БАСҚАРМАДАҒЫ БЫЛЫҚТАР НЕМЕСЕ КӨШЕРБАЙДЫҢ ҚАТЕЛIГI
«Дүние – көздiң құрты» деген сөздiң ақиқатқа айналғаны қашан. Ол дүниенiң опа бермейтiнiн бiле тұра, бүгiнгi билiк басындағылар қаншама жерден перiште болса да, алтынды көрген соң жолдан тайып жатады. Қолында билiгi болған соң аянсын ба, қоныштан басуға, мол дүниеден қарпып қалуға бейiм тұрады.
Заңның осалдығын бiлiп алған ондайлар құтылып кетуге де, сытылып шығуға да жол табады. Әйтпесе, қарапайым халық айлығын шайлығына жеткiзе алмай жүргенде, бiздiң шенеунiктер бiр айлықпен-ақ қос-қостан коттедж салдырып, қымбат көлiк мiнiп, шетелде демалатындай дүниенi қайдан алады дейсiз? Жең ұшынан жалғасу, мемлекеттiң қаржысын қарпып қалу, сыбайласқан жемқорлыққа жол беру – мұның бәрi де қалыпты жағдайға айналғаны соншалықты, елең етпеуге дағдыландық.
ОҚО әкiмi А.Мырзахметовтың атына облыс прокурорының мiндетiн атқарушы И.Имановтан ұсыныс хат келiп түстi. Онда ОҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Б.Көшербай мен «Табиғат қорғау» МҚК-ның директоры Ғ.Анарбековтың ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабы, 1-тармағының 4, 5 тармақшаларына және осы баптың 2-тармағына сәйкес тәртiптiк жауапкершiлiгiн қарауды, заңсыз әрекеттер салдарынан 2011-2012 жылдары облыс аумағындағы саны шектелмеген кәсiпкерлiк субьектiлерiнiң қызметiн жүзеге асыруда елеулi кедергiлерге жол берiлгенi және «Табиғат қорғау» МҚК-ның атқарған жұмыстарының тиiмдiлiгiн зерделеп, оның әрi қарай қызметiн жүргiзу мүмкiндiгiн қайта қарауды сұранған. Хош, сонымен Көшербай мырза қай жерден мүлт кеттi, Анарбеков айдың күнi аманында қалай адасты, ендi соған көшелiк.
Әңгiмемiздi әрiден бастайық. ОҚО әкiмдiгiнiң 10.04.2008 жылғы №100 қаулысы негiзiнде «Оңтүстiк су шаруашылығы» мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорны табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Табиғат қорғау» мемлекеттiк қазыналық кәсiпорны болып қайта құрылған. Кейiннен 25.12.2008 жылы қабылданып, 2009 жылдың 1-қаңтарынан қолданысқа жаңадан енгiзiлген Қазақстан Республикасының «Бәсекелестiк туралы» Заңының 77-бабына сәйкес, осы заң қоллданысқа енгiзiлгенге дейiн құрылған мемлекеттiк кәсiпорындар екi жыл iшiнде өзiнiң тиiстi тауар нарығында одан әрi жүргiзетiн қызметiне монополияға қарсы органның оң қорытындысын алуға мiндеттi болған. Алайда, «Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстiк Қазақстан облыстары» бойынша өңiраралық (монополияға қарсы орган) инспекциясы» ММ-нiң бастығы Е.Сүлейменовтың 29.12.2010 жылғы №508 НҚ бұйрығына сәйкес «Табиғат қорғау» МҚКК-нiң әрi қарай қызмет етуiне рұхсат берiлмедi және қызметiн тоқтату туралы шешiм қабылдаған. Демек, басқарма бастығының облыстағы 117 су шаруашылық нысандарын, яғни «Табиғат қорғау» МКК-ның меншiгiнде емес нысандарды жөндеу жұмыстарын заң нормаларын қолданбай толығымен беру туралы бұйрығы, сонымен бiрге, осы бұйрық негiзiнде түзiлген келiсiмшарттар заңсыз.
Айта кетер жағдай, монополияға қарсы органның қорытындысы бойынша облыс аумағында құрылыс-монтаж жұмыстарын атқаруға рұхсаты бар 1627 кәсiпкерлiк субьектiсi тiркелген. Басқарманың басшылығы тарапынан осы салада қызмет ететiн кәсiпкерлiк субьектiлерiнiң құқықтарына елеулi нұқсан келтiрiлiп, мемлекеттiк кәсiпкерлiк қызметке қатысуға заңсыз жол берiлген.
Сорақысы сол, «Табиғат қорғау» МКК-ның директоры Ғ.Анарбеков облыс аумағындағы су шаруашылығы нысандарының жөндеу жұмыстарын кәсiпкерлiк субъектiлерге қосымша мердiгер жалдап, бюджет қаржыларының бiрқатар бөлiгiн негiзсiз ұстап отырған. Мысалы, «Табиғат қорғау» МКК-ның директоры Ғ.Анарбеков және қосалқы мердiгер «Lcti-Б и Д» ЖШС-нiң директоры А.Үмбеталиев арасында 16.04.2012 жылы №07 келiсiм-шарт түзiлiп, онда Түркiстан және Кентау қалаларында орналасқан су шаруашылық нысандарының жұмыс iстеу қабiлетiн қалпына келтiру жұмыстарын 171874671 теңгеге орындауға келiсiм жасалған. Ал, аталған нысандарға басқарма тарапынан мердiгер «Табиғат қорғау» МКК-на бөлiнген бюджет қаржысы – 180854671 теңге болатын. Осылайша, «Табиғат қорғау» МКК-ны саусағын қимылдатпай-ақ, 10 миллион теңгеге жуық қаржыны иемденiп кетедi. Мұндай мысалдар бiр бұл емес, Ғ.Анарбековтың «Алтынбек и Б» ЖШС-i, «Жигита», «Star Stroi» ЖШС-iмен де келiсiм-шарт түзгендiгi анықталды. Түсiнiксiзi сол, басқарма тарапынан мемлекеттiк сатып алу конкурсын қолданбай, «Табиғат қорғау» МКК-на заңсыз артықшылықтар көрсетiлген. Оны айтасыз, 2011 жылы «Табиғат қорғау» МКК-ның жұмыс жасау құқығы тоқтатылып, ол туралы басқарманың лауазымды тұлғаларына белгiлi болғанына қарамастан, басқарма бастығы Б.Көшербай аталған заңды тұлғаға қызметтер беру деректерiне жол берiп келген. Мұнан бөлек, кәсiпорын директоры Ғ.Анарбеков өзiне сенiп тапсырылған мемлекеттiк мүлiктi заңсыз иемдену мақсатында қызметтiк жалғандық жасап, ресми құжаттарды бұрмалау арқылы мемлекетке iрi мөлшерде залал келтiрген.
Атап айтқанда, маусымдық жұмыста уақытша еңбек еткендер жұмыстан босап кетсе де табель толтырып, банктен 2045427 теңгенi есепшi И.Манжулинамен бiрге бас пайдаларына жаратқан. Аталған фактiлер бойынша Ғ.Анарбековке, И.Манжулинаға және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық iс қозғалып, бүгiнде тергеу жұмыстары жүргiзiлiп жатыр. Анарбековтың тiрлiгi мұнымен де шектелмептi. Мемлекеттiк сатып алу туралы заң талаптарын өрескел бұзып, мемлекет тарапынан бөлiнген қаражатты өзiнiң туыстарымен келiсiм-шартқа отыру арқылы бөлiп келген. Мысалы, келiсiм-шартқа отырған «Тоғай-сервис», «Ел-Сан-Ай» ЖШС-нiң директоры өзiнiң туған жездесi болса, «Азиз Z», «Дара и М» ЖШС-нiң директоры Анарбековке нағашы болып келедi. Ал, «Достар комплекс» ЖШС-i мен «Бөржар ЗПО» СПК-iң директоры да нағашысы, «Темiр» СТК-iң директоры нағашысының жұбайы да, «Табиғат қорғау» МКК-мен М.Аманкелдиеваның (Ғ.Анарбековтың қарындасы) Сарыағаш ауданында орналасқан ғимаратты жалға алғаны үшiн мемлекеттен МКК-ы арқылы айына 400000 теңгеге келiсiм-шарт түзген.
Осындай былықтардың барлығы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан орын алып жатса да, басқарма бастығы Б.Көшербай бұған көз жұма қарап, «Табиғат қорғау» МКК-на барынша қолдау көрсетуiмен қатар, сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын мүмкiндiктер берген. Созақ, Қазығұрт аудандарында орын алған қылмыстық әрекеттер, нәтижесiнде мемлекетке келтiрiлген 12 миллион теңге залал өз алдына бiр төбе.
Басқарманың бұрынғы бастығы Б.Көшербайдың осындай қателiкке жол беруiнiң арқасында мемлекетке миллиондаған сомада залал келуiнен бөлек, қаншама кәсiпкерлер мен қарапайым еңбек адамдарының құқықтары тапталды. Ендi iстеген iстерiне есеп берер уақыт жеткен сыңайлы, заң алдында да, ар алдында да!
Қыдыр ҚАЛИЕВ.