ШАРДАРАДА КӨГІЛДІР ОТЫН МӘСЕЛЕСІ 2023 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ ТОЛЫҚ ШЕШІЛЕДІ
Бүгінде Түркістан облысы, Шардара ауданында №18 газ тарату станциясы салынып жатыр. Жоба іске қосылғанда Шардара қаласы мен 11 елдімекен көгілдір отынға қол жеткізетін болады.
Бұл туралы uakit.kz Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Аудандық тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Еркебұлан Каратунов құрылыстың жұмыс кестесіне сай, сапалы түрде атқарылып жатқанын жеткізді.
«Халықты газбен қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылы Достық, Сүткент, Қызылқұм, Ақалтын, Егізқұм ауылдарына газ құбырын тарту жұмыстарын бастадық. Мұндағы құрылыс жұмыстары жоспар бойынша жыл соңына дейін аяқталатын болады. Қазір салынып жатқан станцияда пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жалпы 2023 жылға қарай ауданда газ мәселесі 100 пайызға шешілетін болады», — деді Еркебұлан Каратунов.
№18 газ тарату станциясының құрылыс жұмыстары 2017 жылы басталған. Жобаны іске асыру үшін облыстық бюджеттен 2 млрд. 912 млн. 634 мың теңге қаралған.
Айта кетейік, жалпы ауданда әзірге 3 елдімекен толығымен табиғи газбен қамтылған. Бұл ауылдарға №17 газ тарату станциясы арқылы көгілдір отын жеткізіліп отыр.
uakit.kz