ЛЕҢГІР КӨРКЕЙІП КЕЛЕДІ

382
0

Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков аудан журналистерімен кездесу барысында ауданның ақпараттық ашықтығын барынша кеңейте түсу, аудан тұрғындары мен қоғамға атқарылып жатқан істердің жариялылығын, қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында әкімдікке қарасты мемлекеттік мекеме басшылары аудан журналистерімен апта сайын брифинг өткізу туралы айтылған болатын. Осыған сәйкес, брифинг кестесі бекітіліп, жұмыс басталып кетті.
Кеше, Төлеби аудан әкімдігінің конференция залында қала әкімі Болат Әділбеков және аудандағы БАҚ өкілдері қатысуымен алғашқы брифинг өтті.
Басқосуда қала әкімі Леңгір қаласының 2018 жылдың 8 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы міндеттері мен жоспарларымен таныстырды. Атқарылған жұмыстар слаид арқылы таныстырылды. Бюджет саласынан бастаған қала әкімі осы жылдың 8 айына қала әкімі аппаратының бюджеттік бағдарламаларына 286239,0 мың теңге қаралып, бөлінген қаржының толығымен игерілгенін, жер, мүлік, көлік, табыс салықтарының да 100,6 пайызға орындалғанын айтып өтті. Кәсіпкерлік, өнеркәсіп, жұмыспен қамту және әлеуметтік салаларда да ілгерілеушілік бар. 23 жұмыссыз азаматтар тігінші, азпаз, слесарь, электрик мамандықтары бойынша арнайы курстарға жіберілген. 4 жұмыссызға төмендетілген несие алуға жолдама берілген. 175 жұмыссыз тұрақты жұмыспен қамтылып, 47 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген. 85 жұмыссыз қоғамдық жұмыстарға тартылған. 76 жас маман жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен мемлекеттік мекемелерде жастар практикасынан өтуде. Білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларындағы жетістіктерді айта келген Б.Әділбеков құқық қорғау саласы бойынша 8 айда бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша 81, (ашылғаны 34), мал ұрлығы бойынша 5 (5 ашылмаған), пәтер ұрлығы бойынша 17 (ашылғаны 7), денсаулыққа зиян келтіру 4 (ашылғаны 4), бұзақылық 13 (ашылғаны 12), алаяқтық 6 (ашылғаны 4) оқиға орын алғаны туралы айтты. Өкінішке орай мал, пәтер ұрлығының ашылу мүмкіндігі төмен болып тұрғанын тілге тиек етті. Ветеринария саласына аз-кем тоқталып кеткен баяндамашы қаланы көркейту, көріктендіру, көгалдандыру жұмыстарына кеңінен түсінік берді. Өйткені осы салаға көңіл барынша аударылып, соңғы жылдары қаламыз ажарлана түсті. Дегенмен де жаңадан егілген көшеттерді сындыру, малға жегізу, отырғызылған әсем гүлдерді ұрлау, көше шамдарын сындыру, баннерлерді жырту, қанатты сөздердің әріптерін бір-бірлеп жұлып кету, штакетниктерді құлату сияқты бұзақылықтардың азаймай тұрғанына қынжылыс білдірді. Дегенмен де жұмыс тоқтап қалмай, гүлзарлар уақытылы суғарылып, көшеттер күтімге алынған. Баннерлер мен істен шыққан шамдар дер кезінде жаңартылып тұрады. Орталық Төлеби көшесі бойындағы түнгі жарықтар «GEMERA» диодты шамдарына толығымен ауыстырылған. Бірінші мөлтек аудандағы көп қабатты үйлердің аулалары мен Ақмаржан көшесінде 5 жерге балалар ойын алаңшалары орнатылып, Достық көшесі бойына спорт алаңшасы жасалуда. Орталық автобекет аумағының кеңейіп, жол-көлік қозғалысына ыңғайлы жағдай жасалғаны бәрімізге белгілі. Новостроевка поселкесіндегі Қапал батыр көшесі қиылысына Ied экранын орнату, сол аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бірінші мөлтекауданда сағат стелласын орнату жұмыстары басталды. Орталық көшелердің қасбеттері әрленіп, бір түске әктелінді. Басталған шаруалардың барлығы қазан айында болатын Қала күніне дейін толық аяқталады деп күтілуде.
Б.Әділбеков алдағы жылдары Леңгір өзені бойынан қалалықтар мен қонақтар сейіл құратын демалыс орнын ашу туралы жобасымен де бөлісті.
Қала әкіміне журналистер тарапынан тазалық, көркейту жұмыстары, ауыз су, жолдардың ескіруі жөнінде сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар алынды.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

50