ТӨЛЕБИДЕ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ

168
0

Аудан әкімі: «Мұғалімдер тек өзінің тікелей міндеті – бала оқыту мен оның тәрбиесімен ғана айналысуы қажет» деп үндеу тастады. Жуырда мұғалімдердің тамыз кеңесі өтті. Аудан әкімі қатысқан білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі аудандағы білім саласының жетістіктерін көрсетумен басталды.
Аудандық мәдениет үйінің алдында және фойесінде жаңа білім беру кадрларын даярлау технологияласын баяндайтын ақпараттық стендтер мен көрмелер және «mektep.sitcen.kz», «jumys.sitcen.kz», «Күнделік», «Bilimlend» атты білім саласындағы порталдарының мүмкіндіктерінің көрсетілімі өткізілді. Оқушылар өздері құрастырған роботтарымен таныстырып, бірінші басшыларға модельдеу және бағдарламалау жұмыстары туралы түсінік берді.
Білім бөлімінің басшысы Роза Аманова конференцияға қатысушыларын құттықтай отырып, бүгінде ең өзекті мәселелердің бірі мектептерді компютерлендіру екенін атап өтті. Қазіргі таңда бір компьютерге он төрт оқушыдан келеді. Сондай-ақ, ауданның бас мұғалімі өз сөзінде биыл ұстаздардың кәсіби теориялық біліктілігін, сапасын арттыруға бағытталған жаңа ереженің апробациясы өткізілгенін хабарлады. Оған аудандағы 2902 ұстаздың 381-і жаңа үлгідегі аттестаттауға қатысып, оның 280-і біліктілік тесттен өткендігін айтты.
Облыстық білім басқармасының бас маманы Жүнісова Ақмарал Мырзабекқызы білім саласындағы жаңалықтар туралы айтып өтті.
Оның айтуынша, биылғы жылы алғаш рет Төлеби ауданының барлық мектептерінде өлкетану жаңа пәні енгізіледі.
Аудан әкімі Бауыржан Омарбеков білім саласындағы проблемалық мәселелерді шешу бойынша сөз сөйледі. Ол өз сөзінде мұғалімдер біздің қоғамның интеллигенциясы ретінде тек баланың оқу- тәрбиесімен ғана айналысулары қажет екенін атап өтіп, мұғалімдер негізсіз, ретсіз өзге де істермен немесе мектептің мәселелерімен айналыспау керек деп үндеу тастады.
Сондай-ақ, аудан әкімі жаңа оқу жылынан бастап жаратылыстану-математикалық пәндерді ағылшын тілінде жүргізетін В1, В2, С сертификаттарын иеленген 81 ұстазға 12 млн. қаржы қаралатынын атап өтті.
Жиын соңында аудан басшысы жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, еңбегі сіңген ұстаздарға сыйлықтары мен гүлдерін табыс етті.
Жеті ұстаз аудан әкімінің Алғыс хатымен, 10 ұстаз аудандық мәслихат хатшысының, 6 ұстаз облыстық мәслихаттың Алғыс хаттарымен марапатталды. Ал, биылғы ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған оқушылары бар №3 П.Тәжібаева атындағы мектеп директоры Қалима Ижанова ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет Грамотасын иемденді.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

59