ОҚО-ДА ДАЛА, ОРМАН ӨРТТЕРІНІҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ БАСТАЛДЫ
Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы аптада ауа райы күрт ысып кетті. Осыған орай өңірдегі ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, дала, орман өрттерінің алдын-алу шаралары күшейтілді. Сондай-ақ, шомылу маусымының басталуына байланысты қауіпсіздік шаралары қолға алынып отыр.
Облыс әкімдігінде өткен селекторлық мәжілісте ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында атқарылған іс-шаралар туралы облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Серік Тұрбеков баяндама жасады. Оның айтуынша, биылғы жылы эпизоотиялық іс-шараларды атқаруға 2118,0 млн. теңге қаржы қаралып, оның ішінде 14-тен аса жұқпалы ауруларға қарсы вакцина егу, 1 ауруды дегельминтизациялау, 2 ауруға аллергиялық тексеру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілген.
Мәжілісте дала және орман өрттерінің алдын алу шаралары да пысықталды. Қазіргі таңда орман қорғау мекемелерінде өртке қарсы 110 техника әзірленіп, 922 адамды құрайтын өрт сөндіруші жасақтары құрылған. Мемлекеттік орман қоры жерлерінде 230 шақырымдық жаңа минаралды жолақтар салыныпты. Алайда шалғай жатқан елді мекендер мен орман-даладағы өрттерді дер кезінде сөндіру үшін облыс аумағында қосымша 74 өрт сөндіру бөлімшелерін құру қажет.
Бұдан бөлек, өңірімізде жазғы шомылу маусымына дайындық шаралары қарқын алып отыр. Десек те, жыл басынан бері облыстағы су айдындарында 14 адам қаза болса, оның 10-ы кәмелет жасқа толмаған балалар. 2016 жылы 76 адам суға кеткен. Соның 43-і балалар, ал 20-сы 2-5 жасқа дейінгі бүлдіршіндер.
Осы жайттарға қаныққан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жазғы шомылу науқанында үгіт-насихат жұмыстарымен қатар, жүзуден арнайы сабақтар өткізуді тапсырды.
«Оңтүстікте жазғы шомылу науқаны басталып кетті. Сондықтан барынша сақ болып, дайындық шараларын күшейтуіміз керек. Сондай-ақ мектеп жасындағы балаларға жүзуді үйрету керек деп ойлаймын. Өйткені, кез-келген жағдайда жеткіншектеріміз өзін-өзі қорғауға дайын болуы тиіс. Бұдан бөлек, өзен-көлдердің жағалауларына арнайы шомылу бассейндерін көптеп ашуды тапсырамын. Бұл өз кезегінде шомылу науқанындағы қайғылы жағдайлардың алдын алуға септігін тигізетін болады. Дамыған мемлекеттерде солай. Ағын су мен көлге шомылу әркез қауіпті. Ал, жаппай жүзуді үйрету – бүкіл дүние жүзіндегі мәдениет болып саналады», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Мәжіліс барысында өңіріміздегі шегірткеге қарсы күрес шараларының барысы да назардан тыс қалған жоқ. Зиянкестерге қарсы күрес жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатыр. Биылғы жылы облыс бойынша марокко шегірткесіне қарсы химиялық күрес шаралары жоспарланған 257,58 мың гектарға қосымша 155,0 мың га қосылып отыр.
Бүгінгі таңда 356,022 мың гектарда өңдеу жұмыстары жүргізілді. Өңдеу жұмыстарына 72 дана жерүсті агрегаттары мен 2 дана ұшақ қатысып, ауа райы қолайлығына қарай 4-5 күнде аяқтау жоспарланып отыр. Техникалардың жағдайы қанағаттанарлық. Химиялық дәрі-дәрмектер жеткілікті. Әзірге ешбір ауданда егістіктерді жаппай шегіртке басу фактілері тіркелмеген.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі