ШЫМКЕНТТЕ КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ ҚАСБЕТІ ЖАҢАРАДЫ

342
0


Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен Шымкенттің архитектуралық келбеті мен көлік инфрақұрылымын дамыту жайы туралы мәжіліс өтті. Жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, шаһар әкімдігіне қарасты аудан әкімдері мен салалық бөлім басшылары және 30-дан астам мердігер компанияның жетекшілері қатысты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Жиындағы бірінші мәселе — Шымкент әуежайынан әкімшілік іскерлік орталыққа дейінгі ұзындығы 17,8 шақырымды құрайтын орталық көшелер – Темірлан тас жолы, Желтоқсан мен Бәйдібек би көшелері, Д.Қонаев және Астана даңғылдарының бойындағы көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін әрлеу жайы бойынша баяндама жасаған Ғ.Әбдірахымов аталған басты бес көше мен даңғылдың бойындағы 17 көпқабатты тұрғын үй жөндеп, әрлеуді қажет ететінін жеткізді. Нақтырақ айтқанда, Темірлан тас жолы бойындағы 5 көп қабатты тұрғын үй мен Желтоқсан көшесі бойындағы 7, Бәйдібек би даңғылындағы 2, Астана даңғылындағы 3 көп қабатты тұрғын үйдың қасбеті ретке келтірілмек. Барлық тұрғын үйлердің қазіргі және болашақтағы өзгерген көрінісі өңір басшысының назарына ұсынылды.

«Аталған нысандардың сыртқы келбетін ретке келтіру мақсатында эскиздік жобалар дайындалды. Оған сәйкес, барлық көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттері мен бүйір беттерін толығымен және төменгі бірінші қабаттағы коммерциялық құрылымдарды (дүкендер, асханалар, кеңсе және т.б.) қою түстермен, гранит тастармен біркелкі стильде ретке келтіру қажет. Ал жоғарғы қабаттарын ашық түсте әрлеу (аспол) және қазіргі заманауи материалдарды (гипкий камень) қолданылатын болады. Бүгінгі таңда, әрбір үйге бір-бір мердігер мекемеден белгіленіп қойылды», — деді Ғ.Әбдірахымов.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселеге қаныққан аймақ басшысы көрсетілген барлық жобаларға оң бағасын беріп, қолдайтынын, десе де кейбір жобаларды қайта пысықтаудан өткізу қажеттігін айтты.
«Шымкент – Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы. Шаһарымызға келген қонақтар қалаға қарап, облысқа баға береді. Сондықтан, құрметті мердігерлер, жұмыстарды сапалы әрі мерзімді атқарып, оны іске асыруда отандық құрылыс материалдарын пайдаланыңыздар», — деді аймақ басшысы.
Мұнан соң, жиындағы екінші мәселе — шаһардың көлік инфрақұрылымын дамыту жайы туралы таныстылымды Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев жасады. Келтірілген мәліметке сәйкес, 2020 жылға дейін Шымкенттегі маңызды деген жол қиылыстарына бес жол айрық салынып, пайдалануға беріледі. Атап айтқанда, Бәйдібек-Арғынбеков-Назарбеков-Астана көшелеріне ортақ жол айрық салу жоспарланса, Жібек жолы-Сайрам, Рысқұлов-Қонаев, Бәйдібек би-Кіші айналма жолы және А-2 «Хоргос-Алматы-Шымкент-Өзбекстан Респ-ң шекарасы 674-705-621 шқ» автожолдарына жол айрықтар салу жобада бар. Бес нысанның алғашқы екеуі келесі жылдан бастап іске асырыла бастайды деп күтілуде.
Жобалар ретімен мұқият танысқан әкім оларды әлі де қайта қарап, қаржысын жан-жақты тиімді етіп есептеуді, сәйкесінше, нысандардың сапасына мән беруді жіті тапсырды.