«Депутаттар өз міндеттерін адал атқарулары керек»

306
4

Өмірзақ МЕЛДЕХАНОВ, «Нұр Отан» ХДП ОҚО Шымкент қалалық филиалының төрағасы:

32— Өмірзақ Пердебекұлы, «Нұр Отан» ХДП Шымкент қалалық филиалын бірнеше жылдан бері абыроймен басқарып келесіз. Осы жылдар ішінде көшбасшы партиямыздың Шымкент қалалық филиалы ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп, халық арасында беделі көтерілді. Мұның барлығы тынбай атқарған еңбек десек, қазіргі уақыттағы тыныс-тіршіліктеріңіз туралы айтып өтсеңіз.
—    Көшбасшы партияның халық алдында атқарып жатқан жұмысына, біріншіден, халықтың өзі баға береді деп ойлаймын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі негізін қалаған партияның негізгі мақсаты— барлық қазақстандықтардың мүддесін қорғау. Партия өз қызметін бастаған жылдар ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстан халқын топтастырудың негізгі тетігін іске қосты. «Нұр Отан»— еліміздегі саяси және экономикалық реформалардың басты бастамашысы және іске асырушысы. Қазақстанда қолдаушыларының саны көп саяси партия ретінде «Нұр Отан» дамудың стратегиялық бағытын анықтау кезінде әрдайым халықтың пікіріне сүйенді, оның мүддесі мен қажеттілігін білдіріп отырды. Сондықтан да, «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік билік пен қоғамды, Президент пен оның халқының екіжақты байланысы мен өзара іс-қимылының тиімді өзегіне айналды. Мемлекет басшысының сарабдал саясатын жүзеге асыруда аянбай еңбек етіп келе жатқан партия филиалы халықпен қарым-қатынасты тығыз орнатты деп айтуға болады. Күн сайын арыз-шағымдарымен келіп жатқан халықтың әрекеті партияға деген сенімінің мысалы. Сараптап қарасақ, «Нұр Отан» ХДП Шымкент қалалық филиалына келіп түсетін арыз-шағымдардың басым көбі өз мүддесін заң тұрғысынан қорғай алмай жүрген жұрттың жанайқайы деуге болады. Осы орайда айта кету керек, «Нұр Отан» ХДП атынан барған хаттарға көпшілік құқық қорғау органдары басшылары және басқа да әкім, департамент басшылары тиянақты тексерулер жасап, бізге және арызданушы азаматтарға хат жүзінде жауап беріп отырады. Жауапты қызметкерлерін қоғамдық қабылдау күндеріне кестеге сай жіберіп, олар үлкен жауапкершілікпен қатысып отырады. Мұндай жұмыстар партиямыздың беделін халық алдында жоғары көтеріп отыр, бір жағынан басшылық қызмет атқарып отырған азаматтардың, бірінші кезекте, Елбасымызға, яғни «Нұр Отан» ХДП төрағасы Н. Ә. Назарбаевқа деген құрметі және оның жүргізіп отырған саясатын қолдау, іс жүзінде алға қойған міндеттерді саяси тұрғыдан орынды түсіну деп білемін. Сондай басшылардың тізімін бастайтындардың бірегейі Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры И. Ә. Иманов, ҰҚК ОҚО бойынша департаментінің басшысы Н. Н. Бекмұхамбетов, ОҚО ІІД бастығы А. Ш. Оспанов, облыстық салық департаментінің басшысы А. Үмбетәлиев. Сондықтан, бұл кісілердің атқарып отырған игілікті ісіне табыс тілеймін, алғысымды білдіремін. Әр күн сайын филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесіне келетін 15-20 адам өз шағымын қағаз жүзінде өткізсе, осынша адамға заң жүзінде кеңестер беріліп, олардың мәселелерін мемлекеттік мекемелер арқылы да, қоғамдық қабылдау бөлмесінің өзінде де шешіп беретін жағдайлар бар. Халықтың көшбасшы партияға деген сенімінің нәтижесі— Шымкент қалалық мәслихатына сайланған 29 депутаттың 26-ы «Нұр Отан» ХДП-ның мүшелері. Осының өзі «Нұр Отан» ХДП Шымкент қалалық филиалының тыңғылықты жұмысы мен ел мүддесін қорғау жолындағы еңбегінің қаншалықты дәрежеде іске асып жатқанын көрсетсе керек.
— Депутат демекші, Шымкент қалалық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясының Фракциясы мен мәслихат хатшысының арасы неліктен нашарлап кетті деп ойлайсыз?
—    Бұл қате түсінік. Мәслихат хатшысы— Нұрлан Бекназаров  мәслихаттағы «Нұр Отан» ХДП мүшесі, төрт шақырылымнан бері сайланып келе жатқан депутат. Соңғы екі шақырылымда мәслихаттың хатшысы қызметінде отыр. Оны мәслихат хатшылығына сайлаған да өзінің әріптестері, оның ішінде Фракцияның қабылдаған шешімі солай болған. Алайда, соңғы уақыттары ел арасында әртүрлі пікірлер айтылып, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер қоздап жатқанын мен де біліп жүрмін. Сондықтан, бұл мәселеге арнайы тоқталып өткенді жөн санап отырмын. Осыдан бірнеше уақыт бұрын «Нұр Отан» ХДП Шымкент қалалық филиалында Бюро отырысы өтті. Осы отырыста Бюро мүшелері депутат, «Нұр Отан» ХДП мүшесі Н. Бекназаровтың жұмысына «қанағаттанарлықсыз» деген баға берді. Неге? Рас, Н. Бекназаров уақытында «Нұр Отан» ХДП Еңбекші аудандық филиалынан праймеризден өтіп, депутаттыққа сайланды. Халық, ел оған сенім артып дауыс берді. Тіпті, мәслихат хатшылығына партияның қолдауымен барды. «Партияның беделін көтеремін, фракциямен бірлесіп жұмыс жасаймын» деген уәдесін де берді. Естеріңізде болса, сол кезде қалалық мәслихат хатшылығына кандидат ретінде депутат О. Ешімбетовті он сегіз депутат қолдап тұрған болатын. Алайда, депутат Н. Бекназаров өлердегі сөзін айтып, партияға, елге адал қызмет етемін, Фракция ролін, оның беделін көтеруге бар тәжірибемді, білімімді саламын деген соң, «жылтыңдығын», кейде «екі сөзділігін» біле тұрсақ та, адам баласына сенгіштігіміз бар, жақсылыққа үміттеніп, Нұрлан Бекназаровтың кандидатурасын қолдадық. Осыдан барып, депутат О. Ешімбетовке өтініш жасадық. Рахмет, ол кісі түсініп, хатшылықтан бас тартты. Сол кезде біздер Н. Бекназаровқа ««Нұр Отан» партиясының депутаттық Фракциясымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу керек. Депутаттар арасында топ құрып, алауыздыққа жол беруге болмайды, тіл табысып жұмыс істеңіздер» деген едік. Өкінішке қарай, Н. Бекназаров ісі біткен соң партия дегеннің не екенін ұмытып қалды. Депутаттар арасында топ құрды, алауыздыққа, бөлінушілікке жол берді. Өзі Еңбекші ауданының территориясынан депутаттыққа сайланды, алайда «Нұр Отан» ХДП Еңбекші аудандық филиалына соңғы бір жарым жылдан бері бірде-бір рет бас сұқпапты. Бір ғана мәселе— №1 облыстық перинаталдық орталықтан ашылған партиялық бақылау бекеті қалалық мәслихаттың хатшысы Н.Бекназаровқа бөлініп бекітілген болатын. Осы бекетте 2011-2012 жылдар аралығында комиссия мүшелерінің келіп, қол қойып кету күнделігі мүлдем толтырылмаған. Партиялық бақылау бекетінің арнайы кестелік күнделігі бар. Осы күнделік 2013 жылдың жүзінде мүлдем толтырылмаған. Нәтижесінде, партиялық бақылау бекеті Н. Бекназаровтың салғырттығынан қараусыз қалған деуге болады. Бекет Н. Бекназаровтың да, комиссия мүшелерінің де тарапынан бақылауға алынбаған. Соңғы алты ай көлемінде Н.Бекназаров та, комиссия мүшелері де бекетке бірде-бір рет келмеген. Нәтижесінде, осы орталықта бала сату фактісі орын алып, екі медицина қызметкері сотталды. Ал, осындай сұмдық орын алғанын Н. Бекназаров біле тұра, перинаталдық орталыққа бас сұқпады.
Рас, кезінде Н. Бекназаровты хатшылыққа ұсынған кезде келіскенбіз. Онда да осы жерде қаншама шала бүлінген жағдайлар болды. Қаншама адам хабарласып, қаншама адам телефон шалды. Ру басшыларынан бастап, көке-жәкелерінің барлығы телефон шалды, генералдарға дейін. Бірақ, біз өз принципімізді ұстап қалып, Н. Бекназаров хатшылыққа сайланып еді. Бүгінде мәслихаттың жұмысына көңілі толмайтындар да баршылық. Н. Бекназаровтың өзінің өткен жолғы Фракция отырысына келмеуінің өзі— «Нұр Отан» партиясына деген қарым-қатынасының қандай екенін көрсетсе керек. Әдетте, партияға кірген адам партиядан не табамын деп кірмейді, партияға кірген адам партияға не беремін деп кіреді. Ал, партия Елбасының партиясы, елдің келешегі осы партия. Сондықтан, партия керек кезде пайдаланып, партия керек емес кезде көке-жәкелерді салып, жылаудың қажеті шамалы. Мен бұған дейін Н. Бекназаровпен алдын-ала кездестім. Сол кедесуде мен оған кемшіліктерді айттым, орындамаған жұмыстарын да жеткіздім. Негізгі мәселені шешетін депутаттар, ал егер депутаттармен келісе алмасаң, партияның беделін түсірсең, сен орныңнан кетуің керек дедім.  Кетудің екі жолы бар: біріншісі— адам өз қателігін түсініп, қызметтен кетуі керек, екінші мәселе— айқай-ұйқаймен шулатып, жұрттың барлығының құлағын көтеру, бәлеқорлыққа бару. Өкінішке қарай, ол екінші жолды таңдапты. Бірақ, мұның қажеті қанша? Депутаттар өз міндетін өзі дұрыс атқаруы керек. Бірде-бір депутат қара жаяу жүрген адам емес, барлығы бір-бір тұлға. Әрқайсысымен кездесіп, көңіліндегі мәселені біліп, тіл табыса алмасаң, онда сенің мәслихат хатшысы болуың екіталай мәселе. Мен осы мәселелерді айттым. Бірақ, ол құлақ салмапты. Қаланың әкімінен бастап, Орталық аппаратқа дейін телефон шалдырып, шаршап жатыр. Мен олардың барлығына жағдайды түсіндіріп айттым. Негізгісі, біздің бар-жоғы жасап жатқанымыз—партияның Елбасы айтқан бағытымен жүргізген жұмысымыз, көшбасшы партиямыздың беделін көтеру және күнделікті жүріп жатқан демократиялық процестердің бір көрінісі ғана. Ол кісілерге рахмет, жағдайдың мәнісін естіген соң барлығын түсінді. Тек, төрт шақырылымнан бері депутат болып отырған Н. Бекназаровтың тірлігі оның партиялық жақтастары арасында ұят жағдай қалыптастырды. Оның осы жылдар бойы депутат болғандағы түйгені мен үйренгені осы ма деген де ой келеді. Кей депутаттар өздерінің партия атынан сайлауға түсіп, халық қалаулысы болғанына қатты өкінетін жағдай орын алып жатыр. Мәселен, белгілі кәсіпкер Т. Әмірбеков «он бес минутқа ғана созылған сессиядан соң үйіме барғанымда, маған анам қатты ренжіді. «Балам мына тірліктерің не? Теледидардан көрдім, маңызды-маңызды деген бірнеше мәселені он бес-ақ минутта шешіп үлгердіңдер ме? Ұят болды ғой, халыққа қай бетіңмен қарайсың?» деді. Мен ендігі сайлауға қатысамын ба, жоқ па, ойланып қалдым»,- деді. Ал, қос бірдей беделді депутат Н.Джарболов пен О.Ешімбетовтың мәслихат хатшысының ісіне кейігендері былай тұрмақ, тұрақты комиссиялардың құрылуынан бастап, олардың бүгінгі іс-әрекетіне, сессияның жүргізілу деңгейіне көңілдері толмайтындарын алға тартты. Миллиондар тұрып жатқан қала халқының атынан сайланып, депутат болу былай тұрмақ, халықтың аманатын арқалап, тірлік жасау бір басқа мәселе. Сондықтан, депутаттық мандатты мансап қуумен шатастырмаған дұрыс деп ойлаймын.
— Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұрғазы Бұқарбаев кешегі аптада жергілікті телеарна арқылы мәлімдеме жасады. Осы мәселеге байланысты пікіріңіз қандай?
—    Рас, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, Фракция мүшесі Н.Бұқарбаевтың «Отырар» телеарнасы арқылы берген мәлімдемесін мен де тыңдадым. Алайда, Н.Бұқарбаевтың құқық қорғау органдарына шағымданбай жатып, ел алдына шығып, мәлімдеме жасау ойының астарында не жатқанын мен де түсінбедім. Алайда, «Нұр Отан» ХДП Шымкент қалалық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы ретінде Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры Ә. Имановқа, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бастығы А. Оспановтың атына депутат Н. Бұқарбаевтың отбасына қауіп төндірмек болғандардың әрекетін тыңғылықты тексертіп, факт анықталған жағдайда тиістілерді жазаға тартуды сұрап, хат жаздым.
Иә, Н.Бұқарбаев «Нұр Отан» ХДП-ың мүшесі, «Нұр Отан»ХДП-ның  Шымкент қалалық филиалындағы депутаттық Фракциясының мүшесі, әрі көп депутаттың бірі. Бірақ, ісінен сөзі көп, түймедей тірлігін түйедей етіп көрсетіп, жарнамалай білетін «өнері» бар. Бүгінде ешқандай ақпарат құралдары, оның ішінде телеарналар ешуақытта тегін, жарнама бермейді. Төлесе дәлелді ме, дәлелсіз бе, көрсете береді. Оның куәсі 2013 жылғы 20-маусым күнгі Нұрғазы Бұқарбаевтың бас-аяғы жоқ, елдің көзіне тіке қарауға, өзі өтірігінен өзі ұялса керек, қара көзілдірік тағып отырып жасаған бір-екі минуттық мәлімдемесі. Бұл мәлімдеме оның депутат ретінде саясатта кездейсоқ адам екенін көрсетті. Өйткені, кез келген азамат өз құқығын қорғаудың заңды жолын іздейді. Аудандық, қалалық полицияға арызданып, олардан нәтиже болмаса прокуратураға арызданады және сол сияқты мәселені өз жолымен шешеді. Өз көлеңкесінен өзі қорқып, елді дүрліктіріп, жар салып, Оңтүстік Қазақстанның көпшілік азаматтарына, құқық қорғау органдарына топырақ шашуға болмайды. Оңтүстіктегі құқық қорғау органдарының басында іскер азаматтар отыр. Мәселен, бізде бұл құрылымдарда облыстық прокуратураны И. Ә. Иманов басқарып отыр. Ол өмір көрген, инабатты, қарапайым, кішіпейіл, саясаттан жақсы хабары бар, өзінің жұмысына білімі мен тәжірибесі сай, кез келген азаматқа есігі ашық, сабырлылығы мен имандылығы мол, таза да адал азамат. Тура сондай азаматтың бірі ҰҚК ОҚО бойынша департаментінің бастығы Н. Н. Бекмұхамбетов, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментін басқарып отырған А. Ш. Оспанов дер едім.
Кезінде, 2006 жылдың 3-қаңтары күні менің баламды автокөлігімен бірге түнде әлдекімдер алып кетіп, қыстың қақаған аязында қаланың сыртында ұрып-соғып, ішкиімімен тастап кеткенде мен депутаттық мандатты тастаған жоқпын. Әлемді дүрліктіріп, мәлімдеме жасаған емеспін. Полицияға арыз бердім, біреу білді, біреу бұл жайды осы күнге дейін білмейді. Істейтін жау жариялап келмейді, үндемегеннен қорқу керек.  Ал, енді, кәмпит бермесең мектепке бармаймын дейтін бала сияқты, депутат болмаймын, мандатты тапсырамын деп, елді, сайлаушыларды «қорқытудың»  қажеті шамалы. Халық ешкімді зорлап депутат етіп сайлаған емес. Әркім өз дүниесін шашып, таласып жүріп депутат болған, енді оны кімге міндет қыламақ?! Халқымызда «жақсы сөз— жарым ырыс» деген аталы сөз бар. Сол  айтпақшы, жақсы ниет жақсылыққа тартады, жаман ниет жамандықты шақырады. Сондықтан, өзіміздің  қара ниет, қара ойымызбен және лас ойынымызбен бейкүнә балаларымызға жоқ жамандықты шақырмайық. Нұрғазы Бұқарбаевты саясаткер деп, болмаса үлкен бір сыбайлас жемқорлықтың бетін ашты дегенді мен бұрын-соңды естіген емеспін. Н. Бекназаровпен қосылып алып, бұрынғы қала әкімдерінің, әкім аппараты басшыларының қастарында күндіз-түні «жылтыңдап», өздерінің майда-шүйде тіршілігінің қамымен жүгіріп жүретін. олардың өздерінің кішігірім 4-5 адамдық тобы бар, бірін-бірі ана комиссияға, мына комиссияға ұсынып, қорғаштап, бөлініп жүретін. Бұндай тіршіліктері қалған депутаттардың көңілінен шықпайтыны анық.
— Сіз батыл сын айтатын адамдардың қатарындасыз. Соңғы кезде депутат Н. Бұқарбаевтың мәлімдемесінен кейін электронды ақпарат құралдары арқылы өзіңіз жайлы айтылып жүрген әңгімелер қаншалықты шындыққа жанасады?
—    Жалпы алғанда, Н. Бұқарбаевтың мәлімдемесінің түпкі мақсаты мен үшін әлі күнге дейін беймәлім болып отыр. Ал, электронды ақпарат құралдары арқылы жалған есіммен аузына келгенін жазып жатқандардың іс-әрекетіне сол ақпарат құралының иесі жауап беруі тиіс. Сондықтан, маған, менің атыма сын айтқысы келетіндер, жұмысыма көңілі толмағандар ашық түрде шықса, үлкен рахмет айтқан болар едім. Мен айтылған сыннан қорытынды шығара алатын адаммын. Сондықтан, астыртын лас ойын ешкімге абырой әпермейтінін тағыда айтып өткім келеді.
— Шымкент қаласының жаңа әкімі Дархан Сатыбалды туралы пікіріңіз қандай?
—    Мен бұл азаматты бұрын-соңды танымаймын. Облыс әкімі жұмысын бағалап, тағайындаған болар. Сондықтан Дархан Сатыбалдының қандай тәжірибесі бар, іскерлік деңгейі қаншалықты, оны уақыт дәлелдейтін шығар.
— Әңгімеңізге рахмет, алдағы атқарылар істеріңізге сәттілік тілеймін.

Сұхбаттасқан Талғат БАЛТАБАЕВ.