«ШЫМКЕНТ СИТИДІҢ» ЕНДІГІ ХАЛІ НЕ БОЛМАҚ?

339
0

Ұсталып жатыр. Тура бір жарысқа түскендей, немесе кезекке тұрғандай, бірінен кейін бірі ұсталады. Әуелі Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Е.Бұқарбаев мемлекеттің қаржысын жымқырды деген үлкен айыппен сыбайластыққа қарсы қызметтің қолына түсті. Тұтқынға алынды. Арада аз уақыт өтпей-ақ өзіне мемлекет берген лауазымды қызметін асыра пайдалана отырып, бір азаматтың жекеменшік тұрғын үйін пайдалануға берілетін актіні тіркеу үшін делдал арқылы 280 мың теңге параны алып тұрғанда Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Б.Кенжеғұловтың қолына кісен салынды. Сөйтіп, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қос бірдей бөлімінің басшылары уақытша ұстау абақтысында жатыр. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Әркім қолымен істегенді мойнымен көтереді. «Ақша алғыштар» заңды түрде жазасын алар. Бірақ Шымкент қаласы әкімінің, оның өмірге әкелген «Шымкент сити» бас жоспарының да халі мүшкіл болғалы тұрған секілді. Себебі, әйгілі жобаның басынан бастап соңына дейінгі сызбасының бәрін қалалық құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы, бүгінде абақтыда отырған Е.Бұқарбаев жасаған екен. Жобаның барлық әрлеуін, сәулетін, сәнін жасайтын қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы да түрменің ботқасын жеп жатыр. Осыдан кейін қала әкімінің әлемге әйгілі болған үлкен жоспарының келешегі не болмақ?
Айтпақшы, әнеу бір жылы Әлімжан Құртаев Отырар ауданының әкімі болып тұрған кезде орынбасарының бірі парамен ұсталып, абақтыға жабылған сәтте өзінің арызымен қызметінен кетіп, ешкімнің батылы бармаған бір «ерлік» жасаған еді. Қарамағындағылары қос-қостан қамалып жатқанда, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов мырзаның Құртаевтың «ерлігін» қайталауға батылы жете алар ма екен?..

Қ.ҚАЛИЕВ.