Салық басқармасы Елбасы саясатына қарсы ма?

379
0

1бетПрезидентіміз Н.Назарбаев кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлерді қолдау жөнінде жиі айтады, нақты тапсырмалар береді. Соған қарамастан, Оңтүстік Қазақстан облысының атқа мінерлері кәсіпкерлерге қысым көрсетуін қоймай келеді. Соның бірі мен болғандықтан, басымнан кешкен мына оқиғаны оқырмандар назарына ұсынып, ақ-қарасын тиісті органдар анықтап берер деген ойдамын. Ескерте кетерлігі мен бұл мақалам арқылы біреулерге күйе жағу немесе абыройына нұқсан келтіру пиғылым жоқтығын баса айтқым келеді. 1991 жылдан бері кәсіпкерлікпен шұғылданып келемін.

Алғаш Арыс өңірінен құм өндірумен айналысатын «Алтын құм» атты шағын мекеме ашып, құрылысқа қажетті құм дайындаумен шұғылдандық. Уақыт өте келе аяғымыздан тұрып, қажетті техникалармен жарақтандық, құм, тас, жуатын цехтарды іске қостық. Келісімшартта көрсетілгендей, мекемеге тиесілі барлық міндеттерді орындаумен қатар, бекітіліп берілген салық сомасын дер кезінде төлеп келдік.  Тек соңғы 4-5 жыл көлемінде мемлекет қоржынына жыл сайын 15 миллион теңгеден астам қаржы құйыппыз. Қаншама кедергілер мен қиыншылықтар кездессе де, 30-40 адамға жұмыс тауып беріп, жалақыларын уақытылы төлеп келсем де, кәсібіме қысым көрсетушілер айылын жыймады. Жергілікті әкімшілік тарапы Елбасы саясатын қолдап, кәсібін дөңгелетіп отырған «Алтын құм»жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне көмек көрсетудің орнына, түрлі кедергілер жасап, жұмыс істеп тұрған цехтарымызды тоқтатып қойған кездері де болды. Облыстық прокуратураға шағымдана жүріп, тоқтап қалған цехтарды 5-6 айда әрең дегенде іске қостырдым. Қоршаған ортаға тигізіп жатқан залалым жоқ, мемлекеттен ешқандай қолдау көрмей-ақ кәсіпкерлік саласына өзіндік үлесімді қосып, әрбір жұмысшыға 50-80 мың теңге жалақысын төлеп, халыққа қажетті құрылыс заттарын даярлап беріп отырғаным үшін әлдекімдерге не жазып қалғанымды еш түсінбей-ақ қойдым.
Өткен жылы Арыс қаласының салық инспекциясы жоспарлы тексеру жүргізіп, 2007-2011 жылдар аралығындағы жұмыстарымызды санамалап шықты. Барлығы заңды екендіктеріне көздері жетті. Тек, салықтың «Роялти» (НДПИ) түрі бойынша өздерінде маманның жоқ болуына байланысты облыстық салық басқармасынан Н.Намысов деген тексерушіні шақыртты. Жас тексеруші келген күннен бастап дұрыс жұмыс жүргізе алмады. Тәжірибесінің аздығы болар, карьерге барып, әрнәрсені бір сұрап, негізгі бағытынан ауытқып кетті. Ең бастысы, жұмыс беруші мен жұмысты орындаушы арасындағы екі жақты келісімшартта көрсетілген мәліметтерге қарамастан, тексеруді өз бетінше жүргізгені түсініксіз болды. Біздің негізгі атқарар жұмыстарымыз 2000 жылғы 4 желтоқсанда ОҚО әкімінің орынбасары Пляцук пен «Алтын құм» ЖШС-нің директоры Ерімбетов арасында түзілген келісімшарт негізінде жүзеге асуы тиіс. Мұнан бөлек, 2012 жылғы Салық кодексінің 12-бабында да бұл туралы тайға таңба басылғандай етіп жазылған. Бұл дегеніміз, о баста келісімшартта не көрсетілген, не міндеттелген біз сол бағытта жұмыс жүргізуге де, тиісті салықты төлеуге де міндеттіміз.
Аталмыш келісімшартта тек қана өндіру қарастырылған. Өндіру дегеніміз – жер асты байлығынан пайдалы қазбаларды жер бетіне шығару деген сөз. Ол туралы анықтамада жазылған. Өндірілген құм пайдалы қазбаға, ал өңделгені тауарға жататыны екінің біріне белгілі. Осы операцияға кететін жиынтық шығындардың көлемінен «Роялти» (НДПИ) салығы 5,6 пайыз мөлшерінде алынуы тиіс, егер де өнім сол күйінде сатылса. Бұдан басқа, кез келген жұмыстар, өңдеу, құм блоктарын құю, ғимараттар салу, т.б келісімшарттан тыс міндеттемеге жатады және де Салық кодексінің 339-бабына байланысты мұндай жұмыстарға «Роялти»(НДПИ) салығы нөл пайыздық мөлшерін құрайды. «Алтын құм» ЖШС-нің Жарғысына сүйенсек, онда көрсетілген жұмыстың түрлерін және де ҚР Заңдарына қайшы келмейтін кез келген жұмыстарды жасауға құқылы екенбіз.
Тексеруші Н.Намысов қызмет ететін ОҚО Салық басқармасы пайдалы қазбалар бөлімінің бастығы Ж.Бексейітованың айтысына қарағанда, «Алтын құм» ЖШС өндірген құмды өз бетінше әрі қарай өңдесе онда «Роялти» (НДПИ) салығы өнделген құмның сатылу бағасымен есептеледі де, өндірілген құмды басқа мекеме сатып алса немесе «Алтын құм» ЖШС-нен алып өңдесе, олар «Роялти» (НДПИ) төлемейді екен. Сонда қалай, Елбасымыз «кластер» жасауды талап етеді, Бексейітова мұны жоққа шығарады. Егер бөлім бастығының айтқанын істесек, он есе ұтылуға мәжбүрміз. Себебі өндірілген құмның бағасы 200 теңге болса, өңделген құмның бағасы –  1800 теңге. Өндірілген құм бағасының «Роялти» (НДПИ) салығы 5,6 пайыз мөлшерінде есептелуі тиіс. Өндірілген құмға бөлек есеп жүргізіліп, 5 гр есебі тапсырылады.
Мен осы мәселені тым ушықтырмай, дер кезінде шешу үшін ОҚО Салық басқармасы бастығының орынбасары Орыновқа түсіндірмек болғанымда, ол сөзіме құлақ аспастан «Маған жаңа Америка ашайын деп отырсыз ба?» дегенін қалай түсінуге болады? Салық кодексін көрсетпекші едім, қараған да жоқ. Амалдың жоқтығынан ОҚО Салық басқармасының апелляциялық бөліміне шағымдандым. Және де жуырда президент саясатын қолдайтын «Атамекен» кәсіпкерлер одағының Шымкенттегі филиалына арыздандым. Төрағасы Е.Абасовтың басшылығынан мәселенің мән жайы толық тексерілді. Қажетті құзырлы мекемелерден анықтама алдырып, «Алтын құм» ЖШС-нің ешқандай заң бұзушылық фактілерінің жоқ екенін дәлелдеп ОҚО Салық департаменті қосымша арыз жазды. Бірақ нәтиже болмады. Болмағаны сол, қарға-қарғаның көзін шұқымайды деген болды.Қанша жерден құзырлы органдардан анықтама жиып әкелгеніме де қарамаған апелляциялық бөлім менің жанайқайыма пысқырып та қарамады. Дегенмен салық ауытқуының 50-60 пайызын төмендететін тексеруші Жәнібекова Әмина айтқан, бірақ мен оған келіспейтінімді білдірдім.Арыс қалалық салық инспекциясы шығарған түсініксіз шешімді көлденең алға тартудан әріге бармаған облыстық салық басқармасындағылар нені көксеп отырғандарына таңым бар. Әлде мақсаттары 22 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан, 40-қа жуық адамды жұмыспен қамтып, мемлекет бюджетіне қомақты қаржы құйып келген «Алтын құм» ЖШС-ны жабу ма? Ең сорақысы ОҚО Салық департаментінің жазған қорытынды шешімі:
«Контарктіде әрі қарай өңдеу қарастырылмаған» деген. Сол себепті өңделген құмның сатылу бағасынан «НДПИ» есептелінді деген. Сонда «Жер қойнауын пайдалану туралы» Заңының 45-бабында көрсетілген нұсқасы не болмақ, яғни «өңдеу операциясы, өндіруден кейінгі процес және ол өндіру операциясына жатпайды» деген.
Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп, тиісті жерінде олардың құқын қорғау тұрғысында Елбасымыз үнемі айтудан жалықпайды. Президент саясатын нақты іс жүзіне асыруы тиіс салық қызметкерлерінің әрекеттері жоғарыдағыдай. Жақында ешқандай заң бұзушылық әрекетке бармасақ та, тәжірибесіз тексерушінің әрекеті қаншама қажыр-қайратымызды, психологиялық ахуалымызды, уақытымызды сарп етіп, Арыс қаласы салық инспекциясы 5 ай бойы, ОҚО Салық департаменті 6 ай бойы тексерді. Нәтижесінде  жұмыс ырғағын тоқтатуға алып барды. Бірақ әділдік жеңетініне сенемін, әйтсе де мен сияқты талай кәсіпкерлердің қан қақсап жүргендерінде дау жоқ. Тексеру кезінде өрескел қателіктерге жол берген лауазымды тұлғаларға қарсы дәлелдеме боларлық құжаттар бар, «Алтын құмның» өмір сүруі үшін айқасармын да. Бір өкініштісі, біздің салық қызметкерлері Елбасы саясатын қолдай ма, әлде қарсы ма? Мені мазасыздандыратын да осы сұрақ.
Салық қызметкерлерінің төңірегінен әділдігін айтар адам таппағаннан соң, амал жоқ  ОҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына арыздандым.
Дәл осындай мәселе Қазақстан Республикасында бұрын-соңды болмаған екен. Ғаламтордан ізденсек тек қана Ресей мемлекетінде ғана оқиғалар тіркелген. Барлық жағдайда сот шешімімен салық төлеушінің пайдасына шешілген. Сот процессі 3 айға созылды, төрағалық етуші С.Кәрім өзі түсінбеген функцияларды мамандар шақыру арқылы не болмаса құзырлы органдардың анықтамаларына сүйене отырып тәптіштеп асықпай әділ шешімін шығарды.
Яғни: Қосымша заңсыз салынған салықты алып тастады.
«НДПИ» — түріне салынған салықты
Тарихи шығынға салынған салықты
НДС – салынған ішінара қысқартты. Қалған салық түрін сол қалпында қалдырды. Бұл үш салықтың түріне де 100 пайыз дәлелдеме болды. Өз кезегінде Арыс қаласының салық инспекциясы  ОҚО сотына апелляциялық  шағым түсірді.
Төрағалық етуші судья А.Ташева өрескел қателіктер жіберді, я болмаса жоғарыдан жасалған қысым болды ма, өздеріңіз саралап көріңіздер.
Біріншіден,  Арыс қалалық салық инспекциясы бір күн кешігіп арызданды. Яғни 16 күн кешікті.
Екіншіден,  «Тарихи шағым» туралы «Алтын құм» ЖШС –қарыз емес деген анықтамаға қарамай және қосымша құн салығы (НДС) бойынша 1-сатыдағы сот процесінде екі жақ, яғни Арыс салық инспекциясының қызметкері және «Алтын құм»  ЖШС қызметкерлерінің есептесе келе өзара келісімге келген «ходатайствоға»  қарамай, сот шешімінің күшін жойған. Сонда А.Ташева ханым нені меңзеп,  нені көксеген?  А.Ташева ханым сотта нендей мәселе қаралып жатқанын байқамаған сияқты.
Үшіншіден, «Роялти» (НДПИ) туралы сот барысында судья А.Ташева ханым «фракция  деген не?» деп бізден сұрады.  Яғни судья бұл салық түрін есептеуді білмейді деген сөз. Менің дәлелдеріме ешқандай құлақ аспады. Құм өндіру және өңдеу қалай жүретінін «видеокамераға» түсіріп көрсеттім, бірақ қарамады. Мамандардың көзқарасын сұрауды өтіндім,- нет необходиости» деді. Осы мәселелерді ықшамдап маған дәлелдей А.Ташева ханым менің осылайша «заказной» шешім шығарған сияқты. Әрине, бүгінде «Алтын құм»  ЖШС атынан кассациялық шағым жазылды. Облыстық соттың төрағасы  Н.Шәріповтің қабылдауында болдым.
Айтайын дегенім түрлі себептермен «Роялти» (НДПИ) туралы сот дұрыс шешім қабылдамаса, бүкіл Қазақстанға үлкен «резонанс» болады. Себебі Қазақстан Республикасында  салықтың ең көп түсетін түрі – осы пайдалы қазбалардан түсетін салық. Бұл салада қателесуге болмайды. Мамандардың ой-өрісімен, көзқарасымен санасу қажет. Мемлекет қоржынын толтырамыз деп заңсыз қадамдарға баруға болмайды. Түсінген адамға бұндай әрекеттен  мемлекет көп ұтылады.
Біріншіден, өңдеумен айналыссақ зиян шегесың, сондықтан ол саладағы жұмысшылар толығымен қысқартылады.
Екіншіден, сол мақсатқа алынған техника және құрылымдар бос қалады.
Үшіншіден, жергілікті бюджетке түсетін  салық түрі азаяды.
Төртіншіден, мекеменің даму қызығушылығы  тоқтайды.

Әбутәліп Ерімбетов,
«Алтын құм» ЖШС-нің директоры.