«Мемлекеттік қызметтің міндетін түсінбейтіндер көп»
Тассай – облыс орталығына тиіп тұрған, ірі өндіріс орындары көп аймақ. Бес елдімекенді құрайтын округте осыдан бірнеше жыл бұрын шешімін күтер әлеуметтік мәселелер шаш-етектен болатын. Айқайы мен шуы басым әкімшілік аумағында қылмыс та құрықталмай, көпшіліктің көңілін күпті етер түйткілдердің шешімі табылмай жүретінін білетінбіз. Жұмыссыздық алқымнан бір алса, елдімекендердегі ауызсу, жол жөндеу, мәдени-ағарту нысандарының талапқа сай болмауы, ауыл шаруашылығының ақсап жатуы – мұның барлығы ауыл әкімі үшін аз жұмыс емес. Аудан бойынша рейтингтік көрсеткіштің көш соңыда жүретін Тассайдың проблемасын шешу аудан басшылығын да ойландырмай қоймайтын. Сондықтан болар, 2011 жылдың басында ауылдық округке әкім болып Мәрия Қалыбаева тағайындалғанда, көпшілік арасында «ер азаматтар көтере алмаған шоқпарды заты әйел қалай көтермек?» дегендер де болды. Бірақ қазір ол айтылған әңгімелер артта қалып, Тассайға барғандар ондағы атқарылып жатқан жұмыстарды тамсана айтатын болып жүр. Елден естіген бір бөлек те, көзбен көрген басқа ғой. Біз ауыл әкімінің өзіне жолығып, Мәрия Жаһангерқызын ашық әңгімеге шақырдық.
– Мәрия Жаһангерқызы, ұмытпасам, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында менің аудандық газеттің бірінші бетінде «Мәриям – өзіміздің қазақ қызы» деген мақалам жарияланған болатын. Ол кезде мектепте қызмет атқаратын сияқты едіңіз.
– Есімде. Аудан орталығындағы С.Сейфуллин атындағы мектепте қызмет атқаратынмын. Жастайымнан өнерге жақын болдым, сахнада ән айтып, қойылымдар қоятынбыз. Жазу-сызуға да икемім бар болғандықтан болар, газет-журналдарды жастанып жатып оқитынмын. Өзім – Бәйдібек ауданының тумасымын. Өзіңіз білесіз, ол өлкеде өнерді серік етпеген жан кемде-кем. Ата-анама тым еркелеп өскендіктен бе, жүрген ортамда ашықпын, бәрімен тез тіл табысып кетуге ұмтыламын.
– Мемлекеттік қызметке қалай келіп қалдыңыз?
– Жоғарыда айтып өттім газет-журналға жақын екенімді. 2001 жылы болса керек, аудандық «Мәртөбе» газетіне жауапты хатшылыққа шақырғанда, бірден келісімімді бердім. Осында жүріп, екінші жоғағары оқу орнын бітіріп алдым. Газеттің тіршілігі қызық әрі жауапты. Бұл кезде аудан әкімі Қуаныш Айтаханов болатын. Бірде ол кісі мені өзіне шақырып алып, аудандық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болуға қалай қарайтынымды сұрады. Шынымды айтсам , қатты қобалжыдым. Енді ше, аудандағы бүкіл идеологияны басқару деген, сол кездегі ойым бойынша қиямет-қайым болатын. «Ойланайын» дедім. «Онда құжаттарыңызды конкурстық комиссияға өткізіңіз» деген Қуаныш ағаның таңдауы неге маған түскеніне таң қалдым. Қабырғаммен кеңестім , ағайын-туыспен ақылдастым, бәрі де мұндай мүмкіндікті мүлт жібермеумді айтады. Сонымен құжаттарымды конкурстық комиссияға өткіздім. Байқауға менен басқа ауданға танымал бірнеше үміткерлер қатысты. Шындығы керек, таза жеңіске жеттім. Білімім де, біліктілігім де жететін. Сөйтіп, ойламаған жерден мемлекеттік қызметкер атанып, ішкі саясаттың тізгінін алдым. Осы қызметте тапжылмай жеті жыл істеппін. Өкінбеймін, мол тәжірибе жинадым, көпшілікпен араластым, өзекті мәселелерді шешуге ұйытқы болдым. Қазір ғой, мемлекеттік қызметке келген көптеген жастар өз міндеттерін түсінбейді. Содан кейін ғой, жұмыстары жүйеленбей, тірліктері оңбай жататындығы.Айтахановтан кейін ауданды басқарған Өмірзақ Әмет, Әуелхан Тұрғымбеков, Мұхит Әлі, Уәлихан Қайназаровпен істес болдым. Бәрімен тіл табысып, қолға алынар істерімізді ақылдасып, бірлесе атқардық. 2010 жылдың басында Уәлихан Анарбайұлы мені артта қалған, проблемасы көп Тассай ауылдық округіне әкім болып баруымды өтінгенде ешбір қынжылмастан, келісімімді бердім. Себебі, мұндағы шешілуі тиіс мәселелер маған бұрыннан таныс болатын.
– Мұнда өзіңізді тосырқай қарсы алған шығар?
– Ондай болды. Көпшілік болған соң әртүрлі мінез, қилы қасиеттер болуы заңды құбылыс. Ауданға мен бөтен емеспін,келін болып келгелі еңбегімді ел игілігіне жұмсап келемін. Ашық-жарқын мінезім мұнда да әжетке жарады. Бәрімен тез тіл табысып, ортақ мәселелерімізді бірлесе шешуге әрекеттендік. Бірінші кезекте ауылдың әлеуметтік мәселелеріне ден қойдық. 2011 жылдың осы кезеңінде контигент бойынша 1 адамға шаққанда табыс көлемі 14440 теңге еді, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 20420 теңгеге жеткіздік. Округ көлеміне орналасқан ірілі –ұсақты 18 кәсіпорынмен ортақ мәмілеге келіп, салық түсімдерін көбейттік. 52 жеке шаруашылық, 15 заңды тұлға мен 3 шаруа қожалығы экономикалық дамуымызға өз үлестерін қоса білді. Ауыл шаруашылығы саласынан да табыс тауып, мал шаруашылығын өркендетуге, асылдандыруға, бордақы малдың санын арттыруға бет бұрдық. Нәтиже жаман емес. Өзге әкімшіліктерден кейін қалып келген Тассай қазір рейтингтік көрсеткіште қақ ортада. Жыл соңына дейін алдыңғы үштікке ілігуді жоспарлап отырмыз. Жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында жаңа өндіріс орындарын ашушыларға қолайлы жағдай туғызуға, кәсіби білім алуға, кәсіпкерлікпен шұғылданушыларға қолдау көрсетуге арнайы бағдарламалар түзілді. Тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасылар есепке алынды. Оларға, соғыс және еңбек ардагерлеріне демеушілер есебінен лайықты құрмет көрсетіліп, сый-сияпаттар жасалып тұрады. Шешімін күтер мәселелер де жоқ емес, тұрғындардытабиғи газбен қамтамасыз ету, ауызсу құбырларын тарту, жол жөндеу сындыжұмыстарды жүзеге асыру үшін тиісті орындарға хатпен шығып, оң шешім қабылдауға қаржы сұрадық. Қандай мәселе болса да, ел ағаларымен, әкімдік аппаратымен бірлесіп шешуге тырысамын. Әсіресе, өзімнің орынбасарым Мұхтар Төледияровтың еңбегі басым, ешбір тыным таппай, қайтсек ауылдың ахуалын көтереміз деп жүгіріп жүргені.
– Түзде әкімсіз, ал отбасында кімсіз?
– Қай жерде жүрмейін, өзімнің нәзікжанды әйел екендігімді ұмытпаймын. Қанша айтқанмен жолымыз жіңішке жанбыз ғой, көбінесе ер азаматтың жолын кеспеуге тырысамын. Рас, жұмысым өте ауыр. Бірақ моюға құқым жоқ. Маған сенім артылған екен, үдеден шыға білуім керек қой. Кешке сүріне – қабына үйге жеткенде алдымнан шауып шыққан немерелерімді көріп, әп-сәтте шаршағанымды ұмытамын. Алтын асықтай келінім жолымды күтіп, бар тәтті- дәмдісін алдыма тосады. Жолдасым Сәметтің мамандығы геолог. Қызылорда обылысындағы Құмкөл кенішінде вахталық негізде жұмыс істейді. Екеуміз 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірдік. Қыз-тұрмыста, үлкен ұлым Руслан отбасылы да, кіші ұлым Өмір әне – міне келін түсіргелі жүр. Бәрі де жоғарғы білімді, өмірден өз орындарын тапты деп есептеуге болады. Үйде жолдасыма жар, ұл-қызыма ана, немерелеріме әже екенімді ұмытпаймын. Сәмет те өнерлі жан. Кейде отырыс-жиындарда қосылып ән шырқағанда таңдай қақтырмасақ та, біреулерді таңырқататынымыз анық.
– Ән демекші, бір кездері өзіңізге арналған ән шыққан деп естиміз. Ол әннің шығу тарихы қандай?
– (күліп) Иә, «О, Мәрия!» деген әннің маған арналғанырас. Қуаныш Айтахановтың кезінде «Сайрам таланттары» деген өнер фестивалі әр жылы өтетін. Бірнеше номинация бойынша кіл өнерлілер бақ сынайтын. Осындай бір байқауда тұңғыш рет сахна төрінде «О, Мәрия!» әні шырқалды. Бұл әннің авторы ағам, дәрігер-жазушы Ерсін Қойбағаров болса, әні Оңтүстікке танымал композитор Бағдат Алтайдыкі. Кейін ән көпшілік арасына тез таралып, Мәрияның танымал болуына елеулі үлес қосты. Бұл үшін Ерсін ағам мен Бағдат ініме айтар алғысым шексіз.
– Жалпы, ауданда әкімдік қызметтегі басқа да лауазымды орындардағы әйелдердің үлес салмағы қалай, олардың қайсысын бағалайсыз?
– Әр кезеңде ер жүрек қыздар, іскер әйелдер болып тұрған, бола береді де. Құтарыс ауылдық округінің әкімі Ұлданай Тәжітаева — ұзақ жылдан бері туған ауылының тасын өрге сүйреп жүрген жан. Аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Оразкүл Бүкірова кезінде Ақсукент, Сайрам ауылдық округтерінің әкімі, аудан әкімінің орынбасары болған. Білім бөлімінің бастығы Динра Айкөзова да — жастығына қарамастан жігерлігін танытып жүрген басшы. Медицина, білім салалрында, әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде де тәжірибелі әйел кадрлар көп. Олар — өздеріне жүктелген жауапкершілікті жете сезіне білетіндер. Барлығы да — бағалауға тұратын жандар. Аудан әкімі Уәлихан Анарбайұлына рахмет, әрдайым әйел кадрларға қолдау көрсетіп, тиісті жерінде өзгелерге өнеге тұтып жүреді.
– Әңгімеңізге рахмет, Тассайдың табыстарын тасқындата беруіңізге тілектеспіз!
Сұхбатты жүргізген
Ердәулет Сұлтан.