ОҢТҮСТІКТІҢ БАС ДӘРІГЕРІ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ сонымен бар мәселе шешіле ме?

345
0

Осы аптада Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы облыс әкімінің пәрменімен тағайындалды. Бұған дейін облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері болып істеген Мұқан Егізбаев облыстың бас дәрігері қызметіне барды. Көптің аузында болған мына бір мәселені осы жерде екшеп, ерекшелеп айта кеткеніміздің артықтығы бола қоймас.

Өткен жылдың соңында өңір басшысы болып қызметке келгеннен кейін Жансейіт Түймебаев «Риксос» қонақ үйінде баспасөз өкілдерімен еркін пікір алмасу мақсатындағы кездесу кезінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына кімді ұсыну жөнінде қаламгерлердің пікірін сұраған кезде «Жемқорлық-қорлық» газетінің бас редакторы Әсет Әссанди облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері, іскер басшы, медицина ғылымдарының докторы, облыстық мәслихаттың депутаты, Шымкент қаласының Құрметті азаматы Мұқан Кеңесбекұлының бірден бір дайын кандидат екендігін айтқан болатын. Мұндай пікірге дұрыс көзқарас білдірген облыс әкімі осы аптаның сәрсенбісі күні облыстық денсаулық сақтау саласының басшылық құрамымен арнайы кездесу өткізіп, басқарманың жаңа басшысының тағайындалғандығын, ол – Мұқан Егізбаев екендігін арнайы айтқан кезде, журналистік пікірді ескергендігіне көз жеткіздік.

Оңтүстік өңіріндегі денсаулық сақтау және білім саласы күрделі құбылыстарымен, сан алуан мәселелерімен, өткір олқылықтарымен ерекшеленеді. Бұған дейін басқармаға басшылық еткен Жұмағали Исмайловтың кезінде басқарманың басынан бұлт арылмады. Күрделі мәселелер болып жатты. Айтыс пен тартысқа да нүкте қойылмай ақыры басшының кетуіне жағдай туғызылды. Одан кейінгі басшы Сейітжамал Пакеевтің кезінде мұндай дау-дамайға жол берілмеді деуге болады. Сала басшысы өзін қандай қалыпты жағдайда ұстаса, басқарма атқарған жұмыстар да соған сай болды. Облыстағы басшылықты ол кісі барынша ықтиятты ұстауға мүмкіндік туғызды деген баға беруге толық болады. Пакеевтің іскерлігіне, барынша адалдықпен жұмыс істейтіндігіне ешқандай шек қоюға болмайды. Уақытпен санаспайтын, кадрлық саясатқа барынша байыпты қарайтын, адамдармен ортақ тіл табыса алатын Пакеевтің жұмыстан кетуі біраз азаматтардың көңіліне кәдімгідей ой салды. Сенбі, жексенбі күндері де жұмыста болып, өзгелерді де сол игі тәртіпке жұмылдыруы оның іскерлігінің, адамдардың саулығы үшін қаншалықты жауапкершілікті сезінетіндігінің айқын дәлелі болса керек. Пакеев қызметтен кеткен кезде облыстық, қалалық, аудандық ауруханалардың бас дәрігерлерінің 80 пайызы оны қимас сезіммен, үлкен құрметпен шығарып салғандығы басқарма басшысының беделінің қаншалықты екендігін бірден байқатты.

Енді облыстың денсаулық сақтау басқармасына жаңа басшы келді. Оның өз іскерлігін үлкен ауқымда атқаратынына сенім мол. Бұған дейін үлкен ауруханаға басшылық етіп, өзін барлық жағынан іскер басшы, білікті маман ретінде көрсете білген Мұқан Егізбаев басқалардан өзі атқарған іске лайық жұмысты талап етсе, соны табанды түрде жүзеге асыра білсе, онда көптеген мәселелер өз шешімін тауып, денсаулық саласында жаңа бір тосын леп болады дегенге толықтай сенуге болады.

Қыдыр ҚАЛИЕВ.