Ана жүрек қызын қылмыскер дегенге сенбейді!

519
0

4Редакцияға араша сұрап Ана келді. Қызы биыл наурыз айында ҚР ҚК 96-бабының 1-бөлігі бойынша сот үкімімен 9 жылға бас бостандығынан айрылыпты. Қылмыстық Кодекстің бұл бабы  — адам өлтіру, қасақана қаза келтіру. Алайда, Ана жүрек қызы мұндай қылмысқа барды дегенге сенбейді. Кез келген Ана перзенті үшін отқа да, суға да түсуге әзір. Сондықтан да, ол қызын ақтап алуға, соңғы демі біткенше әділдік іздеуге дайын…

Қолдағы құжаттарға жүгінсек, оқиға былай болған: 17.10.2012 жылы Эльвира Аманова түнгі сағат 22.00 шамасында өзінің танысы Түсеев Ерболдың үйіне келеді. Ербол Шымкент қаласы Темірлан тас жолы бойындағы көп қабатты үйде тұрады екен. Екеуі ішке кіріп, ас бөлмесінде спирттік ішімдік ішеді. Түн жарымынан ауғанда (бір құжатта түнгі сағат 2.00, кей құжаттарда сағат  3.30 деп көрсетілген) бұл үйге үй иесіне де, қонақ қызға да жақсы таныс Әділхан дейтін достары келеді. Әділхан Эльвираның бұрынғы жігіті екен, соңғы бір жарым ай шамасында екеуі қарым-қатынастарын тоқтатқан екен. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, дәл осы күні осы мезгілдер шамасында бұл үйден Әділханның өлігі шығады ғой. Кісі өлімі Эльвираның мойнына жүктеліп кете барады. Бар оқиға осы.
Алайда, Ана жүрек қызын кісі өлтірді дегенге сенбейді! «Нағыз қылмыскер бостандықта жүр» дейді Ана. Қазір қыз «ана» жақта, ал, Ана шындық іздеп, араша сұрап шырылдап жүр.
Оқиға орнына жедел жәрдем көлігі келеді, мына шеттен сарапшыларын алып полиция қызметкерлері жетеді. Сол сәтте оқиға орнындағы жағдай бейнетаспаға түсіріліп, сызба жасалып, полицейлер Эльвираны және Берік Мүсілімді  сараптама жасау үшін алып кетеді, ал үй иесі Ербол Түсеевті үйінде қалдырады. Берік Мүсілім — кісі өлімі орын алған соң пайда болған кейіпкер. Оқиға орнына бұл күні Абай ІІБ тергеушісі, полиция майоры Т.Кенжеханов келген екен. Орын алған оқиға бойынша хаттама түзіліп, екі куәгер қол қойыпты. Алайда, бір қызығы, осы хаттамада аттары жазылғанмен, не прокурор, не Абай ІІБ бастығы, не Абай ІІБ іздестіру бөлімі бастығының бірінің де қолы қойылмаған.
Бұл істі қарау әрі қарай Абай аудандық ІІБ-ның аға тергеушісі Е.Исимовқа тапсырылыпты.
Исимов сол күні-ақ бойжеткеннен жауап алған. Сол жерде қыз «жігіт өз-өзіне пышақ салды, оған кедергі жасамақ болып пышаққа жармасып едім, сол кезде кіріп кеткен болар, үй иесінің қатысы жоқ, жанымызда болған жоқ» деп жауап беріпті.
Болған оқиға бойынша сот-дәрігерлік, сот-психиатриялық, сот-наркологиялық, сот-биологиялық сараптамалар жасалады. Бұл жерде бізді қызықтырғаны  сот-биологиялық сараптама болып отыр. Оқиға қазан айының 17-нен 18-не қараған түні орын алғанмен, оқиға орнынан алынған заттар сот-биологиялық сараптамаға 12 қараша күні түскен. Сот-медициналық сарапшы М.Елеусізова оның қорытындысын 16 қараша күні беріпті. Жарайды, оның қай кезде жасалғанында шаруамыз жоқ, бірақ бізді таң қалдырған басқа нәрсе. Осы қорытындысында М.Елеусізова «Айыпталушы Э.Аманованың іш киімінде, майкасында, етігінде, … сүлгіде,  ер туфлиде, кофтада, алты дана пышақта қан барлығы анықталмады. Айыпталушы Э.Аманованың көкірек тартышы, оқиға болған жерден алынған әйел мойын тартқышы, әйел пиджагі, ер жемпірді жай көзбен көргенде және ОЛД-41 шамының ультракүлгін сәулелерімен қарап тексергенде қанға ұқсас заттар табылмады» деп берген. Алайда, тергеуші Е.Исмовтың 21.11.2012 ж. шығарған Қылмыстық іс  қозғаудан бас тарту жайлы қаулысында бұл тұжырымдағы сарапшының «қан барлығы анықталмады», «қанға ұқсас заттар табылмады» дегені «анықталды», «табылды» болып кеткен. Осының негізінде ол үй иесі Ербол Түсеев пен Берік Мүсілімнің  үстінен қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарған.
Е.Исимовтың осы   қаулысына сүйенсек (қылмыстық іс қозғаудан бас тарту қаулысы), Эльвирада Әділханды өлтіруге мотив болған. Мұнда қаза тапқан жігітті түнгі сағат 2.00-де келген, үшеуі ішімдік ішкен, сонан соң бойжеткен бұрынғы жігітімен сөзге келіп қалады да, оған пышақ сұғып алған деп көрсетілген. Бұл уақытта үй иесінің оларды оңаша қалдырып, жатын бөлмеде болғаны көрсетілген. Қаулыда бойжеткеннің, Түсеев пен Мүсілімнің жауаптары негізге алынған.
Эльвираның жауабына сүйенсек, оқиға болардан біраз уақыт бұрын қаза тапқан жігіттен жүкті болып қалады, жасанды түсік жасату үшін одан ақша сұраса, ол сол бойы көмектеспей, жоқ болып кетеді. Содан осы үйде кездескен кезде бойжеткен өткенді қозғап, бұрынғы жігіті екеуі сөзге келіп, айқай шығады. Бойжеткеннің «бүйтіп жүргенше өлгенің жақсы еді» деген сөзіне ерегіскен жігіт өзіне пышақ сүғып алыпты…
Ал, Түсеевтің жауабына жүгінсек, қыз күні бойы оған хабарласып тыныштық бермей қойыпты. Содан екеуі түнгі 21.30 шамасында үйінің ауласында кездеседі, сосын үйге кіреді. Түн ауа үйіне Әділхан келіпті. Үшеуі ішеді, содан қонақ жігіт өзін бойжектенмен оңаша қалдыруды өтініпті. Екеуін оңаша қалдырғаны  сол, ұрыс шығып, ақыр соңы кісі өлімімен аяқталған. Эльвираның қолынан пышақ көріпті, оны алып раковинаға тастап, дереу жедел жәрдем шықырып, досы Берікті шақырып алып қаныпезер қызға қарап отыруды тапсырып, өзі қаза тапқан досының үйіне хабар беруге кетіпті.
Берік Мүсілім кісі өлімі орын алып қойған соң пайда болған. Оны үй иесі Ербол Түсеев шақырыпты, жедел жәрдемді есік алдынан күтіп ал десе керек. Үйіне кіргенде жолдас баласы Әділханның көз жұмғанын естіпті дәрігерлерден. Досын кім және қалай өлтіргенін білмейді.
Оқиғаның басы-қасында жүргендердің жауабы осындай болған. Қыздың мойнына кісі қаны жүктеліп, бұл әрекетті қасақана жасаған деген айып тағылады. Алайда, көп ұзамай айыпталушы жауабын өзгертеді. Оқиға болған сәтте қаза тапқан жігітпен бұл емес, үй иесі ерегіскен көрінеді. Сол кезде бұл стол басында отырған күйі ұйқы қысып, көзі жұмылып кетеді де, бір кезде тарсылдаған дауыстан оянады. Тарсылдаған раковинаға лақтырылған пышақтың даусы екен. Жерде бұрынғы жігіті қан-қан болып құлап жатады, Үй иесі мұны «өзіне пышақ сұғып алды деп айт» деп қорқытыпты. Қыз солай жауап беруге мәжбүр болыпты.
Облыс прокурорының орынбасары Ә.Қожахметов айыптау қорытындысымен келіп түскен істі қарап, былтыр 30 қараша күні оны қосымша тергеуге қайтарады. Өйткені іс толық тексерілмеген, қарама-қайшылықтар көп болып шығады.
ҚР ҚК-нің 68-бап 1-бөлігінде күдікті деп тану үшін:
«1) оның жасалған уақыты мен жері, қаулыны кім жасады, күдікті деп танылған адамның тегі, аты және әкесінің аты, туған жылы, күні, айы және оның туған жері;
2) оны жасаған уақыты, орны, сондай-ақ осы кодекстің 117-бабына сәйкес дәлелденуге тиіс өзге де мән-жайлар көрсетілген, күдікті болатын адам жасаған қылмыстың сипаттамасы;
3) осы қылмыс үшін жауаптылық көзделетін қылмыстық заң (бабы, бөлігі, тармағы). Қаулы тергеліп жатқан іс бойынша адамды күдікті деп тану туралы шешімді қамтуға тиіс. Адамды күдікті деп тану туралы қаулы сол адамға ұсынылады. Тергеуші күдікті деп тану туралы қаулы шығарылған адамға күдіктінің құқықтарын түсіндіруге және осы қаулының көшірмесін тапсыруға міндетті.
Адамды күдікті деп тану туралы қаулы шығарылғаннан кейін оның көшірмесі 24 сағаттың ішінде прокурорға жіберіледі» делінген. Осыларды негізге ала отырып, облыс прокурорының орынбасары «Алайда, қылмыстық іс бойынша аталған талаптар сақталмаған» деп істі қайтарған.
Облыс прокурорының орынбасары аталмыш қаулысында Э.Аманованың денесіндегі жарақаттардың қайдан пайда болғаны, оны кім жасағаны анықталмағанын атап көрсетіпті. Айыптаушы өз жауабында қаза тапқан жігіттің үстінде ақ түсті майка не футболка болғанын көрсеткен, алайда сот-криминалистикалық сараптамаға жіберілген майкада пышақ кесінділері жоқ болып шыққан.
Прокурор айыпталушының алғашқы жауабы толық тексерілмегенін, соңғы жауабы бойынша қайшылықтар мүлде жойылмағанын, оқиға орын алған үйдің қожайыны Е.Түсеевпен қосымша беттестіру өткізілмегенін де атап көрсетіпті.
Бұдан кейін іс қайта тергеліп, сотқа өтеді. Бір қызығы прокурор Ә.Қожахметов өзі кері қайтарған істі талаптары орындалмаса да, кейіннен сол  күйі сотқа өткізіп жіберген. Сонымен, биылғы наурыз айында ЭАманованың соты өтіп, бойжеткен 9 жылды арқалап кете барады.
Қыз анасы содан бері шырылдап, әділдік іздеп жүр. Күдігі көп, сұрағы да көп, алайда, соның біріне жауап таппай әлек.
Қолдағы құжаттарға, сарапшылардың тұжырымдарына қарап отырып, көңілге күдік ұялататын сұрақтардың тым көп екенін байқауға болады.
Құжаттарға, сонымен қатар қаза тапқан жігіттің анасының соттағы сөзіне жүгінсек, марқұм титтейінен, 9 жасынан спортпен шұғылданған, бокстан спорт шебері. «Қызым нәзік, талдырмаш, ендеше, спортшы әрі бойы менің қызымнан ұзын, салмағы әлдеқайда ауыр жігіт қызға пышақ сұққызып қарап тұрып па?» деген сұрақ Анаға маза берер емес.
Оқиға былтыр күзде болған, сотталушы қыздың анасы «Қазгидрометтен» сол күнгі  ауа райы туралы мәліметті сұратып алыпты. Онда оқиға орын алған түнгі сағат 00-де температура 7,3 градусты, ал 03-тер шамасында 4,4 градусты көрсетіпті. Ендеше, күздің түнгі салқынында бұл үйге қаза тапқан жігіт жалғыз майкамен келмеген болар. Оның үстіндегі сырт киімдер қайда деген мәселе мүлде қаралмаған. Ал, оның жанынан табылған майкада пышақ кесіндісі болмағанын криминалистер де, прокурор да атап көрсеткен. Қыз үйден шыққан жоқ, үй иесі «қыз кетіп қалмасын» деп Берік Мүсілімді шақыртқанын айтқан жауабында. Үйден сыртқа шыққан жалғыз адам – ол үй иесі. Ол марқұмның үйіне хабар беру үшін шыққан екен.
Шақырту болған жерде  полицейлер толтырған хаттамада оқиға орнында қан ізі болмағанын көрсеткен, қан ізі ас бөлмедегі паластың жиегі мен тоңазытқыштың бір жиегінен ғана табылған. Пышақтар жуылғандықтан, оларда із жоқ. (Әдетте тауық сойылған жерге де әжептеуір қан шашырайды, бұл біздің қарапайым ғана болжамымыз). Бөлмеге қан шашырамаса, жайылмаса, жігіттің сырт киімі қалың болған шығар. Егер қан шашырап, оны жуып тастаған болса, еденді жуған шүберек болуы керек қой. Бірақ, мұның ешбірін іздеген де, сұрастырған да пенде болмаған сыңайлы. Оның үстіне сарапшылар оқиға орнынан алған пышақтардың бәріне сараптама жасап, олардың көлемдерін нақтылап жазып берген. Бірақ, олардың ешбірі марқұмның денесіне түскен жарақатқа сәйкес келмеген. Дәл сол жарақат салған пышақ табылмаған. Сотталушы қылмысты жасаған күннің өзінде оқиға орнынан бір адым жылжымаған, пышақты жасырып үлгеретіндей болмаған. Үйден сыртқа шыққан жалғыз адам – үй иесі Түсеев.
Содан соң, бойжеткен мен оның жанына қарауыл болып отырған Берік Мүсілімді тергеушілер дереу сараптамаға алып кетеді де, үй иесіне сараптама жасатпайды. Тергеушілердің неге бұлай еткені де түсініксіз.
Тергеушілерге берген жауабында үй иесі «бойжеткен күні бойы телефонға хабарласып, тыныштық бермеді» деген болатын. Ал, қыздың ата-анасы талап етіп жүріп, үй иесінің телефон қоңырауларының сол күнгі детализациясын жасатыпты. Сот процесі барысында осы мәселе айтылғанмен, оған да мән берген ешкім болмайды.
Жалпы, осы іс бойынша күдік туғызатын, қарама-қайшылыққа толы мән-жайлар өте көп. Жедел жәрдем дәрігерлеріне қоңырау шалынған телефон бір басқа, ал үй иесінің сөзі мүлде басқа. Оқиға орын алған сәтте түсірілген бейнежазба мен сызба да сотқа мүлде өткізілмеген, тергеуші оны әкеліп тапсыруға сөз бергенімен, ол да аяқсыз қалған. Оқиғадан соң бойжеткен мен оның жанындағы «қарауылды» полиция қызметкерлері наркодиспансерге апарып тексерткен.  Сондағы сараптама қорытындысында көрсетілген қол бойжеткеннің қолына мүлде ұқсамайды. Қыздың анасы соның жасанды қол екенін анықтауға сараптама жасатуды талап етіп жүр. Өйткені оның айтуынша, оқиға болған сәтте жеткен тергеушінің хаттамасында олар ішкен «Тау премиум» арағынан басқа жарты шөлмек «Болтавня» арағының бар екені де көрсетілген. Кейіннен, неге екені ол туралы мүлде айтылмайды. «Қыз неге есінен танып, ұйықтап кетеді – сол араққа есірткі заты қосылуы мүмкін» дейді қыз анасы.
Оқиға болған сәтте бойжеткенді  алдымен №1 травматологиялық пункттің дәрігері тексеруден өткізіп, дене жарақаты жоқ деген анықтама берген. Ал сол күні кешкі сағат 20:12-де Эльвираны  тексеруден өткізген сот-медсарапшы Жетпісбаева оның денесінің 5 жерінде жарақат бар деп тұжырымдама берген. №1 травматологиялық пункт дәрігерінің неліктен жарақат жоқ деп анықтама бергені түсініксіз. Әлде бұл жарақат осы тексеруден кейін кешкі сағат 20:12-ге дейінгі аралықта салынды ма, бұл да көңілге күдік ұялатады.
Сот талқылауының хаттамасын қарап шықтық. Сол арада оқиға орын алған үйдің иесі Түсеевтің жауаптарында ала-құлалық өте көп. Бірде ол «Аманованың қалай өлтіргенін артқы жағынан көрдім» десе, тағы бірде «қаза тапқан жігітті артқы жағынан көрдім» дейді. Ал тергеу кезіндегі жауаптарында «пышақты сұғып, суырып алғанын көрдім» немесе тағы бірде «пышақты сілтеп қалғанын көрдім» деген. Тіпті, соттағы жауаптарының бірінде «екеуін де қырынан көрдім» дейді. Сонда оның қай жауабы дұрыс?
Мұндай ала-құла жауап Б.Мүсілімнен де табылады. Тергеушіге берген алғашқы жауабында ол марқұмды «досым» деп көрсетсе, сотта «бұрын көргенмін, араласқан адамым емес» деген.
Сондай-ақ, ол бір жауабында «оқиға болған жерге кіргенде Әділхан жансыз жатты» десе, тағы бір жауабында «аяғын 1-2 сілтеп барып жан тапсырды» деген. Осы жауаптарға да мән берілмеген.
Жалпы, қолдағы қаптаған құжаттар мен хаттамаларға қарап отырып, ала-құла жауаптарға көз жүгірте отырып, қыз Анасының текке шырылдап жүрмегенін түсінуге болады. Қазақтың өрімдей қызы жаза арқалап, темір тордың арғы жағында жүр. Ана байғұс мына жақта, ішкені ірің, жегені желім… Шырылдаған Ана араша сұрап редакцияға келіпті. Ана жүрек қызын қылмыскер дегенге сенбейді!
Сотқа, өздері айтып жүргендей, ықпал жасауға қақымыз да, ниетіміз де жоқ. Біз тек өрімдей қыздың тағдырына қазақтың қызы ретінде бей-жай қарай алмадық әрі бұл оқиға оқырманға ой салса дегенді мақсат тұттық…

Гүлжамал МҰСАЕВА