ЕРIМБЕТОВ ЕЛДI ЖИНАП, КӨПТI МЕНСIНБЕДI МЕ, ӘЛДЕ БАҚ-тан ҚОРЫҚТЫ МА?
Оңтүстік өңірі барлық уақытта, кеше де, бүгін де жақсыны болсын, жаманды болсын бірінші бастап, бүкіл Қазақстанның көшін бастайтын дағдысынан бұл жолы да танған жоқ. Бір қала емес, облыс танитын нар тұлға, ОҚО мәслихатының депутаты, тұрақты комиссияның төрағасы, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдехановтың ақпанның ақырғы күндерінде дүр сілкіндірген бір мақаласы әуелі «Уақыт» халықтық газетінде жарық көріп, артынша республикалық «7-арна» телекомпониясының «Нысана» бағдарламасында елді елең еткізіп, эфирге тарады. Екеуі де бір тақырыпты, бір мекемені және оның басшысын сын-садағына алды. ҚР Президенті Н.Назарбаевтан бастап ел деңгейіндегі құқықтық сала басшыларының назарына ұсынылған «Ерімбетовтің командасы ел игілігін ойлай ма, өз билігін ойлай ма? Немесе түймедейді түйедей қылатын, түйедейді көрмей қалатын тірлікке қашан тоқтау қойылады?» деген тақырыптағы мақала ОҚО Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мен оның басшысы Серікбай Ерімбетовке қатысты біршама келеңсіз жағдайлардың бетін нақтылы фактілермен ашып тастады. Бұл шындығында да ашық аспанда найзағай ойнағанмен бірдей еді.
Қаржы полициясы департаменті жөнінде ол құрылғалы бері мұндай ашық сын болып көрген жоқ. Ө.Мелдеханов өзі білетін және тиісті орындардан сұратып алдырылған фактілер газет материалы мен теледидар хабарына негіз болды. Осыған байланысты ОҚО ЭҚжСЖҚК департаменті облыстық және республикалық БАҚ өкілдерінің басын қоса отырып, облыстық тексеру комиссиясының, облыстық салық департаментінің және облыстық қаржылық бақылау инспекциясының өкілдері қатыстырылды. Баспасөз мәслихатын ұйымдастырған әрі сынға жауап беруді, түсіндіруді мақсат еткен облыстық қаржы полициясы департаментінің бірінші басшысы Серікбай Ерімбетов бұл жиында қара көрсетпей, оның орнына орынбасары Серікжан Мырзалы қатысты. Негізгі тұлға ретінде қаржы полициясының өкілі журналисттер алдында департаменттің өткен жылғы қылмыстық әрекеттерге байланысты өздерінің атқарған жұмыстары жөнінде қысқаша ғана хабарлама жасады. Оның дені «Уақыт» газетінде үш бет болып жарияланған Ө.Мелдехановтың мақаласындағы фактілер мен дәлелдерге қайтарылған жауап есебінде айтылды. Бірақ, бұл жерде бір айта кетерлік мәселе – кейіннен БАҚ өкілдерінің де көңілінен шықпаған нәрсе мақалада келтірілген әр фактіге тұшымды жауап болмады. Тіптен кейбір сұрақтарға Қаржы полициясы департаменті басшысының орынбасары С.Мырзалы мырза өзі толыққанды жауап бере алмағандықтан, көп мәселелерді жиынға қатыспаған басшысы С.Ерімбетовтің атына сілтеп жатты. Өзі жоқтың көзі жоқ дегендей, бірінші басшының орынбасарының кейбір сауалдарға байланысты ақталғаны, қайта-қайта кешірім сұрағаны, енді базбіріне өзінің мүлдем қатысы жоқ екендігін айтып жалтарғандығы, тағы бірде ондай фактілерді білмейтіндігін БАҚ өкілдерінің алдында еріксіз мойындағаны бұл мәслихатқа қатысқан қаламгер қауымның ешқайсысын қанағаттандырмай, олардың әрқайсысының ой түкпірінде бір үміт пен бір күдік қосарлана ілесіп кетті. Тіптен Сайрам ауданаралық қаржы полициясы басшысының атына айтылған сын мен оған байланысты қойылған сауалға жауап бере алмағандығы С.Мырзалының бұл басқосуға дайындықсыз, әйтеуір ешкім келмей қалмады деген ат үшін ғана қара көрсеткендігін байқатқандай болды. Талай әңгіменің беті ашылмай баспасөз мәслихаты аты бар да, заты жоқтың өзі болды.
Мақаланың негізгі арқауына айналған – 2011-2013 жылдар аралығында облыстық тексеру комиссиясы тарапынан жүргізілген сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылаулардың нәтижесінде ОҚО бойынша ЭҚжСЖҚК департаментіне процессуалдық шешім қабылдау үшін 21 материал құжаттары жіберілген. Міне, осылардың барлығына кезінде департамент тарапынан бірде-бір шара көрілмеген. Барлық актілер «қылмыстың құрамы жоқ» деген негізбен жеңіл жазаға лайықты болып шыға келген. Басшысының орнына келген орынбасар дәл осы мәселенің төңірегіндегі сауалға өгіз өлмейтін, арба сынбайтын жауап беріп құтылды. Айтатыны «ақша желінбеген, тек өз мақсатында жұмсалмаған». Қарап отырсаңыз, мұны заңгер емес, жай ғана адамның өзі ашып беріп, сол мақсатсыз жұмсалған ақшаның арғы жағында басшының жауапсыздығы, заңды бұзғандығы көрінер көзге мемлекеттің қаржысын қалағанынша, өз бетінше жаратқандығы тақырға түскен іздей сайрап жатыр. Осы департаментке тексеру комиссиясы тарапынан өздері жолдаған құжатқа байланысты жауабын күткен бір емес, бірнеше сұраныс хат жолданған. Оның кейбіріне осы күнге дейін жауап алмағандығының себебін баспасөз мәслихатын өткізуші С.Мырзалы жіліктеп ашып айтып, көңіл толарлық жауап бере алмады. Жалпы, осы жиынның барысында Ө.Мелдеханов қолда бар құжаттар негізінде, соқырға таяқ ұстатқандай етіп, атап-атап көрсеткен заңсыз әрекеттерге жауап тағы болмады. Сайрам ауданының білім бөлімі басшысының мемлекеттің 141 707, 0 мың теңгесін талан-таражға түсіргендігі туралы тексеру комиссиясы жіберген құжаттар одан әрі департамент тарапынан қайта тексерілмеген. Оған тиісті дәрежеде баға берілмеген. Яғни, шара көрілмеген. Осы іс күні кешеге дейін созбалаңға салынып, жалаң түрдегі қорытынды жасалған. Осы аудандағы алты бірдей қаржылық талан-тараждың не себепті жабылғандығы жөнінде тағы да баспасөз өкілдерінің алдында саусақпен санамалап, түйінді түсінік боларлық жауап айтылмады. Мұндайдың барлығын сол мақала негізінде қолыңа шам алып, әр мәселенің түбін қазықпен қазбалай бергенде де ештеңе шықпайтындығын қаламгер қауым айқын аңғарғандай болды.
Баспасөз мәслихаты барысында осы жиынға қатысқан мақала авторы Ө.Мелдеханов қазақ және орыс тілдерінде С.Мырзалыға арнап, журналистер білсін деген ниетпен өзінің бұрын қозғаған мәселелерін жаңа фактілермен толықтырып сауал қойғанмен, көңіл тоғаятындай жауап болмады. Бұл жәйт қатысушылардың барлығын қайран қалдырды. Егер осы жиынға департамент басшысы С.Ерімбетовтің өзі қатысқанда мүмкін әңгіме ауаны басқаша болар ма еді?!
Көңілді көншітпеген тағы бір жағдаят – баспасөз мәслихатының мерзімін белгілеп, оған БАҚ өкілдері мен тиісті сала басшыларын шақырғаннан кейін, барлық іске тікелей дербес жауап беретін С.Ерімбетов өзінің қатыса алмайтындығын білген болса, неге оның мерзімін кейінге шегермеді? Басшының жауапкершілігінің қай деңгейде екендігін, оның елдің алдында өз міндетін қалай атқаратындығына осыдан кейін қандай баға беруге болады?
Депутат Өмірзақ Мелдехановтың айтуы бойынша, «Нурі-Л Шымкент» ЖШС-на қатысты тексеру (2013 ж.) кезінде мемлекеттік бюджетке 3 миллиард салық төлемеу, одан жалтару фактісін анықтап, оны қаржы полициясы департаментіне жолдаған. Әуелінде бұл іске сергек қараған, заңды басшылыққа алған департамент қылмыстық іс қозғаған. Өкініштісі сол, кейін бұл іс амнистияға (рақымшылық) ілініп қысқартылған. 3 мың немесе 300 мың емес, миллиардтар жөнінде мәселе қаралып жатқанда, оны мұрнынан сірге салып рақымшылыққа іліктіру кімнің қызығушылығынан болды екен? Енді бүкіл елге белгілі «Саутс Ойл» компаниясы 2010 жылы бюджетке 6 миллион салық төлемеген, ал арадан екі жыл өткенде салық қарызы 198 миллионға жеткен. Бұл компания да қаржы полициясы департаментінің «жақсылығымен» екі істі де қылмыстық құрамнан рақымшылықтың арқасында рақымға, кешірімге іліктіріп, қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кеткен. Ө.Мелдехановтың «Время» газетінде айтқан бұл фактісіне «жиынға қатыспаған» бірінші басшы енді ашығын айтып жауап берер деп үміттенеміз.
С.Мырзалы мырза үлкен жауапкершілікті мекемесінен, өзінен және басшысынан алыстатқысы келді ме, біраз қысқартылған заңсыз әрекеттерді облыстық прокуратураға сілтеумен болды. Айтар уәжі – өздері қабылдаған процессуалдық шешімге прокуратура тарапынан қарсылық білдірілмеген, келісіп, ұдайы «бас шұлғумен» болған. Сонда бұл сыбайластықтың бір түрі немесе «қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегенге келіңкіремей ме, екен?
«Нұр Отан» партиясының жанындағы партиялық комиссияның екі мүшесі ешбір айлықсыз, қосымша ақшасыз 2012 жылы 8 айда мемлекетке зиян келтірген 250 миллион теңгені анықтап, оның қайтарылуына ықпал жасаған. Дәл осы жылы, осы мерзімде штатында 230 қызметкері бар облыстық қаржы полициясы департаменті жұмыла жабылып жүріп 10 милион теңгенің ғана қаржы бұзушылығын анықтап, қайтара алған. Арасы жер мен көктей емес пе?
Баспасөз мәслихатына барғанда біз де әріптес қаламгерлеріміз сияқты ащы айқай мен талай мәселенің бетін ашып, оны «Уақыт» газетінде жария еткен депутат Ө.Мелдехановтың шырылынан әжептеуір нәтижелі қорытынды шығатын шығар деп едік. Бірақ ол үміт толық ақталмады. Біз аталмыш мақаланы халықтың арасында үлкен қозғалыс туғызып, өзімізге жолданған сауалдарды ҚР ЭҚжСЖҚК агенттігі басшысы Р.Түсіпбековтің жеке назарына қайыра ұсынып, оның нәтижесін күткенді дұрыс санадық. Бұған дейін мақала мәтіні біздің арнайы хатымызбен ол кісінің назарына ұсынылған. Ал, мынау баспасөз мәслихатының мардымсыз тірлігі жөнінде тағы қосымша сауалды жолдай отырып, әбден «жауыр болған», «жабулы қазанға» айналған заңсыз әрекеттердің бағасы беріледі, тиісті нәтиже жоғары жақтың арнайы тексеруі бойынша анықталып, халыққа хабардар етіледі деп күтеміз.
Ө.Мелдехановтың мақаласына байланысты қазірге дейін 130-дан астам БАҚ-тарда (телеарналар, газеттер, ақпараттық порталдар) қызу талқыланған материалдар жарық көрді. Бұл халықтың арасында әжептеуір қозғалыс тудыруда. Мүмкін оған бүгін арзымайтын, түймедей мәселе деп қарайтын болсақ, ертең оның түйедей мәселеге айналып кетпесіне кім кепілдік бере алады, Р. Түсіпбеков мырза?! Осыны он ойланып, жүз толғанып, заңның аясында, қара қылды қақ жарған әділеттілікпен дәл бүгін бағасын беретін кез жетті. Онсыз да дағдарыс пен күні кешегі доллар бағамының артуынан, дастарханындағы дәмінің бағасы шарықтап, шақшадай басы шарадай болған қара халықты, қалың бұқараны ашындырып алмаудың жолын алдын-ала ойластырған – аурудың алдын алғанмен бірдей боларын ешкімнің ұмытуға қақысы жоқ. Үлкен дау, қара дауыл майдадан, жай самалдан басталады. Әрбіріміздің жадымыздан осы шықпаса қане?!
Қ.ҚАЛИЕВ