Мұндай дода бұрын-соңды Оңтүстікте болмаған…

320
0

DSC_0997-Akmalbek-Kosimov-Re-sized (1)Шымкентте бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігі аяқталды. Дүбірлі бәсекеде Қазақстан құрамасы 7 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль олжалап, Азия құрлығының үздігі атанды.

Алдымен, рингке 46 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылар шықты. Бұл сында ел намысын қорғаған Нұрсұлтан Бекболат өзбекстандық Сулейман Латиповты ұпай санымен ұтты. Оңтүстік Қазақстан облысының өрені келешегінен үміт күттіретін спортшы екенін аңғартты. Ол Шри-Ланка, Үндістан, Қырғызстан және Өзбекстан боксшыларының осал тұсын тапты.
48 келі салмақ дәрежесінде өзбекстандық Улугбек Рахимов жеңіске жетсе, 50 келіде қазақстандық Мазур Стоян өзбек Шерзод Комиловты ойсырата ұтты. 52 келіде өзбекстандық Ж. Каримов тәжікстандық Б. Усмоновтан басым түссе, 54 келіде Абылайхан Жүсіпов тәжікстандық Д.Хусеновті жеңді. 57 келіде Сабыржан Әбілов өзбекстандық М. Рашидовтің осал тұсын тапса, 60 келіде А.Ілубаев AIBA туы астында өнер көрсеткен үндістандық Ш.Праягтан жеңіліп, күміс жүлдеге қанағат білдірді.
63 келіде отандасымыз Владислав Столбовский тәжік Х. Сулеймановты та-лассыз ұтса, 66 келіде Рахат Маржықпаев өзбекстандық Э.Мержановқа мықтылығын мойындатты. 70 және 80 келідегі отандастарымыз Қадырбек Садықбек пен Айдос Дуаш өзбекстандық спортшыларға есе жіберіп алса, 75 келіде қытайлық Дон Уен Лонг өзбекстандық Б.Фазиловты ұтып, алтын медальды олжалады. Азия біріншілігін +80 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық Дмитрий Зиско түйіндеді. Ол оншақты секундтың ішінде Біріккен Араб әмірліктерінен келген Азиз Абдулды нокаутқа түсірді.
Осылайша, шырайлы Шымқалада өткен Азия біріншілігінде Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы 7 алтын, 3 күміс және 1 қола жүлдемен топ жарды. Қазақ жігіттері ең басты қарсыластары өзбек боксшыларының адымын аштырмай, айқын басымдылықпен жеңіске жете білді. Қазақтарға есе жіберген Өзбекстан құрамасы 4 алтын, 5 күміс және 1 қола жүлдемен екінші орынды иемденді. Одан кейінгі орындарды Үндістан, Қытай, Тәжікстан құрамалары жеңіп алды. Сондай-ақ Түркіменстан. Жапония, Қырғызстан, БАӘ, Кувейт, Моңғолия спортшылары да Шымкенттен медаль тағынып қайтты.
Қазақ қонақжай халық қой. Жарыстың жабылу салтанатында ұйымдастырушылар сайысқа келген команда жетекшілерінің бәрінің иықтарына шапан жауып, бағалы естелік сыйлықтар тапсырды. Азия әуесқой бокс конфедерациясының атқарушы директоры Азиз Қожамбетов: «Жарыстың сәтті өткені үшін Азия бокс конфедерациясы және осындағы қатысушы командалар атынан баршаларыңызды құттықтаймыз. Осы бір аптаға жетер-жетпес уақыт ішінде бәріміз небір талантты спортшылардың өнеріне куә болдық. Осы біріншілікті жоғары деңгейде өткізген Оңтүстік Қазақстан әуесқой бокс қауымдастының президенті Асқар Тұрысбековке, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласы әкімдігіне, облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасына, демеушілерге шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Доданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Украинада өтетін әлем біріншілігінде Азия құрлығының және өз елдерінің намысын абыроймен қорғайды деп сенеміз»,-деді.
Облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Болат Қырықбаев: «Шымкентте осындай дүбірлі доданы сәтті өткізгенімізге қуаныштымыз. Азияның нағыз мықтылары анықталды деп есептеймін. Бұйыртса, облысымызда құрлықтық ғана емес, әлемдік деңгейдегі спорт бәсекелерін ұйымдастыруға да күш саламыз» деді.
Шынында да, Оңтүстік төріндегі бокс додасы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Азияның 12 мемлекетінен келген қонақтар әсем қала Шымкенттің сұлулығына, спортсүйер тұрғындарына ризашылықтарын білдірді. Осы ретте жауапты сындарды еш жүрексінбей қабылдап, табандылық таныта білген облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасы мен оның жетекшісі Болат Наурызбайұлының ерен еңбегін айта кеткен жөн. Енді Шымкентте шыңдалып, түрлі сайыстарға қатысқан жас спортшылардан 2016 жылы Бразилияда өтетін жазғы олимпиада ойындарында жеңіс күтеміз.

Сәкен БІРЖАНОВ.