ІЗДЕСТІРУ ЖҰМЫСЫ АЯҚТАЛДЫ: КЕЛЕС ӨЗЕНІНЕ АҒЫП КЕТКЕН 6 ЖАСАР БАЛА ТАБЫЛМАДЫ

Тұп-тура бір айға созылған іздеп-құтқару жұмысы нәтижесіз аяқталды. Түркістан облысында Келес өзеніне ағып кеткен 6 жасар Жаннұр Тұрсынбекті іздестіру жұмыстары ресми түрде тоқтатылды. Құтқарушылар, еріктілер мен тәртіп сақшылары күндіз-түні су жағалағанымен, табиғаттың тосын мінезі бүлдіршінді табуға мүмкіндік бермеді.

23 наурыз. Көктемнің шуақты күні Тұрсынбек әулеті үшін қаралы күнге айналды. 2018 жылы туған Жаннұрдың өзенге ағып кеткені туралы хабар түскен сәттен бастап, бүкіл облыс аяғынан тік тұрды.

Бір ай бойы құтқарушылар әрбір метрді, әрбір қамысты сүзіп шықты. Арнайы техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен жүзу құралдары — бәрі жұмылдырылды. Бірақ нәтиже оң болмады. Келес өзеніне ағып кеткен Жаннұр табылмады…Енді құтқарушылардың міндеті аяқталды, бірақ тергеу жалғасады. Қолданыстағы заң бойынша, бір айда нәтиже бермеген жазатайым оқиға енді қылмыстық іс ретінде қайта сараланып, құқық қорғау органдарына берілді. Полиция оқиғаның мән-жайын мұқият тексеріп, процессуалдық шешім қабылдайды.

Бұл оқиға — бүкіл қоғам үшін ауыр сабақ. Мамандар блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушыларынан негізсіз болжамдар таратпауды өтінеді. Өйткені, жалған ақпарат жақындарының онсыз да қансырап тұрған жүрегіне ауыр жара салады. Қайғылы жағдай тағы да қайталанбауы үшін балаларды су жағасында жалғыз қалдырмау — басты талап. Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарды қырағылыққа шақырады. Кішкентай ғана абайсыздықтың арты орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін екенін ұмытпаған абзал.