«АҚСУ» ОЙЫН-САУЫҚ САЯБАҒЫ АШЫЛДЫ

Бірлік күніне тарту! Сайрам ауданында Ақсу ойын-сауық саябағы ел игілігіне берілді. Иә, сайрамдықтар үшін биылғы 1 мамыр — Бірлік күні ғана емес, нағыз балалық шақ мерекесіне айналды! Сайрам ауданының орталық саябағы бүгін адам танымастай өзгерген. Мұнда халықтың қарасы өте көп, себебі қос қуаныш бір күнде тойлануда. Парктің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те арнайы қатысты. Аймақ басшысы елдің бірлігі мен балалардың болашағы — ең басты құндылық екенін атап өтті.
Мерекелік концерт — ұлттар достастығының нақты көрінісі. Орталық саябақтың бір бөлігі үлкен көрме алаңына айналған. Мұнда әртүрлі этнос өкілдері өздерінің ұлттық құндылықтарын, қолөнер бұйымдары мен тағамдарын паш етті. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дегенді ақсулықтар іспен дәлелдеп отыр.
Ең бастысы — халықтың көңіл-күйі. Жиналған қауымның ризашылығында шек жоқ. Саябақ іші думанға толы. Саябақта орын тепкен 20 бірдей соңғы үлгідегі аттракциондар — ауыл балалары үшін нағыз тосынсый. Бұл — тек әкімдіктің емес, мемлекет пен бизнестің табысты серіктестігінің жемісі. Бұл әткеншектерді жеке инвестор өз қаражатына орнатып, құрылыс жұмыстарын толықтай жүргізген. Бұл — ауыл инфрақұрылымына құйылған үлкен инвестиция. Алдағы уақытта да бұл техниканың қауіпсіздігі мен жұмысына осы компания өкілдері жауапты болады.
Мерекемен тұспа-тұс келген аттракциондардың ашылуы Ақсу халқына ерекше серпін берді. Қос қуанышты бірге тойлаған жұртшылықтың бүгінгі думаны ұзаққа созылары анық!



