұғалімнің айтуынша, адалдық пен еңбек адам өмірінің мәнін айқындайтын ең басты құндылықтар, ал жақсы көңіл-күй мен жағымды ой сол қасиеттердің бастауы болып табылады. Содан кейін оқушылар «Еңбек – адамның екінші анасы» тақырыбындағы бейнероликті тамашалады. Көрсетілім барысында еңбектің адам өміріндегі орны, маңдай термен келген табыстың қадірі және еңбекқорлықтың қоғамды алға жылжытатын күш екендігі жайлы әсерлі мысалдар ұсынылды. Балалар бейнематериалды қызығушылықпен қарап, одан кейін өз ойларын ортаға салып, адал еңбек туралы пікірлерімен бөлісті. Оқушылардың талқылауында ең бастысы – адал еңбектің адамның рухани және материалдық байлығын арттыратыны айтылды. Көптеген балалар ата-аналарының еңбегін мысалға алып, олардың табандылығы мен адалдығын үлгі тұтатынын жеткізді. Сынып жетекшісі А.Мамырбекова оқушыларды өз еңбегін бағалауға, кішкентай жетістікке де қуана білуге шақырып, әр табыстың артында тер мен төзім жататынын түсіндірді. Сабақтың келесі бөлімінде «Жағдаятты шеш» атты тапсырма орындалды. Онда оқушыларға күнделікті өмірден алынған түрлі жағдайлар ұсынылып, олардан адалдық пен әділдік тұрғысынан дұрыс шешім қабылдау сұралды. Бұл тапсырма балалардың ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарау керектігін ұғындырды.

Сынып сағаты барысында «Еңбек – адамның екінші анасы» ұстанымы кеңінен талқыланды. Мұғалім балаларға: «Адал еңбек – ардың ісі, еңбегі адал адамның өмірі де мәнді», – деген ойды түсіндіріп, өмірде табысқа жетудің жолы тек адал еңбек пен төзімділікте екенін атап өтті. Сонымен қатар, табысты болудың сырын ашу мақсатында мотивациялық әңгіме жүргізіліп, балаларға өз армандарына жету жолында еңбектену мен тәртіптің рөлі түсіндірілді. Іс-шара соңында оқушылар адал еңбек туралы мақал-мәтелдер айтып, еңбектің адамды биікке жетелейтінін, ал жалқаулықтың керісінше, адамды тоқырауға ұшырататынын өз сөздерімен тұжырымдады. Бұл пікірталас олардың өмірлік көзқарасын кеңейтіп, еңбексүйгіштік қасиетті бойына сіңіруге ықпал етті. Мектеп әкімшілігінің айтуынша, мұндай сынып сағаттары жас ұрпақты рухани тұрғыдан тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылған әрбір іс-шара оқушылардың бойында ұлттық құндылықтарға құрметпен қарау, адалдық пен еңбекқорлықты өмірлік ұстанымға айналдыру мақсатын көздейді.