20 ОТБАСЫҒА БАСПАНА КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

Халқы тығыз орналасқан Жетісай ауданында баспанаға мұқтаж жандардың, соның ішінде жас мемлекеттік қызметкерлермен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетім балалар, әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтамасыз етілген отбасылар мен жалғызбасты, көпбалалы аналардың әлеуметтік мәселелерін шешуге айқын бетбұрыс жасалған.
Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Жетісай ауданында «25 қазан – Республика күні» қарсаңында тағы 20 отбасы баспаналы болды.
Баспана кілтін тапсыру рәсіміне Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен зиялы қауым өкілдері қатысып, баспаналы болған азаматтарды құттықтады, ізгі лебіздерін білдірді.
– Бүгін біз тамаша сәттің куәсі болып отырмыз. Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде мереке қарсаңында баспанаға шын мұқтаж отбасылар қуанышқа кенеліп отыр. Қоныс құтты болсын! – деді Серік Үсенұлы.
Айта кетейік, Жетісай ауданындағы тұрғын үй мәселесін шешу бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Мәселен, 2022 жылы 14 208 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, өткен жылдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 2,1 есеге артып, тұрғын үй кезегінде тұрған 240 азамат баспаналы болған.