Қаңыраған үйлерді қажетке жаратпақ

222
0

64Көмешбұлақ ауылындағы бір кездері мектеп-интернаттың жатақханасы болған қос қабатты үш бірдей ғимараттар 20 жылдан бері қаңырап бос тұрғанын көріп, күйзелуші едік. Есік-терезеден жұрдай, төрт қабырғасы қалқайған ғимараттың жанынан өткен сайын тап бір, соғыстан кейінгі көрініс көз алдымызға елестеуші еді. Ешкімге керек болмай қалған ғимарат көзге шыққан сүйелдей-тін.

Әжетке жаратса, талай баспана зарын  тартқандардың тауқыметінен құтылатындарын әрі «Қолжетімді баспана» бағдарламасына қолдау екендігін түсінген жергілікті әкімдік тиісті құжаттарды реттеп, мемлекеттен қаржы бөлінуіне ықпал жасады. Осылайша ғимараттар мемлекет меншігіне өтіп, күрделі жөндеу жұмыстарына бюджеттен  96 млн теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстарын жүргізумен «УниверсалПромТехкомпания» ЖШС-і айналысып, тоз-тозы шыққан ғимараттарды 5,5 ай мерзімде тап-тұйнақтай етіп жөндеп беруді мойындарына алды. Серіктестіктің директоры Д.Сүлейменов пен прораб Д.Дүйсеновтің сөздеріне қарағанда, Жаңа жыл қарсаңында көмешбұлақтық бірқатар тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы жандар қоныс тойын тойлайтын болады. Қаңыраған ғимаратты қажетке жаратып, ел игілігіне беру туралы бастамаға  жергілікті тұрғындар қуанып-ақ жүр.
Бастама сәтімен аяқталды дегенімізбен, тұрғын үйлерге инженерлік инфрақұрылымға қаражат қарастырылмаған болып шықты. Аудан әкімі У.Қайназаров облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Оспановқа хат жолдап, «Қолжетімді баспана» бағдарламасын жүзеге асыру және тұрғын үйлерді белгіленген уақытта пайдалануға беру мақсатында инженерлік инфрақұрылымға бюджеттен 53448 мың теңге қаржы сұрады.

Е.Сәрсенбин,
Сайрам ауданы.