МИНИСТР ШЫМКЕНТ ЖҰРТШЫЛЫҒЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

90
0
Үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қала жұртшылығымен жүздесті, деп хабарлайды Uakit.kz.
Кездесуге қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен белсенді жастар, студенттер қатысты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен орталық мемлекеттік органның басшылары өңірлерді аралап, халықпен жүздесуде. Бүгін Шымкент қаласына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі келіп отыр. Дархан Қуандықұлы, қаламызға қош келдіңіз!» – деді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.
Ведомство басшысы еліміздегі қоғамның дамуы мен ақпарат, массмедиа саласының біте қайнасып жатқанына тоқталды.
«Біздің министрлік, аты айтып тұрғандай, бірнеше салаға жауапты. Соның ішінде қоғамдық даму саласы – өте ауқымды. Мемлекет басшысы баршаға тең мүмкіндік беретін әділетті мемлекет, ашық қоғамды дамытуға баса назар аударуда. Осыған орай арнайы реформалар пакетіне қол қойды. Соның ішінде азаматтық қоғамды дамытуға тікелей сіздер мен біздер жауаптымыз. Соның ішінде халқы өте еңбекқор Шымкент өңірінде қызу жұмыс жүріп жатқанынан хабардармыз. Көптеген бастаманың куәсі болып отырмыз. Шымкенттік үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер белсенділік танытуда. Еріктілер дегенде, ең алдымен, жастар көз алдымызға келетіні бар. Осыған орай айтарым – елімізде жастар туралы заң қабылданбақ. Қазір Парламент Мәжілісте талқыланып, Сенаттың қарауына жіберілді. Еліміздегі ірі саланың бірі – ақпарат саласында да көптеген жұмыс атқарылуда. Соның бірі де бірегейі – жаңа заң жобасы әзірленуде. Оның ішінде журналистің мәртебесін көтеру, жарнама, БАҚ-тарды субсидиялау сияқты ауқымды тақырыптар бар. Телевизия саласында сериалдар бойынша көркемдік комиссия құру жоспарымызда бар», – деді министр Дархан Қыдырәлі.
Кездесуде қоғам белсенділері мен жастар, тұрғындар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе жастар белсенділік танытты.
Жастарды, мысалы, Президент Жолдауында айтылған жастарға жеңілдетілген пайызбен берілетін несие мен жастардың жас шегін 35 жасқа дейін көтеру тақырыбы қызықтырып отырғаны байқалады. Министр Дархан Қыдырәлі несие мәселесі қаржы ұйымдарымен бірге шешіліп жатқанын айтып, 35 жасқа дейін жоғарылату жаңалығы талқыланып жатқанын, болжам бойынша, келесі жылдың басынан іске асырылуы мүмкін екенін жеткізді.
Студенттер, сонымен қатар, фейк пен шынайы ақпаратты ажырату жолдары, министрдің дебаттар мен түрлі пікірталастың азаматтық қоғам дамуындағы орны туралы көзқарасын және еңбек жолы туралы толығырақ білгісі келетіндерін жеткізді. Дархан Қуандықұлы еңбек жолын оқытушылықтан бастағанын айтып, ұстаз мамандығын қатты қадірлейтінін атап өтті. Жалпы, қойылған сұрақ аз болған жоқ, бәріне жауап берілді.
Кездесуден кейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бірнеше азаматты жеке қабылдап, тыңдады, сұрақтарына құзыреттілік шеңберінде жауап берді. Ведомство басшысы, сонымен қатар, зиялы қауым өкілдерімен кездесті.