КАРАНТИНДІК ШЕКТЕУЛЕР КӘСІПКЕРЛІККЕ КЕДЕРГІ КЕЛТІРМЕЙДІ

484
0

Ол үшін «Ashyq» жобасының қатысушысы болу жеткілікті

Коронавирусты пандемия деп жарияланғаннан бастап елімізде мыңдаған бизнес субъектісінің жұмыстары тұралап қалғаны белгілі.

Бұл тығырықтан шығу үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен бизнес қауымдастық Гонконг, Сингапур, Малайзия сынды Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тәжірибесін ескере отырып, «Ashyq» жобасын іске асыруды ұсынған болатын. Соның негізінде «Атамекен» ҰКП, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша отандық IT-компания «Ashyq» қосымшасын әзірлеген. Аталған қосымша QR-код арқылы және Денсаулық сақтау министрлігінің ортақ базасымен интеграциялау арқылы келушінің мәртебесін, оның вирус тасымалдаушысы емес екенін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл жоба ағымдағы жылдың 1-сәуірінен бастап пилоттық жоба ретінде жұмыс істеген. Содан соң 26-сәуірден бастап еліміздің барлық аумақтарында таратыла бастаған. Әзірге Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларынан бөлек, жобаға Көкшетау, Ақтөбе, Тараз, Талдықорған қалалары қосылды. Шымкент қаласында да жобаға қатысуға бірқатар кәсіпкерлік субъектісі ынта танытқан.
Нәтижесінде үшінші мегаполисте бірқатар кәсіпкерлік нысандары карантиндік шектеулерге қарамастан «Ashyq» жобасының қатысушысы ретінде өз жұмысын бастай алады. Өз кезегінде йога орталықтарын қоса алғанда фитнес клубтары, спа-орталықтары, сауналар, бассейндер, PlayStation клубтарын қоса алғанда, компьютерлік, боулинг клубтар, кинотеатрлар, еатрлар мен филармониялар, қоғамдық тамақтану нысандары, бильярд клубтары, концерт залдары және т.б нысандар «Ashyq» жобасының қатысушысы бола алады.
Жуырда ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабіштаев бизнес субъектілері мен тұрғындар үшін «Ashyq» қосымшасын қолданудың ережесі туралы баяндады. Өз кезегінде ол:
– «Ashyq» мобильді қосымшасын қолданудың ережесі қарапайым. Бизнес иелері QR-кодты алу үшін infokazakhstan.kz сайтында өтініш беруі керек. Содан соң олардың жоба талаптарына сәйкестіктілігі (экономикалық қызметтің жалпы жіктеуіші) тексерілген соң жеке кабинетте код пайда болады. Пайда болған код арқылы қосымшаны қолдануды үйрену және сынақ режимінде 1 апта бойы жұмыс істеу мүмкіндігі беріледі. Ал қоғамдық тамақтану және кинотеатрлардың иелері өтінішті алдымен салалық қауымдастыққа беріп, кейіннен infokazakhstan.kz сайтынан qr-кодты алу қажет. Қазіргі таңда жұмысты жеңілдету үшін телеграмда @support_ashyq_bot техникалық қолдау көрсету қызметі іске қосылған.
Қазіргі таңда Шымкент өңірлік кәсіпкерлік палатасы жобаға қатысуға ынта білдірген кәсіпкерлердің тізімін жасақтауда. Қосымшаға қатысты сұрақтармен өңірлік палатаға немесе «Атамекен» ҰКП 1432 байланыс нөміріне хабарласуға болады,-деді.
Сонымен қатар ол қосымшаның тиімділігі туралы «Нысанға кіреберісте клиент қосымшада QR-кодты енгізген кезде, оның қай топқа жататыны тап сол уақытта анықталады. Келушілерге қосымша арқылы берілген мәртебе ПТР-зерттеулерінің бірыңғай интеграциялық порталы және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы COVID-19-ті бақылау орталығы ақпараттық жүйелерін салыстыру негізінде тағайындалады», — деп атап өтті.
Азаматтар «Ashyq» жобасының қатысушысы болып табылатын нысанның QR кодын сканерлеу кезінде экранда оның мәртебесі қызыл, сары, көк және жасыл түстері арқылы көрсетіледі. Егер адам ПТР тестін тапсыру кезінде коронавирустың оң нәтижесі анықталған болса экранда «қызыл», науқас адаммен байланыста болған болса «сары», жүріп-тұруға толығымен рұқсат етілген болса «жасыл» түс көрінеді. Ал экранда көрсетілген «көк» түс ПТР-тестілеу тапсыру міндетті орындардан (мысалы, әуежай) басқа барлық жерге бару рұқсат етілгенін білдіреді.
Жалпы жобаның тиімділігі туралы Нұрлан Қабіштаев «Ashyq» карантинге тыйым салынған кәсіпкерлік нысандарға жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге жоба аясында кәсіпкерлер коронавирусқа байланысты қазақстандықтардың хал-жағдайын бақылайтын болады. Егер азаматтар қосымша арқылы анықталған мәртебелерін беруден бас тартса, кәсіпкерлер сол келушілерді өздерінің нысандарына кіргізбеуге құқылы»,- деп атап өтті.