БҰЛ ҰЛЫ ӨЗГЕРІСТІҢ ЖАЛҒАСЫ

276
0

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына үндеу жолдады.
Мемлекет басшысы Парламент палаталарының жетекшілері және Конституциялық кеңес мүшелерімен кеңесе отырып Қазақстан Республикасы Президентін кезектен тыс сайлауын   2019 жылғы 9- маусымда өткізу жөнінде шешім қабылдағандығын жариялады.
Сарапшы ретінде мен мемлекет басшысының бұл қадамын дұрыс шешім деп қабылдап, мұны еліміздің саяси өмірінде болып жатқан ұлы өзгерістердің жалғасы деп білемін.
Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік қауымдастықпен терезесі тең өркениетті ел болып өрістеуі, экономикалық тұрғыда қуатты мемлекет болып өркендеуі, жаһандық саяси үрдістерге жауап беретін мемлекеттік басқару тетіктерінің қалыптасуы, жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім қағидаттарының салтанат құруы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты екені ақиқат.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өзінің әрі қарайғы даму жолында Елбасы негізін қалаған сара саясатты ұстанатынын мәлім етті.
Мемлекет басшысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев республика өңірлерінде болып, қалыптасқан қоғамдық-саяси ахуалды саралады, халықтың көңіл-күйін зерделеп, жүргізілуі тиіс мемлекеттік саясаттың бағыт-бағдарларын айқындады. Тұрғындармен кедергісіз байланыс орнатудың оңтайлы құралы ретінде әлеуметтік желілердің әлеуетін ескеріп, атқарушы мемлекеттік органдар басшыларына әлеуметтік желілерге тіркелуін жүктеді. Өзі де интернет кеңістікте мейлінше қолжетімді болып, қабылдаған саяси шешімдері жөнінде кеңінен мағлұмат беріп келеді.
Зер салар болсақ, мұның барлығы Елбасы айтқан кәсіби мемлекеттік аппарат құру талабымен үндесіп жатыр. Түрлі деңгейдегі мемлекеттік органдар жетекшілерінің әлеуметтік желілерге тіркеліп, халықпен етене жұмыс істеуі, қабылданған мемлекеттік бағдарламалар жөнінде кеңінен ақпарат беруі, өзекті мәселелер жөнінде мемлекет ұстанымын білдіруі – бұл сайып келгенде мемлекеттік аппарат кәсібилігінің бір саты жоғарылағанын, оның мейлінше ашық және жариялы болғандығын аңғартса керек.
Еліміздің саяси өмірінде болып жатқан осынау өзгерістер уақыт талабымен, замана сұранысымен үйлесе үндесіп отыр. Жоғары билік өркениетті елдерде қалыптасқан дәстүр бойынша халықтың таңдауын білдіретін ашық сайлау нәтижесімен, бейбіт жолмен тағайындалуы қажет. Мемлекет басшысы ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы Президент сайлауы халықтың еркімен, таза, ашық және әділ өтетініне кепілдік берді.

Ендігі міндет – біз, қатардағы қазақстандықтар еліміз үшін тағдырлы кезеңде өтіп жатқан саяси науқанға барынша жауапкершілікпен қарап, ішкі бірлігімізге, ырысты ынтымағымызға сызат түсірмеуіміз қажет.

Бектай ОРМАНОВ,

ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының Шымкент қалалық өкілдігінің жетекшісі.