«Дағдарыста дағдарып қалмай, істің көзін таба білудің өзі – іскерлік»

399
0

Оңтүстік өңірінде құрылыспен айналысатын жеке құрылымдар аз емес. Бірақ олардың арасында елге еткен еңбегімен танылған, ісімен өзгелерді тәнті еткен компаниялар саны саусақпен санарлық ғана. Шалғай жақты айтпағанның өзінде облыстың орталығы Шымкент қаласындағы бүгінге дейін жүргізілген, халық игілігіне айналған және жүргізіліп жатқан ауқымды құрылыстардың атқарылуында сол құрылыс мекемелерінің өзіндік қосқан үлестері ауыз толтырып айтарлық. Біз облыстық мәслихаттың депутаты, белгілі кәсіпкер Нұрәлі Әлмаханұлы Әбішевпен кездесіп, жақында ғана алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттардың алдында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың «100 нақты қадамнан» тұратын Ұлт жоспарының, мемлекет белгілеген күрделі бағдарламаларының орындалуы және өңірдегі әлеуметтік-экономикалық дамудың барысы жөнінде берген есебіне байланысты өз ой-пікірін білдіруді сұраған едік.

—Нұрәлі Әлмаханұлы, облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың депутаттардың алдында берген есепті баяндамасы мақұлданып, Оңтүстіктегі атқарылған істерге оң баға берілді. Сессия соңында әкімге сауал бегендердің қатарында өзіңіз де болдыңыз. Жалпы есепті мерзім ішіндегі жұмыс турасында өзіңіздің жеке ойыңызды білсек деген едік?

—Облыстың бүгінгі әкімі Бейбіт Атамқұловтың қызметке кіріскеніне бір жылдан астам уақыт өтті. Бұл бір қарағанда аз мерзім. Бірақ жұмыстың жүруін әр күнге шағар болсақ, онда бүгінгідей қиын кезеңде көп жұмыстың игерілгендігін, елеулі жақсы көрсеткіштерге қол жеткендігін аңғару қиын емес. Облыста алдағы бес жылдың даму бағдарламасы жасалынып, соған орай жоспар белгіленген. Сырттан инвестиция тарту арқылы инфрақұрлымдарды барынша дамытып, тың жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстардың өзінің қайтарым беріп жатқандығы қуантады. Бізде облыс орталығын қосып алғанда өңіріміздегі 7 қала мен аудандарда индустриалды аймақтар жұмыс жасап жатыр. Енді бұған қосымша тағы да төрт бірдей инфрақұрлым желілері іске қосылуы көзделуде. Бүгінгі іс үстіндегі және келер күндердегі толыққанды жұмыс істейтін аймақтар, ондағы белгіленген жобалар бізге не береді?» деген сауал әр азаматтың көкейінде тұрады. Ол деген – жаңа жобалар өмірге келіп, жүзеге асырылып, облыстың әлеуметтік жағдайын, экономикасын, адамдардың тұрмысын жақсартуға нақтылы негіз қалау, болашаққа батыл қадам жасау. Қазірге дейін 52 жоба жүзеге асырылып, 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылыпты.
Әлемнің өзі алмағайып күйді басынан кешіріп, дағдарыстың дауылы ірі мемлекеттердің өзін кәдімгідей экономикалық соққыға алып жатқанда, біздегі қолжетімді тірліктер көңілді тоғайтады. Депутаттар тарапынан әкімнің есебіне қанағаттанарлық бағаның берілуі осыған байланысты болды деп ойлаймын.

—Өзіңіз облыстық мәслихаттың депутаттығына үш шақырылымда дауысқа түсіп, сайлаушыларыңыздың қолдауына ие болдыңыз. Талай әкімдермен қоян-қолтық жұмыс істедіңіз. Бүгінгі облыс әкімін басқалармен салыстыра қарағанда, қай жағынан ерекшелігін баса айтар едіңіз?

—Дүниенің төрт бұрышына көз салсаңыз инвестиция тарту үшін кәдімгідей тартыс пен талас жүріп жатыр. Инвестиция құятын компания бірінші кезекке өзінің пайдасын қойса, екінші сәтте инвестиция беретін жерінің барлық жағына терең талдау жасайды. Талғамын сөйтіп барып айтады. Биылдың өзінде облыстың ішкі ресурстарына ғана иек артпай, өңір басшысы сыртқы инвестиция мәселесіне қатты назар аударды. Оған дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ, шетел инвесторларының қатысуымен жалпы құны 2 миллиард АҚШ долларынан асатын 24 жобаның іске асырылып, өзінің өміршеңдігін танытуға толыққанды бетбұрыс жасағанынан аңғаруға болады. Бұл Бейбіт Бәкірұлының сырт жұртпен байланыс орнатудағы басқаларға ұқсамайтын ерекшелігін көрсетеді. Инвестор тарту күн тәртібінен алынып тасталынған жоқ. Ізденіс жүріп жатыр. Осы жағынан алып қарағанда облыстың даму бағдарламасына облыс басшысының жекелей үлесінің мол екендігін мойындау керек. Көпжылдық дипломатиялық жұмыстағы жинақтаған тәжірибесі мен ірі елдің басшыларымен таныстығы да бұл игі іске өзінің мол септігін тигізді деп ойлаймын. Бір ғана нәрсені атап айтар болсам – «Шымкент май» акционерлік қоғамының өсімдік майын өндіру көлемін барынша арттыруға негізделген жобасына байланысты сырттан 1 миллиард 920 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылды, сөйтіп бұл мекеменің тұралау алдындағы тірлігіне жан бітіп, бойына қан жүгірді. Жаңадан жұмыс орындары ашылды, адамдар еңбекке тартылды, олардың отбасын асырауына қолайлы мүмкіндік туды. Қазығұрт ауданындағы тағам өндіретін зауыттың ісіне басшылық жасайтын серіктестік қазір жаңа жобамен жұмыс істеп жатыр. Кәсіпорынның жаңа құны 471 миллион теңгені құрап, онда 48 жаңа жұмыс орны пайда болды. Облыстың өнеркәсіп саласы осындай игерілген істердің нәтижесінде былтырғы кезеңмен салыстырғанда 5,3 пайызға жоғарылады. Осынау цифрлардың астарында қаншама төгілген тер, жаңа жоспарлар, ел игілігі үшін атқарылған жұмыстар жатқандығын көзі ашық, көкірегі ояу азамат өзі біліп бағасын бере жатар. Тағы бір баса айтқым келіп отырған мәселе – «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша облыс аумағында бизнесті қолдау мен дамытудың аясында үлкен жұмыстар іске асырылуда. Бұл салаға да бұрынғы кездердегіден әлдеқайда мол инвестиция тартылып, жаңа жұмыс қолдары өмірге келді. Шағын және орта бизнестің дамуы, оның өнім өндірудегі жеткен жетістіктері салықтың мөлшерінің артуына үлкен септігін тигізеді. Ал салық – мемлекеттік тұрақты дамуына тікелей пайдасын тигізетіндігі белгілі.

—Сіз «Комби-строй-1» және «Агро-V» секілді құрылыспен, ауыл шаруашылығымен айналысатын қос компанияның құрылтайшысысыз. Облыс басшысының халық қалаулыларының алдында берген есебінде осы екі сала бойынша атқарылған жұмыстар көңіліңізден шықты ма? Осыны тарқатыңқырап айтып өтсеңіз?

—Біздің облыс – аграрлы өңір. Сондықтан да ауыл шаруашылығына ерекше назар аударылып, оның дамуына, мол қайтарым беруіне баса назар аударылуы заңдылық. Бір қуанатын нәрсе – Бейбіт Атамқұлов облыстағы қандай да бір саланы бөле-жара қарамайды екен. Әрқайсысының тірлігі басқа болғанмен, түпкі нәтиже халық игілігі үшін жасалатындығын терең сезінеді. Қай жылдары өзіміз «ақ алтын» атап жүрген мақта шаруашылығы бұрынғы ырғағын жоғалтып, дихан қауымы одан сырт айнала бастаған еді. Себебі түсінікті, шитін екі мәрте егіп, жаз бойы ақ тер, көк тер болып еткен еңбегі еш болып, оның әр келісі болмашы бағаға өткізілетін. Республика аумағында біздің оңтүстік аудандарда ғана өсірілетін мақтаның осылайша құны құлдырап тұрғандығын ескерген облыс әкімі оған өзі бас болып қолдау көрсетіп, оның қанатын кеңге жайып, өркендеуіне тікелей өзі араласты. Мәслихатқа депутат болып Мақтарал ауданынан сайланғандықтан, мен осы мақта ісіне қатысты көп мәселелерге араластым, әкім тарапынан жасалынып жатқан жақсы істердің ортасында болдым. Биылдың өзінде ғана аталған саланы қолдау үшін 29 миллиард теңге осы дақылға бақытталыпты. Тиісті орындармен жүргізілген келісім нәтижесінде оның бағасы өткен жылдармен салыстырғанда біршама жоғары болғалы отыр. Оңтүстік өзінің көкенісімен, жылыжайларымен, бау-бақшасымен басқалардан ерекшеленеді. Биылғы алынған өнім диқанды да, қарапайым халықты да толығымен қамтамасыз етті. Масақты дәнді-дақылдар саласында да ілгерлеушілік бар. Оларға мемлекет тарапынан жәрдем көрсетіліп, жанар-жағармай жеңілдетілген бағамен босатылды. Былтыр негізі қаланған егін шаруашылығының бүгінгі нәтижесі аса жоғары болды. Алғаш рет бидайдың гектарынан 22 центнерден өнім алынды. Үкіметке сұрау салып, тиісті жеңілдіктер алуға ықпал жасаған өңір басшысының мұндай жақсы істері алдағы уақытта да жалғасын табатындығына сеніммен қарауға болады. Құрылыс – күрделі сала. Биыл облыстар арасында мектеп пен балабақшаларды пайдалануға беру жөнінде біздің облыс бұрынғы дағдысынан жаңылмады, тағы да көш бастады. «Нұрлы жол» бағдарламасына орай 3197 пәтер пайдалануға берілсе, тағы да 11135 пәтердің құрылысы жүргізілу үстінде. Яғни, Оңтүстік елі абдырамай, абыржымай, іскер басшысының ұйымдастырушылық жұмыстарының жақсы нәтижелерін көріп келеді. Жалпы, бір ауыз сөзбен айтқанда Бейбіт Бәкірұлы өзі басқарып отырған облыс үшін аз ғана мерзім ішінде көп іс тындырды. Оны ешқандай мақтау-марапаттаусыз, әсіреқызыл сөзбен әспеттемей-ақ ісіне қарап бағалауға болады. Өткен аптадағы ол кісінің есебіне депутаттардың жаппай қолдап, оң бағаға балап, дауыс бергендері сол жақсы істердің жемісі деп білгеніміз жөн.

—Әңгімеңіз үшін рахмет!

Қ.НЫШАНБАЙҰЛЫ.