ҚАЗАҚСТАН ҚЫТАЙҒА НАРАЗЫЛЫҚ НОТАСЫН НЕГЕ ЖОЛДАДЫ?

198
0

Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігі Қытай Халық Республикасының сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын жолдады, — деп хабарлайды uakit.kz   Sputnik-ке сілтеме жасап.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытай елшісін шақырып, «Қазақстан неге Қытайға оралуға тырысады?» атты мақалаға қатысты наразылық білдірді.

«Қазақстан сыртқы істер министрлігінде Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяомен кездесу өтіп, оның барысында қазақстандық тарап қытайлық www.sohu.com сайтындағы «Қазақстан неге Қытайға оралуға тырысады?» атты мақалаға қатысты наразылық білдірді», — делінген ведомствоның хабарламасында.

Қытай елшісіне мұндай сипаттағы мақаланың жариялануы 2019 жылдың 11-қыркүйегінде екі елдің мемлекет басшылары қол қойған Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен мәлімдемесінде айқындалған мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік бағытына сәйкес келмейтіндігі жеткізілді.

Тараптар ақпарат тарату және БАҚ саласында тығыз өзара ықпалдасуға келісті.

Сондай-ақ, Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігі ҚХР Сыртқы істер министрлігіне тиісті нотаны жолдады.

Бұған дейін қытайлық www.sohu.com сайтындағы «Қазақстан неге қытайға оралуға тырысады?» атты мақала туралы Тарих ғылымдарының докторы, жазушы, «Күлтегін» сыйлығының иегері Тұрсынхан Зәкен «Көсеуі ұзынның қолы күймейді немесе атышулы мақаланың артында кім тұр?» атты мақала жазған болатын. Онда Тұрсынхан Зәкен  «Мақаланың идеясы бойынша Қазақстан бұрын Қытайдың жері екен де, енді оның халқы Қытайдың құзырына қайта кіруді зарығып «аңсап отыр» екен-мыс. Өз ойын жеткізу үшін автор алдымен Қазақстанның нендей бір «Қытайдың құзырында болған» тарихын өзінше тереңнен толғап ақтарып шығыпты. Бірақ, автор бірді айтып бірге кетіп, ойын жинай алмай қалыпты. Бұл жердің біртіндеп Қытай қоластына кіріп, одан біртіндеп Қытай қоластынан шығып кеткенін айтпақ болыпты. Алайда, өтіріктің өзіне сенбе, ебіне сен дегендей, мұның сөзінде жүйе, хронологиялық тәртіп, географиялық түсінік, тарихи-теориялық пайым деген атымен жоқ екен. «Фактілерінің» өзі бір-бірімен қиыспайды. Еш дәлелсіз. Дегенмен сен тұр мен атайын сотқар, сотанақтарға жарап жатыр. Бұл құдды сондай топтарға арнап жазылған мақала секілді. Оларға көп түсіндірудің, тым ғылыми сипаттап жатудың, дәлел-дәйектің керегі жоқ. Басын айтсаң болды. Құдды шикілі-пысылы бере салған тамаққа ұқсайды. Соған қарағанда, бұл Қазақстан туралы тарихи білімін жедел жетілдіруді талап етіп жатқандар үшін атүсті дайындалған материал болса керек. Мейлі, қалай болғанда да әсері жаман. Себебі, ол бүкіл бір мемлекеттің өткенін, келешегін жоққа шығарады. Оның тарихы мен тағдырын тек Қытаймен ғана байланыстырады. Осы идеяны «Wechat» желісімен бүкіл елге таратады. Ендеше, біздің елге келген және келешекте келетін қытайлардың көпшілігі осындай түсінікпен келгендер немесе келетіндер деуге болады. Ол сенімен достық жайлы сөйлесіп отырып, ар жағынан «Wechat»-тан алған «білімдерін» сарапқа салып отырады»,- деп оның негізсіз екеніне нақты мәліметтер келтірген. Сонымен қатар ғалым ағамыз «Біз Қытай тараптан екі елдің тату көршілік қатынасына кері әсерін тигізетін мұндай сандырақтарға жол бермеуін талап етеміз. Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар деген, тарихты айтсақ өңменінен өткізіп, жеріне жеткізіп айтуға біздің де тіл мен жағымыз, біліміміз жетеді. Өйткені тарихқа төрелік айтатын тек Қытай ғана емес»,- дей келе, «Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінен Қытайға ол елдің жетекші сайытында жарық көрген еліміздің ар-намысына тиетін мақала бойынша наразылық нота жолдауды талап етемін» деп түйіндеген.
Тұрсынхан Зәкеннің Қазақ газеттері сайтында жарияланған  «Көсеуі ұзынның қолы күймейді немесе атышулы мақаланың артында кім тұр?» атты мақаласын төмендегі сілтеме бойынша толық оқи аласыздар.

http://kazgazeta.kz/?p=97772

uakit.kz