САТИРА СҰР МЕРГЕНІМЕН КЕЗДЕСТІ

377
0

Шымкент қаласындағы С.Көбеев атындағы нөмірі № 56 мектепте ерекше мазмұндағы кездесу өтті.

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, елімізге танымал жазушы-сықақшы, Шона Смаханұлы атындағы әдеби байқаудың бас жүлдегері Мұхтар Шеріммен «Тәуелсіздігімізге 25 жыл. Өңіріміздің зиялы тұлғалары» атты кездесу жоғары сынып оқушылары үшін күтпеген сыйлық болды. Өйткені, сатирик өзінің «Талтайып тұрғым келеді, «Быт шытыңды шығарамын!», «Ымбаппа!», «Кешіріңіз, сіз есек емессіз бе?» деп аталатын төрт томдығы мен «Құдағи құшақтай береді» сатиралық кітабын кітапханаға сыйға тартты.

Мұхтар Шерім өзінің соңғы жазбалары: «Баламысың деген», «Ұят қой…», «Қиқарлар» сияқты әзіл әңгімелерін оқып, оқушылар мен ұстаздарды бір серпілтіп тастады. Біреу біліп, біреу білмейтін «Шаншар» театрының ұйымдастырылуына мұрындық болғанын, кезінде «Тамаша» театрына интермедиялар мен монологтар жазып тұрғанын, «Алдараспандағы» «Евромола», «Екі езудегі» «Қайта-қайта құлай бергені несі?», «Шаншардағы» «Үбән», «Жер сату» сияқты интермедиялардың да өз қаламынан туғанын әңгімелеп, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Кеш соңында мектеп директоры Эсма Құрбанқызы Бекзатова сатирикке шапан жауып, шығармашылығына сәттілік тіледі. Жазушы құрметіне қабырға газеті шығарылып, сынып бөлмесі белгілі сатирик атымен аталды.

Жаңабай ЖҰМАМҰРАТОВ,
Шымкент қаласы.