ТҮЛКІБАСТА 4 ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛМАҚ
Түлкібас ауданында тамақ өнеркәсібі мен туризмді дамыту жұмыстары мықтап қолға алынбақ. Бұл табиғаты тамаша ауданның табиғи көркін сақтап, оның ерекшеліктеріне орай ұйымдастырылып отырған шаруа. Нақтырақ айтсақ, биыл Түлкібаста отандық инвесторлардың қолдауымен құны 2,5 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайтын төрт жоба іске асырылып, ел игіліне берілмек.
Атап айтқанда, өңір халқын экологиялық таза табиғи өніммен қамтамасыз ету мақсатында Түлкібастағы Ақбиік ауылында жергілікті «Әбілмансұр» ЖШС-гі биыл озық технологиямен жабдықталған, тәулігіне 3-5 тонна сүт өңдеп, түрлі өнімдер шығаратын зауытын іске қоспақ. Қажетті шикізатты арнайы сүт жинайтын жергілікті кооперативтерден алу жоспарланып отыр. Жоба құны 236 млн. теңге.
Сондай-ақ, отандық өнімді дамыту, адам денсаулығына пайдалы өнімдерді тұтыну мақсатында ауданда жергілікті «Кен-тау» ЖШС-гі өз өнімдерін терең өндеу арқылы минералды және табиғи шырынды сусындар шығаруды қолға алмақ. Бүгінде аумағы 280 гектар болатын интенсивті бауда алмұрт, алма өсірілсе, одан жылына 2 мың тоннадан астам түрлі сусын шығару көзделіп отыр. Жоба құны 530 млн. теңге. Аталған жоба күз мезгілінде іске қосылғанда жергілікті 210 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Шет ел саяхатшылары мен республика тұрғындарына мінсіз қызмет ететін әлемдік стандарттарға сай тау бөктерінде орналасқан Жабағылы ауылында құны 600 млн. теңгелік «Жайлау» демалыс орны мен Керейт ауылында жалпы алаңы 1200 шаршы метр аумақты құрайтын, құны 1 млрд. теңгеден астам соманы құрайтын демалыс кешені (аквапарк) пайдалануға берілмек. Сауықтыру орнында мейрамхана, ойын павильондары және басқа да қосымша қызмет көрсету нысандары бар.
Мұнан бөлек, Түлкібаста индустрияландыру картасына енген жылына қуаттылығы 10 және 30 мың тонна тірі салмақта құс етін өндіретін жалпы құны 30 млрд. теңгелік екі жобаның құрылысы басталмақ. Оның бірі Сауд Арабиясы Корольдігімен бірлескен жоба. Сондай-ақ, аудандағы индустриалды аймақта ет және сүт, табиғи сусын шығаратын, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өндейтін құны 3 млрд. теңгеге жуық 6 жобаның құрылысы қолға алынады деп күтілуде.
Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз қызметі.