РЕСПУБЛИКА КҮНІ: ТҮРКІСТАНДА ЖАСТАР АРАСЫНДА СПАРТАКИАДА ӨТТІ

Түркістан 25 қазан – Республика күніне орай «Түркістанға тарту» жобасы аясында жастар арасында облыстық спартакиада өтті. Іс-шараның ашылу салатанатына Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов, облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Бектаев, Сарыағаш аудандық мәслихатының депутаты Нұржан Делишов қатысты, — деп хабарлайды todayinfo.kz ақпараттық порталы.

Жастардың спорттық шеберлігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған облыстық спартакиадаға аудан, қалалық жастар орталықтарының мамандары қатысып, өзара бақ сынады. Жастардың физикалық белсенділігі мен командалық рухы сыналған бәсекеге қатысушылар спорттың 6 түрінен, атап айтқанда, арқан тартыс, гір тасын көтеру, ләңгі тебу, үстел теннисі, белтемірге тартылу және волейболдан өзара сынға түсті, — деп жазды Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі әлеуметтік желідегі парақшасында.

Командалық есеп бойынша оқ бойы озып шыққан Төлеби ауданы I орынды иеленсе, Қазығұрт ауданы II орынды қанжығалады. Ал Сауран ауданына III орын бұйырды. Жеңіске жеткен командалар арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік, аталған шараны облыстық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен Сарыағаш және Жетісай аудандық Жастар ресурстық орталықтары ұйымдастырған. Мереке қарсаңында бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Сонымен қатар, 25-қазан Республика күні мерекесін атап өтуге байланысты Түркістан облыстық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-ң ұйымдастыруымен 2-25 қазан күндері аралығында аудан-қалаларда арнайы іс-шаралар өтіп жатыр. Атап айтқанда «Түркістан облысында 25-қазан Республика күніне орай өткізілетін іс-шараларға өңірдегі барлық аудан-қалалалар атсалысуда. 11 қазан күні жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында жас сарбаздар арасында «Біз жауынгер» атты сайыс өтті. Сонымен қатар, 12 қазан күні Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» кешенінде облысы әкімінің жүлдесі үшін арнайы «Жайдарман» ойындары өттті. Сондай-ақ, 21 қазан күні Төлеби мен Сайрам аудандарының жастар орталықтары өңірдің талантты жастарын көпшілікке таныту мақсатында «Асқақтай бер, туған жер» атты гала-концерт ұйымдастырды.