ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ 1 МЛРД 330 МЛН ТЕҢГЕГЕ АРТТЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында соңғы 4 айда 13 ауыл шаруашылық кооперативі құрылды. Оның төртеуі ет, үшеуі сүт, алтауы егін шаруашылығы бағытында жұмыс істейді. Сондай-ақ 2017 жылдың 4 айында ауыл шаруашылық саласында 6 млрд. 346 млн. 300 мың теңгенің өнімі өндірілген. Бұл туралы Өңірлік коммуникация орталығында Елбасы Жолдауынан туындаған тапсырмалардың орындалу барысы туралы өткен баспасөз мәслихатында Ордабасы ауданының әкімі Алмасбек Мамытбеков мәлім етті.
Аудан басшысының айтуынша, Ордабасы ауданында ағымдағы жылдың 4 айында инвестиция көлемі 1 млрд. 330 млн. теңгені құраған. Өнеркәсіп саласында өндірілген өнімінің көлемі 5 млрд. 020 млн теңгеге артыпты. «Ауданымызда жоспарға сәйкес 15 гектар жылыжай құрылысын салу жоспарланып, бүгінгі күнге 7,2 гектар жылыжай құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылы жоспар толық 100 пайызға орындалады. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге қарқынды су үнемдеуші технологиялары өндірілген егістік жердің көлемі –жалпы 4524 гектарды құрады. Қазіргі таңда Ордабасы ауданында тамшылатып суару әдісі 624 гектар жерге ендірілген»,- дейді Алмасбек Мамытбеков.
Кәсіпкерлік саласы аудан экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесі 29 пайызды құрайды. Тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктегі кәсіпорындардың саны 9 686-ға жеткен. Бұл құрылымдар бойынша 20 852 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Шағын және орта бизнес субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 4 айда 7 млрд. 068 млн. теңгеге жетіп, одан түскен салық көлемі 106 млн 100 мың теңгені құраған.
Жергілікті деңгейдегі кәсіпкерлермен шағын несие ұйымдары арқылы ағымдағы жылы 1132 жобаға 524 млн. 300 мың. теңге несие берілген.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі