Көше атаулары кімдерге берілуі тиіс?
Республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысы облыстық ұйымының «Пікір сайыс» клубында зиялы қауым өкілдері кезекті рет бас қосып, ономастика мәселесіне қатысты ой-толғамдарын ортаға салып, қызу әңгіме өрбітті.
Жиын тізгінін ұстаған Жарқынбек Сейтінбетұлы: «Екі жылдан астам уақыттан бері көшелер мен алаңдарға, басқа да нысандарға ат беруге мароторий жарияланып, ағымдағы жылдың 24 сәуірінен бастап «Ономастика туралы» Заңына толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп күшіне енді. Бүгінгі бас қосуымыздың мақсаты осы — жаңа Заңға орай ұлттық мүдде тұрғысында қимыл-әрекет жасалық дегенге саяды. Өйткені, баршаңызға мәлім, күні бүгінгі дейін көшелерімізге билік төңірегіндегілердің жақын-жуықтарының есімдері беріліп келді. Осы тұста мына бір жайтты да ескерте кеткім келеді. Қазақ еліне қатысы жоқ Искра, Морозов, Большевик, 9-января, Курская, Титова, Гагарин тәрізді көше аттарын да кешеуілдетпей өзгерткеніміз жөн. Космодемьянская, Терещкова атындағы мектептердің де атауларын өзгертетін кез жетті. Хамза атындағы екі мектептің бар екенін білсек те, көз жұмып келеміз. Бұл енді шектен шыққан жалпақшешейлігіміз. Шымкент қаласында аттас көшелерден аяқ сүрінгендей. Тәуке хан, Рысқұлбеков, Абай, Қонаев, Майлықожа көшелері екеуден болса, Бәйдібек би көшесі үшеу. Жаңа қабылданған заңда бұрынғы кемшіліктерді ескерген болулары керек, 25-5 бабының 5-тармағында «Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылымдардың және ҚР мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген басқа да жеке адамдарға қайтыс болғаннан кейін бес жыл өткен соң есімдері берілуі тиіс» деп жазылған. Бұған дейін көшелерге аттары берілген кісілердің бәрі бірдей қайраткер ме? Осы жағын да ономастика комиссиялары қайта қараулары жөн деп білемін. Осы бас қосуда «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан ономастика комиссиясына, мәслихат депутаттарына, әкімдерге арналған «Ашық хатқа» қол таңбамызды қойсақ, орынды болар еді. Ендігі бір айтарым, жаңа заңда көше, басқа да нысандар атын беруді тек облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың ономастикалық комиссиялары шешетіндігі ескертілген. Ендеше, өз пікір-ұсыныстарыңызды ортаға салғайсыздар» — деді.
Жанысбек Өтеген: — Көше аттарын асықпай қайта қарау керек. Қазақтың ұлы ханы- Абылайханға Қорғасын зауыты жақтан қысқа көше беріпті, іздеп таба алмадық. Ұлы хандарға үлкен көше, алаңдарды қиғанымыз жөн.
Сабырбек Нұрманұлы: — Жиналып, қаншама мәселе қараудамыз. Қаралған мәселелердің қорытындысын қадағалауымыз керек. Көшелерге қазақ еліне, халқына ерекше еңбегі сіңген қазақ азаматтарының есімдері берілуін қолдап, ұсынамын. Есенберлинге де дұрыс көше берілуі тиіс!
Момбек Әбдәкімұлы: — Қазақ хандарының атында көшелер аз. Бұрынғы үлкен көшелерді Тәуекел, Бұрындық, Есімхан, Кенесары, т.б. хандарға беру керек.
Б.Өтепов: -Тек қазақтарға емес, көше атаулары заңдағыдай, әлемдік маңызы бар Омар Хаям, Хафиз, Науаи сияқты шығыс жұлдыздарына да бергеніміз дұрыс.
Ш.Орынбеков: — Шымкент қаласы мөлтек аудандарының көше аттарын қайта қарау керек. Алаш арыстарының есімдерін көбірек беруін ұсынамын.
Б.Алтаев: -Қоқан хандығына қарсы күрескен Сұраншы, т.б. батырларымызға да көше аттарын беруді ұмытпау керек.
Омар Есенәлі: — Дұрыс. Қазақ болмаса да елге, қазаққа еңбегі сіңгендер де атаусыз қалмауы керек. Қазақ халының өнерін, дәстүрін бірінші болып шет елге таныстырған Радлов, Н.Янукевич, Әміре Қашаубаевты 1925 жылы Парижге апарған, қазақ музыкасын зерттеуші Затаевич , «Қыз Жібек» операсын бірінші қойған Е.Брусиловский де құрметке ие. Губернатор Фон Браун Дальдан жабайы халық-қазақтың музыкантын әкелуді сұрапты. Құрманғазыны апарып, ол «Балбырауын» күйін тартқанда, таң қалған губернатор: «Еуропалық композиторларға қарағанда, Құрманғазының төрт сыныптық білімі болса, қалай болар еді?» — деп сұрапты. Даль: «Аспандағы күн болар еді»,- деп жауап беріпті. Осылай қазақ өнерін дәріптеген Дальды қалай сыйламаймыз?
Жиынға қатысушылар ономастика комиссиясына, Мәслихат депутаттарына арналған «Ашық хатты» талқылап, қолтаңбаларын қойды. Қатысушылардың ұсынысымен облыстық ономастика комиссиясына мүшелікке Омар Есенәлі мен Жанысбек Өтегенді ұсынды. С.Нұрманұлын, Ш.Орынбекті, И.Күзенбаевты ономастика комиссиясының отырысына қоғам тарапынан қатысуға ұсыныс жасалынатын болды.
И.КҮЗЕНБАЕВ,
«Ұлт тағдыры» ҚБ мүшесі.