БЫЛТЫР 36 ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында жүйелі және ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өңірдің медициналық инфрақұрылымын жаңғырту, қызмет көрсету сапасын арттыру және ана мен баланың денсаулығын қорғау – облыс әкімдігі үшін стратегиялық басымдықтардың бірі болып отыр. Осы бағытта облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен алқа отырысында 2025 жылдың қорытындылары талқыланып, алдағы кезеңге арналған нақты тапсырмалар берілді.
Қанат Қайыпбек медициналық қызмет сапасын жетілдірудің маңыздылығын атап, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, жаңа технологияларды енгізу және қызмет сапасын арттыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар, жекеменшік сектордағы медициналық мекемелерге де талап күшейтіліп, мониторинг топтарының жұмысын жандандыруға ерекше мән берілді. Оның айтуынша, басты қазына – адам өмірі, сондықтан медициналық қызмет барлық деңгейде сапалы әрі қолжетімді болуы керек. Облыста ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысында перинаталдық көмек 3 деңгейде көрсетіліп, қазіргі таңда өңірде 22 босандыру ұйымы жұмыс істейді. Олардың кадрлық қамтамасыз етілуі 95 пайызды, жабдықталу деңгейі 80,7 пайызды құрайды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында облыста бөлінген квоталар толық игеріліп, 780 сәби дүниеге келді. Олардың ішінде егіздер мен үшемдер бар, бұл көрсеткіш өңірдегі бала туу көрсеткіші мен ана мен баланың денсаулығын қолдау шараларының тиімділігін көрсетеді.
Балалар денсаулығын сақтау бағытында оң нәтижелер байқалады. Облыста 8 балаларды оңалту орталығы жұмыс істейді. 2025 жылдың соңында Түркістан қалалық балалар ауруханасы жанынан жаңа Балалар оңалту орталығы іске қосылды. Сонымен қатар, патронаждың әмбебап-прогрессивті моделі енгізіліп, мейірбикелермен қамту деңгейі 95 пайызға жетті. Бұл ана мен баланың денсаулығын ерте кезеңнен бақылауға мүмкіндік беріп, медициналық қызметтің сапасын арттырады. Облыста заманауи медициналық нысандар бой көтеруде. 2025 жылы 36 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді, соның ішінде балаларды оңалту орталығы, ауылдық жерлерде 8 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт және 22 медициналық пункт бар. Ал 2026 жылы тағы 20 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған. Бұл шаралар ауылдық жерлерде медициналық қызметке қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, өңірде ірі стратегиялық медициналық жобалар іске асырылуда. Қазіргі уақытта Сарыағаш қаласында 300 төсек-орындық көпбейінді аурухана, Ордабасы ауданында 200 орындық облыстық перинаталдық орталық, Түркістан қаласында Ана мен бала орталығы мен 570 төсек-орындық көпбейінді аурухана құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұдан бөлек, тозығы жеткен медициналық нысандарды жаңғырту мақсатында Сайрам аудандық орталық ауруханасы мен «Қарабұлақ» ауруханасы, Жетісай аудандық «Асықата» ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруға және тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған.
Материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында облыстың медициналық ұйымдары 2 560 дана заманауи медициналық құрал-жабдықпен толықтырылды. Олардың ішінде МРТ, КТ, эксперттік УДЗ, маммографиялық жүйелер, бейнеэндоскопиялық кешендер және онкологиялық диагностикалық құрылғылар бар. Сонымен қатар, жедел медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында 60 реанимобиль және 2 неонаталдық жедел жәрдем көлігі пайдалануға берілді. Бұл шаралар тұрғындарға жедел және сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Мектеп медицинасын дамыту да назардан тыс қалмады. Білім беру ұйымдары 348 дефибриллятор және стоматологиялық қондырғылармен қамтамасыз етілді. Бұл жас буынның денсаулығын сақтау және алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша маңызды қадам болып отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев денсаулық сақтау саласын жетілдіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді. Барлық тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болып, медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған жұмыстардың тиімділігі байқалуда. Жалпы, Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында қабылданып отырған шаралар ана мен баланың денсаулығын қорғауға, заманауи медициналық инфрақұрылымды қалыптастыруға және тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге бағытталған.


