«Біздің облыста кадр жоқ» дегенге кім сенеді?!»

349
1

Рәшкүл ОСПАНӘЛИЕВА, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты:

Рәшкүл Оспанәлиева. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысына ғана емес, республикаға мәшһүр есім бұл. «Бір қарағанда, нәзік болып көрінетін оның қайсарлығы басым» дейді оны етене білетіндер. Ол бизнеске Қазақстанда кәсіпкерлік ұғымы енді-енді қалыптаса бастағанда келді. Және көптің бірі болып қалған жоқ. Тіпті, «кәсіпкерліктің жілігін шағып, майын ішемін» дейтін ер азаматтардың жүрегі дауалай бермейтін ірі өндіріс саласына білек сыбана кірісіп, таңдаулылардың ортасынан ойып тұрып орын алды. Шымкенттегі асфальт-бетон бұйымдарын шығаратын және автокөлік жолдары мен көпірлер салатын «Береке-А» корпорациясының дүниеге келуі мен аяққа тұруы, еліміз бойынша тек сапаға жұмыс істейтін ең мықты кәсіпорындардың қатарына қосылуы – Рәшкүл Жәлелқызының уақытпен санаспай төккен терінің жемісі. Елбасы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы бастама көтергенде де көп ойланбастан өз қаржысына облыс орталығында көркі көз тартатын «Неке сарайын» тұрғызып, қолдау көрсеткен. Қазақтың жүрегі мейірімге толы, қайырымды қара домалақ қызын халық бірнеше рет қалалық, облыстық мәслихат депутаты етіп сайлады. «Елдің алғысынан артық марапат жоқ» деп есептейтін, міне, осындай жанмен біз де сұхбат құрғанды құп көрдік.

– Адамның тұлға ретінде қалыптасуында оның туып-өскен ортасы ерекше рөл ойнайтыны анық. Немесе «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейміз қысқа қайырып. Рәшкүл Оспанәлиеваға кісінің талағы жарылып кетсе де турасын айтатын, намысшыл, қайсар мінездер кімнен келген?

– Жалпы, адамның мінезі атаның қанымен, ананың сүтімен қалыптасады. Оған тал бесіктен бастап берілген тәрбиені қосыңыз. Бұдан соң түрлі ортаны көрдім: мектеп қабырғасы мен университетті былай қойғанда, кеңестік кезеңде түрлі кәсіпорындарда еңбек еттім, мейрамханада технолог болдым, ағарту ісімен айналыстым, бертін келе кәсіпкерлікке ден қойдым, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде саясатқа араласа бастадым. «Өнерді үйрен де, жирен» дейді ғой, әрқайсысының өз ерекшелігі бар осы салалардан өткенде, жүрегімді, арымды таза ұстап, еліме адал қызмет етуді ғана мақсат тұттым. Халықтан асқан сыншы жоқ. «Қарашаға иненің жасуындай болса да пайдам тисінші» деген шын жанашыр пейіліңді ел өте жақсы түсінеді. Сондай-ақ өз-өзіңді жарнамалап, имиджіңді көтеріп, арзан ұпай жинап қалмақ әрекетіңді де сезе қояды. Абыройды мысқалдап жинайсыз, төгілуі әп-сәтте. Әкем қарапайым ғана осы қағиданы үнемі құлағымызға құятын. Менің қайсар һәм намысшыл болып қалыптасуыма әкемнің көп еңбегі сіңді. «Біреудің ала жібін аттама» деп ескертетін ылғи. Оның үстіне мен өзімді-өзім тәрбиелеумен, шыңдаумен де шұғылдандым. Америкалық педагог, психолог, жазушы Дейл Карнегидің кітаптарын ынты-шынтыммен оқыдым. Тіпті, алғаш рет мәслихат сайлауына түскен 2003 жылдары көпшіліктің алдында өзіңді қалай ұстап, ойыңды қысылмай, емін-еркін жеткізуді меңгеру үшін психологтің көмегіне де жүгінгенмін. Одан бері біраз уақытты артқа тастадық. Депутаттық жауапкершілікті арқалаған жылдар ішінде көрген-түйгеніміз артып, тәжірибеміз толысып келеді. Бүгінде кімнің не ойлап тұрғанын, желдің қай бағыттан соғатынын алдын ала сезетін болғанбыз. Алысқа ұзамай-ақ қояйын, әдепкіде кейбір депутат әріптестерім қалың бұқараның қамын күйттегенсіп, «шырылдап» мәселе көтерсе, қайдан білейін, иланып, мен де қосыла кететінмін. Сөйтсем, әлгі белсенудің астарында оның мүддесі жатады екен. Әрине, бұл – пендешілік.

– Соңғы уақытта ұлт хақында, елдің дамуындағы көкейкесті мәселелер туралы жиі пікір білдіріп жүрсіз.

– Қазақ қазақ болып сақталуы үшін қаншама қан да, тер де төгілді. Мысалы, жыл сайын Жеңіс күнін ерекше салтанатпен тойлаймыз. Неге? Себебі, бұл – ата-бабаларымыздың қасық қаны қалғанша Отан үшін, ел үшін аянбай шайқасып, жауды күйрете жеңген күн. Егер олар түрлі мүдделер үшін дұшпандарымен ымыраласып, ауыз жаласып кетсе, не болар еді?! Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі қоғамымыздың беталысы мені қатты алаңдатады. Әсіресе, елге ұстын болады дейтін азаматтарға көбірек қарным ашады. Халыққа жаны ашитындар саусақпен санарлықтай. Болмашы дүниеге сатылғыштық, ақшаны бүкіл құндылықтардан биік қоюшылық қасиеттер бойымызға сіңіп барады. Қазір қарапайым жұртшылық қайда, кімге барып шағынарын білмей дал. Таяуда прокуратураға жолым түсті. Ғимаратынан әудем жерге кезекші не күзетші отыратын дүңгіршек орнатып қойыпты. Арызданып келген азамат ең алдымен сол дүңгіршекке аялдайды екен. Ол жақтан ішке қоңырау шалады. Бұдан соң тиісті маман қабылдаса, қабылдады, қабылдамаса, тауыңыз шағылып қайтады. Менің ойымша, арыз-шағымыңызды нақты маманның қолына тапсырып, мұң-зарыңызды бетпе-бет ашық айтқанға не жетсін! Қазір ғана Қаржы полициясынан келдім. Барлық жерде сықырлаған темір есіктер. Қарапайым адамның ондағы маманмен тілдесе қоюы неғайбыл. Рас, азаматтардың арыз-шағымына арналған пошта жәшігі бар, бірақ хатқа ойыңдағының бәрін түп-түгел түсіру қиындау ғой. Облыстық Ішкі істер департаментінде де солай. Сондағы лауазымды бір кісіге «Сіздер – халықтың құқығын қорғайтын органсыздар. Әйтсе де жан-жақтарыңызға күзетші қойып, тұмшаланып алсаңыздар, олар кімнен көмек сұрайды, оларды кім қорғайды?!» деп ойымды айттым. Сонымен қатар облыс әкімдігінің кез келген басқармасына бас сұғыңызшы, осындай кедергіге жолығысыз. Мысалы, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 5-қабатта орналасқан. Баспалдақтан кіреберісте темір торлы есік тұр. Мен түсінбеймін, сонда олар кімнен қорқады? Әлде жұрттан жасырын істейтін тірлігі бар ма? Жақында облыстық құрылыс басқармасына Тұманбек Әлиев бастық болып тағайындалды. Құттықтайын деп мекемесіне бардым. Күзетші қарсы алды. Және не үшін келгенімді тергеп сұрайды. Мен соған есеп беруім керек екен. Ал, күзетші қабылдау бөлмесіндегі хатшыға есеп береді. Хатшы бастығына есеп береді. Егер ол «кірсін» десе, кіресіз, «кірмесін» десе, жөніңізге кете барасыз. Негізі, кез келген құрылысшы осында келіп, қажетті кеңес алуы, тиісті құжаттарын өткізуі мүмкін. Егер басқармаға келгеннің барлығы күзетшіге осылай бір-бірлеп есеп беріп тұрса, жұмыс қалай жүрмек?! Шымкент қаласы әкімдігінде де осындай көрініс. Сонда жұршылық шындық іздеп, мұң-мұқтажын айтып қайда баруы керек? Сотқа да сенімі азайған қазір халықтың. «Әділдік жоқ» дейді. Әрине, аталмыш органдардың баршасында бюрократтар отыр деуден аулақпын. Бірақ елге жақындаудың амалын тереңірек қарастырған жөн.
Кез келген саланың мамандары өз ісіне және әлеуметке адалдық танытса, мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосқан болып есептеледі. Біреуге жақсылық жасасаңыз да, қиянат жасасаңыз да, бумеранг секілді өзіңізге қайта айналып соғады. Жүрегіңіз таза, арыңыз кіршіксіз болса, ұйқыңыз да тыныш болады. Тіпті, ары-беріден соң қиямет күнінде әрбір тірлігіміз үшін қарашадан ханға дейін жауап беретінін бір сәт те ұмытпаған абзал. Бүгін тапқан 5-10 теңгемізге, қызылды-жасылды дүниеге қызықпай, ертеңгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатын шаруа тындырсақ, жақсы қасиет қалдырсақ, ұлтымыздың өсіп-өнуіне қосқан үлесіміз болмақ. Өйтпесек, екі жағымызда Қытай мен Ресей отыр. Алақанын ысқылап. Қытайда астыртын саясат бар: қазақтың қызына үйленіп, осында қоныс тепкен қытай азаматының шотына «Сен сонда барып, өс, өн, тамырыңды жай» деп 20 мың доллар қыржы салып қояды. «Жиен ел болмайды, желке ас болмайды» деп қазақ тегін айтпаған. Жаугершілік заманда дұшпандарға қақпаны ашып берген сол жиендер болған екен. Сондықтан қазақтың қыздары өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шықпауы, намысын қорлатпауы керек. Ал, ер азаматтарға айтарым, некесіз туылған сәби харам болып есептеледі. Ондай баладан ертең ешқашан жібі түзу, адал азамат шықпайды. Ең жаманы – тексіздік.

– Жұртшылық Сізді «ер мінезді» дейді. Бизнесте де атан түйеге жүк боларлық саланы таңдадыңыз. Облыстық мәслихатта да жалғыз әйел депутатсыз. Бүгінгі қазақтың жігіттеріне көңіліңіз тола ма?

– Басқаны қайдам, Оңтүстіктің азаматтарына сәл де болса қайсарлық жетіспейді. Көбінесе «тыныштық керек» деп, бәріне бас шұлғи салады. Жасы үлкен бір депутат әріптесіміз сұхбат беруін өтінген БАҚ өкілдеріне «Тек жүрсең, тоқ жүресің» депті. Халық сенген азаматтар осылай өз басын алып қашып, немқұрайлылық танытса, жас ұрпақтың қамын кім ойлайды?!

– Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері, Сіздің пайымдауыңызша, қазақ қоғамы қалай өзгерді?

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Шымкентте, негізінен, орыстар, гректер секілді өзге ұлт өкілдері мекендейтін. Қазақтар қалаға өз атамекеніне қоныс аударуды жөн деп тапқан басқалардың үйлерін сатып алып шоғырлана бастады. Жиырма жыл ішінде дамыған елу елдің қатарына қосылмасақ та, өркениетке ұмтылыс жасадық. Бұрын шетелде Қазақстанды ешкім білмейтін. Аллаға шүкір, қазір Назарбаевымызды, Астана мен Алматымызды төрткүл дүние таниды. Алайда анау айтқандай тоқмейілси де алмаймыз. Себебі, көпке топырақ шашқаным емес, біздің қазақ жағымпаз, сыбайлас жемқор халыққа айналып барады. Күншілміз: біреу сәл еңсе тіктесе, «басын кесіп» тастаймыз. Жарайды, үлкен саясатқа бармай-ақ, осы Оңтүстігімізді алайықшы. Шетімізден жалтақпыз. Ардагер, ақсақалдарымызға шейін. Ана әкім келсе, жағымпазданып, жүгіріп барып, батасын береді. Қашан басқа қызметке ауысқанша, соны қолпаштайды. Неге солар жұрттың көзінше болмаса да, оңаша барып әкімнің атқарып жатқан жұмысының дұрыс-бұрыстығын ашық айтпайды? Әншейінде ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін қариялар неден қорқады? Соларды көрген келешек ұрпақ та жағымпаз боп кете ме деп қорқамын. Кеңес үкіметі не үшін құлады? Жасанды идеология, жалаң ұраншылдық, жалған ақпараттар, көзбояушылық, бірін-бірі өтірік мақтау түбіне жетті. Мысалы, бүгінгі таңда біздің облысқа кезінде Жылқышиевтердің түсіне кірмеген қаржы бөлінуде. Алайда соның барлығы орын-орнымен жұмсалып жатыр ма? Қаржының мақсатты түрде жұмсалуына ауыл-ауданның, қаланың елге жанашыр ақсақалдары мен депутаттары бірдей мүдделі болуы тиіс.
Өкініштісі, қазір қариялар ұсақталып барады. Мысалы, соңғы уақытта ағайын арасында, ауыл арасында бірін-бірі сотқа сүйреу көбейіп кетті. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде халықтың ішінде көп боламын, маған түрлі мәселемен талай адам келеді. Сонда байқаймын, біреулері жалпақ жұртқа ортақ проблеманы көтереді, екіншілері қарақан басының қамымен шектеледі. Бала-шағасы бола тұра, ақша сұрап, алақан жайып келетін қариялар да кездеседі.

– Қазақ елу жасқа толған ер азаматты ел ағасы деп дәріптейді. Ақыл сұрайды. Уақыт та құйрық-жалын сипатпайтын асау тұлпар секілді ғой. Зымырап өте шығады. Сіз де былтыр күзде осы жасты еңсердіңіз. Елу қандай екен? Елуге келген адам не туралы ойлайды екен?

– Мектепте Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» оқыдық. Атүсті түсіндік. Отыз жаста тағы бір оқыдық. Онда айтылған ойдың кейбірін ұғындық, кейбірін ұғынбадық. Қазір елудемін. Енді жазушының идеясын, кейіпкердің ішкі жан дүниесін, психологиялық арпалысын, өмір сүрген ортасындағы жағдайды, т.б. жан-жақты талдап, жүрекпен түйсіне аламын. Соған қарағанда, елу жас – адамның кемеліне келетін шағы-ау. Бұрын тек кәсіпкерлікті дамыту жайлы ойласам, соңғы 1-2 жылда халықтың жай-күйі, ұлттың болашағы көбірек толғандырып жүр.

– Өмірлік қағидаларыңыз бен ұстанымдарыңыз өзгерген жоқ па?

– Жоқ, өзгермеді. Маған осы облыстағы лауазымды бір кісі «Сіз неге Зоя Космодемьянская бола бересіз? Соғыс кезінде Зоялар қажет болды. Алайда оның бала-шағасы, қарамағында пәлен жұмысшысы жоқ еді…» дейді. Мен айтар едім, Зоядай патриоттар әрқашан керек. Менің басты өмірлік қағидам – адалдық. Жаным – арымның садақасы. Қай жасқа келсем де, мен ешкімге жалтақтамаймын, тура жолмен жүретін адаммын. Егер екінші мәрте туылар болсам, қайтадан осы қағидалармен өмір сүрер едім.

– Турасын айтып туғаныңа жақпайсың. Батылдығыңыз бен турашылдығыңыздан кейде опық жейтін кездеріңіз болатын шығар.

– Әрине, турасын айтып талай адамға жақпайсың. Көпшіліктің ішінде менің де жақтырмайтын адамым көп. Мені де жақтыратындар шамалы. «Білгішсініп кетті мынау» дейді. Бірақ менің сөзімді әркім өзінің қарым-қабілетіне, деңгейіне қарай түсінеді. Егер оның азаматтық ұстанымы мен ой-өресі менікімен бірдей болса, мен сияқты ойлап, түсінер еді. Әйткенмен ешкімге өкпем де, дұшпандығым да жоқ. Бір адамға қысастық жасап, бір адамның алдын кескен адам емеспін. Арым таза. Барлық адамға тек жақсылық ойлаймын. Қолымнан келсе, жәрдемімді аямаймын.

–  Сіздің депутаттық тәжірибеңіз Шымкент қалалық мәслихатынан басталғанын білеміз. Соңғы екі шақырылымда даоблыстық мәслихат депутатысыз. Бұл мандат Сізге не берді?

– Мен бұрын кәсіпкер ретінде жағдайын айтып келген бірлі-жарым адамға ғана көмек беретінмін. Жалпы облыстың тыныс-тіршілігімен жұмысым жоқ-тын. Өз қазанымда өзім қайнап жаттым. Ал, депутат атанғаннан кейін жауапкершілігім артты. Маған Шымкент қаласындағы 25 мың сайлаушым ғана емес, облыс аумағындағы халық сауал жолдайды, көкейдегі түйткілін айтады. Қазіргі таңда мен қалың бұқараға керек адам һәм солардың проблемасын шеше алатындай деңгейге жеттім. Осы мандаттың арқасында халықпен етене араласып, ой көкжиегім кеңейді.

Рәшкүл Оспанәлиеваның Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу сәті

Әрине, жұрттың алдына шығып, шындықты айту, жоғарыда айтқандай, әсіресе, билік өкілдерінің шымбайына батады. Олармен текетірестің салдарынан бизнесімнің өркендеуіне зияны да тиді. Қазір, әрине, «Береке-А» корпорациясынан мүлде кеттім. Енді бұл мекеменің директоры да, құрылтайшысы да емеспін. Бірақ жұрт әлі оны Рәшкүлдің кәсіпорны деп ойлайды. Сондықтан тендер, т.б. жағынан билік органдары кедергі келтіруде. Бүгінде менің бұрынғы мекемем әкімдікпен соттасып та жатыр. Осының бәрі – жергілікті атқарушы органдардың жұмысына қатысты әділдікті айтқаным үшін. Халықтың ақшасы ысырап болмасын деймін. Тендер лауазымды шенеуніктердің ешқайсысының ата-бабасынан қалған мұра емес. Мұны үнемі өздеріне де айтамын. Қайткен күнде де, Оңтүстік халқының жоғын жоқтап, қамын күйттеуден бас тарта алмаймын. Уақыт – төреші, халық – таразы. Түбі кімдікі – дұрыс, кімдікі – бұрыс, айдан анық боп көрініп тұрады. «Береке» бүгін тендер ала алмаса, ертең алады. Оның үстіне бес қаруы сай, тірлігі тап-тұйнақтай мекемеге өзге облыстан-ақ тендер алуға мүмкіндік бар. Бәлкім, бүгінгі табысы бұрынғыдай қомақты да бола қоймас.

– Дегенмен Сізді танытқан, депутаттыққа әкелген – азаматтық ұстанымыңызбен қоса бизнесіңіз. Өміріңізде ақшаның рөлі қандай?

– Ақша кез келген адамға қажет. Ақшасыз бейшара күйге түсесіз. Бірақ «Осыдан 29 жыл бұрын Рәшкүл Оспанәлиева Оңтүстік топырағына келін боп аяқ басқанда қандай еді, қазір қандай?» деп мені ертеден танитындардан сұрап көріңіз. Жоқ-жұқана жерден шығып, кейінірек қолына қыруар қаржы ұстаған адамдар байлықты көтере алмайтынын көріп жүрмін. «Семіздікті тек қой көтереді» демей ме. Бірақ мен қаршадайымнан ақша көріп өстім. Құдай кесірлігінен сақтасын, анадай жерде ақша жатса, мен еңкейіп қол созбаймын. Біз – бір кіндіктен он жанбыз. Бәрімізді әкеміз «Ақшаға қызықпа, оның құлы болма» деп тәрбиелеген. «Жерде жатса да, алма» дейтін. Денім сау болса, ақшаны, бәлкім, қарапайым жұмысшы болып-ақ табармын. Ақша ең басты құндылық емес.

– Облыстық мәслихаттың жаңа құрамының қалыптасқанына көп бола қойған жоқ. Өзара қарым-қатынастарыңыз қандай? Қаншалықты бірауыздысыздар?

– Бұл шақырылымда жаңа депутаттар көп. Көбісін жақын танымаймын. Бірақ біразы әлі жалтақ сияқты. Бәлкім, тәжірибесі аздығынан да шығар. Ал, төртінші шақырылымнан қайта сайланған депутаттардың бірлігі мығым. Олардың да біразы алдыңғы шақырылымда билікке бір, басқаға бір жалтақтап көрді. Одан түк шықпайтынын білді. Жастары да өсіп жатыр. Ол азаматтар енді имиджді ойлауда. Депутаттардың ішінде кімнің шындыққа тұратынын, кімнің өз пайдасы үшін сөйлейтінін, кімге сенуге болатынын, кімнің тайқып кететінін бәріміз бес саусағымыздай білеміз. Бұрынғы шақырылымнан жиырмаға жуық адам сайландық. Соның ішінде өзіндік көзқарасы мен пікірі, табанында бүрі бар он шақты депутат бар деп нық айта аламын. Несін жасырамын, бір тендерге бола сатылып жүрген депутаттар да жоқ емес. Ал, үндемейтін депутаттарды ешкім адам құрлы көрмейді. Тіпті, кейбір мәселелер бойынша олармен есептеспейді де. Кейбір депутаттар сессияға күн тәртібіндегі мәселемен таныспай да келеді. Содан барып «әйтеуір, әкімге жағайық» деп қол көтере салады. Оның несін жасырамын.

– Халық қалаулысы ретінде облыс әкімдігінің атқарып жатқан жұмысы туралы не айтасыз?

– Облыста кадр саясаты ақсап жатыр. Асқар Мырзахметов «Біздің облыста кадр жоқ» деп бір емес, бірнеше рет айтты. Оңтүстіктің талай азаматтары республикалық деңгейде сан алуан лауазымдарда қызмет етіп жүргенде, «Біздің облыста кадр жоқ» дегенге кім сенеді?! Мен мұнымен келіспеймін. Бұл – бір. Екіншіден, «Ырыс алды – ынтымақ» деп бастапқыда жап-жақсы тірлік басталды. Бәріміз қоштадық. Өкінішке қарай, кейінгі кезде ынтымақ болмай жатыр. Оған кім кінәлі? Әрине, бірінші басшы. Әуелгіде депутаттар да, халық та әкімге құдайдай сеніп, Түркістанға, Ордабасыға, Қазығұртқа, Сайрамға, Мақтааралға барды. Бірақ «ырыс алды – ынтымақ» деп сөзбен шектелу жеткіліксіз. Сөз бен іс қабысқанда ғана ынтымақ болады. Ауызбіршілікті қалыптастыратын қарапайым халық емес, елдің басшылары. Облыстың басшылары мәслихат депутаттарымен, аудан-қалалардың әкімдерімен қоян-қолтық жұмыс істесе алмай, әкімдерді жиі-жиі ауыстыра берсе, қандай ынтымақ болуы мүмкін?! Облыс әкімі орынбасарларының функциялары да бірнеше мәрте өзгертілді. Тіпті, қай орынбасардың қай салаға жауапты екенінен жаңылып қалдық. Әкімдер мен қызметтерді осылай сапырылыстыра берсек, қандай сапалы тірлік болады?! Жұмыс істеу дегеніміз бюджеттен бөлінген қаражатты игерумен шектелу емес. Кейде сол қаржының өзі өз орнымен жұмсалмайды. Жақында тұрғындардың шақыруымен Шымкент қаласының «Азат» шағынауданына бардым. Жаңадан бой көтерген 300 орындық балабақшаның күйі аянышты: бірінші қабатындағы едендер майысып, төмен түскен, ал, екінші қабаттағы едендер көтеріліп кеткен. «Осы нысанға мемлекеттен қаншама миллион қаражат бөлінді. Бүгінгі сиқы мынау…» деп тұрғындар зар илейді. Міне, осы  проблеманы айту – менің парызым. Сондай-ақ қазіргі таңда Шымкенттің шетіндегі шағынаудандарда қоғамдық көлік мәселесі шешілмей тұр. Кешкі сағат 7-ден кейін автобустар тоқтайды. Оларды да түсінуге болады. Жанармай бағасы қымбат. Жолақы мөлшерін көтермедік. Мұны субсидиялау есебінен шешуге болады. Қашанғы халықтың қалтасына түсеміз?! Онсыз да титықтаулы. Ол аздай, кеше бюджеттік мекемелердің мойнына өніп кеткен, шіріген картопты ілдік. Әлеуметтің иығына бар жүкті арта береміз. Құдайға шүкір, Үкіметте ақша жеткілікті ғой. Шымкентті бір миллион халық мекендейтін шаһар етпекшіміз. Қоғамдық көліктерді де соған сай етейік. Арық-атыздарды, су арналарын тазалауға арнайы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын құрып, қыруар ақша жұмсап жатырмыз. Жолаушыларды тасымалдауда да мемлекеттік кәсіпорын құрайық. Жекеменшіктермен бәсекелестік орнатып, сапаны арттырайық. Меніңше, осылайша бір амалын табуға ешқандай кедергі жоқ. Халық кешке шаршап-шалдығып жұмыстан қайтқанда, автобус күтіп жүйкесі жұқармауы тиіс.

 – Осы тұста «Шымкент қаласы әкімдігінің құлағына алтын сырға» дерлік біраз түйткілдің төбесі қылтиып тұрған секілді ғой.

– Шымкент қаласына талай әкімдер келіп, кетіп жатыр. Өз кезегінде орынбасарлары да ауысады. Бірақ «баяғы жартас – бір жартас». Қалада бір жүйе жоқ. Мысалы, Шымкентте жыл сайын жол жөнделеді де жатады. Неге? Өйткені коммуналдық шаруашылықтың жұмысын ешкім жүйелендірмейді. Жап-жақсы жол салынады, артынша оны бұзып су, газ немесе жылу құбырларын тартамыз. Неліктен осы салаларға жауапты мекемелер басшыларының басын қосып, кімнен кейін кімнің не атқаратынын жоспарлап алуға болмайтынына таңғаламын. Бұл мәселені мен 2003 жылы Ғ.Жұмжаевтың тұсында көтеріп едім. Одан Ө.Әмет 7 ай әкімдік етіп, ол да кетті. Осы күнге дейін оңған дәнеңе жоқ. Қонаев гүлзары пайдалануға берілгелі, бірнеше рет қазылды. Ал, қазылған жол ешуақытта тегістелмейді, бұрынғы қалпына келмейді.
Жолға жауапты облыстық тиісті басқарма тендер өткізеді. Бір қызығы, бұл басқарма қалалық автомобиль жолдары бөлімінен қай көшені жөндеу керектігін сұрамайды да. Құжатты әзірлеп алады да, «Мынаған қол қоясың» дейді… Облысты Ө.Шөкеев басқарған кезде жолдарды жөндеуге қатысты үлкен карта болатын. Былтырғы жөнделген жолды көк бояумен, биылғыны – қызыл бояумен, келер жылғыны жасыл бояумен сызып, белгілеп қоятын. Одан бері қанша әкім ауысты, ондай карта атымен жоқ.

– Сіз – Шымкент қаласынан сайланған депутатсыз. Шаһарға таяуда жаңа әкім тағайындалды. Оған көзқарасыңыз қандай?

– Қайрат Молдасейітов төртінші шақырылымда облыстық мәслихатта менімен бірге депутат болды. Ол да – ақты ақ, қараны қара деп айтатын жігіт. Шаруашылықтың адамы. Істің көзін біледі. Кәсіпкерліктен көтерілді. Бизнестің қыр-сырын меңгерген. Кәсіпкерлікке қандай кедергілер барынан хабардар. Өзіндік пікірі, ұстанымы бар. Кезінде халықтың мүддесі үшін Нұрғали Әшімовпен текетірескенде, 5-6 депутаттың арасынан табылған. Сондықтан Қ.Молдасейітовтің табиғатында зәру мәселені кейінге ысырып тастау, шығарыпсалма жауап беру деген қасиеттер болмауы керек. Менің ойымша, 5-10 теңгеге көзін сататын жігіт емес. Себебі, өзінің қарны тоқ, әл-ауқатты.
Бұрынғы әкім Арман Жетпісбай да кәсіпкерлерге жайлы болды. Ешкім «Арман бізге қысым көрсетті. Немесе мына қызметті саудаға салды» деп айта алмайды. Оның мұндай аты шыққан жоқ. Қайрат та сол биіктен табылады деп үміттенемін. Әрине, бір әкім бүкіл қаланың көшін жалғыз өзі сүйрей алмайды. Орынбасарлары мықтылық танытып, жәрдемші болуы тиіс. Шымкент Түркістан емес, үлкен межелерге қол созуда. Өзіндік проблемасы жетіп артылатын Сайрам ауданының бір бөлігі шаһар аумағына қосылмақ. Сондықтан бастапқыда әжептәуір қиналады. Ең бастысы, адал болсаң, айтқан сөзіңе жауап берсең, болды. Ал, шын мәнінде мойын бұрып үлгере алмай жатқан сала болса, халық түсіністікпен қарайды.

– Мерзімді баспасөзге сергек қарайтыныңызды білуші едік. Сұхбат соңында «Уақыт» республикалық қоғамдық-саяси газетіне қандай тілек білдіресіз?

– «Уақыт» газетін оқып тұрамын. Бұл басылымға алғаш рет сұхбат беріп отырмын. Газетке тек сәттілік тілеймін. Халықтың сүйіп оқитын газеті болсын! Халық сүйіп оқуы үшін, шындық жазылуы керек. Мемлекеттігі бар, тәуелсіздігі бар, бірталай газетті жаздырып алып оқимын. Өкінішке қарай, көбісін парақтап, жаба саламын. Мақалаларын бірінен-бірі көшіре салғандай әсер қалдырады. Ал, шындықты жазатын, ешкімнен тайсалмайтын басылымды жұрт өзі іздеп оқиды. Міне, шын жүрегіммен сондай газет жасауларыңызға тілектеспін. Ұжымдарыңызға, шығармашылықтарыңызға табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан
Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,
«УАҚЫТ».  

• Сіз не дейсіз?

Ұласбек СӘДІБЕКОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Рәшкүл Жәлелқызымен мен төртінші шақырылымдағы облыстық мәслихатта депутат болып, бірге еңбек еттім. Ол ОҚО-ның экономикасы мен әлеуметтік саласының дамуына зор үлес қосып жүр. Әйел азамат болса да, облыстың өкілетті органында өз орны бар, өз қағидалары бар, мәселені ашық айта алады. Қандай жағдай болса да, үнемі халықтың ортасынан табылады. Ылғи түрлі деңгейдегі қайырымдылық іс-шаралардың ұйытқысы болып жүреді. Балалар үйіне, әл-ауқаты нашар отбасыларға, жетім-жесір, кембағал жандарға қарайласып, демеушілік жасауды әдетке айналдыруы оның жүрегіне ізгілік ұялағанын көрсетеді. Сірә, сол еңбегі еленгені шығар, ол – бірнеше ауданның Құрметті азаматы.

 

 

 

 

 

 

• Сіз не дейсіз?

Лесбек ТӘШІМОВ, ОҚО мәслихатының депутаты:

– Рәшкүл – ештеңеден қаймықпайтын, әділдікті бетке айта алатын қызымыз. Ер азаматтарға «Екі әйел алыңыздар» деп мәселе көтеріп жүр соңғы уақытта. Оның іскерлігі жұмысының нәтижелерінен көрініп тұр. Кәсіпкерлікпен әркім айналысады, бірақ елге пайдасы тиетін, өзіме ғана емес, өзгеге де болсын дейтін азаматтар кемде-кем. Сондықтан өссін-өнсін, ұрпақтарының рахатын көрсін! Алған бетінен қайтпасын!

• Сіз не дейсіз?

Жанат ТӘЖИЕВА, Шымкент қалалық білім бөлімінің бастығы:

– Рәшкүл Оспанәлиева – өте еңбекқор адам. Қиын-қыстау кезеңде нартәуекел деп бизнес әлеміне қадам басты. Бағы да, бабы да шауып, заты әйел болғанымен, кейбір ер азаматтардың қолынан келмейтін тірлікті қолға алып, биік жетістікке жеткеніне тәнтімін. Ол – әрі ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ардақты ана, әрі үлкен адамгершілік иесі. Барлық ортада өз ойын бүкпесіз білдіреді, әділ сөйлейді, қара қылды қақ жарып, ақиқатты айтады. Азаматтық ұстанымы бар. Егер маған біреу «Кімге ұқсағыңыз келеді?» десе, «Рәшкүл Оспанәлиева ұқсағым келеді» деп ойланбай айтар едім.