ОҚО-ДАН EXPO-2017 КӨРМЕСІНЕ 4 МЫҢҒА ЖУЫҚ ОҚУШЫ БАРАДЫ

207
0

Оңтүстік Қазақстан облысынан еліміз үшін маңызы ерек жобаны тамашалауға 3 750 оқушы қатысады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жас туристер станциясының директоры   С.Өмірбаева мәлім етті.

Оның айтуынша, «ЭКСПО — 2017» көрмесін тамашалауға облыстық білім басқармасы тарапынан мүмкіндігі шектеулі балалар, оқу озаттары мен олимпиада жеңімпаздарының  қатысуы  ұйысдастырылып жатыр. Бұдан бөлек жекелеген демеушілер де мектептерге өз тараптарынан билеттер ұсынып, елордаға саяхаттап қайту шараларын қолға алып жатыр.

Сонымен қатар, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен 139 зейнеткер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды көрмеге алып бару мәселесі пысықталуда.

Ал, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мырзабаев көрмеге баратындар үшін 15 сәуірден бастап пойыз бен ұшаққа билеттердің сатылымға шыққанын мәлім етті.  Сонымен қатар ол 15 пайызы ұшақпен бірқатары пойызбен жететінін айтып, олардың билеттері алдын-ала брондалып қойғанын және астана бағытына қарай жүретін пойыздарға қосымша вагондар тіркелетінін жеткізді.

«Көрме кезінде ары-бері жүріс үшін 16 750 орынды дайындап отырмыз. Сондай-ақ, Астана қаласына көрмеге қатысатындарды тасымалдау үшін қосымша 45 орындық 10 автобус және лицензиялары бар тұрақты емес 9 тасымалдаушы компания дайын»,- деді Мақсат Мырзабаев.

Жалпы бүгінде Оңтүстікте халықаралық мамандандырылған көрмені халық арасында кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстар мен дайындық шаралары қызу жүруде.

Бұдан бөлек, көрмеге келетін қонақтарды облысқа тарту мақсатында арнайы туристік маршруттар әзірленіп, «ЭКСПО — 2017» көрмесі қонақтарына арналған ресми маршруттар тізіліміне енгізілген.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі